Пантеонға кім жатады? Ұлу етін жедің бе? Эйфель неге жабық?

Пантеонға кім жатады? Ұлу етін жедің бе? Эйфель неге жабық?
Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Almaty-akshamy.kz сайтында бүгін жарық көрген жаңалықтарға шолу – күн керуені

Тоқаев – Путин кездесуі

Екі елдің басшысы өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.

«Бұл – біздің жаңа жылдағы алғашқы кездесуіміз, Владимир Владимирович. Біз бәріміз Ресейде 17 наурызда өтетін президент сайлауын күтіп отырмыз. Түпкілікті нәтиженің ойдағыдай боларына күмәніміз жоқ. Өйткені Ресей Сіздің беделді басшылығыңызбен таңқаларлық табысқа қол жеткізіп келеді. Шын мәнінде, Сіз өз мәлімдемелеріңізбен, іс-әрекетіңізбен жаһандық күн тәртібін қалыптастырасыз. Бұл біздің ынтымақтастығымызға және Сіздің былтыр қараша айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Менің ойымша, қос тарап, екі елдің үкіметтері аталған уағдаластықтарды табысты жүзеге асырып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар», деді Қазақстан Президенті.

Алақанмен ақша төлеуге болады

Қазақстандық өнертапқыштар ойлап тапқан «Alaqan» төлем жүйесі адамның алақанындағы биометриялық жүйені сканерлеу арқылы жұмыс істейді. Тұтынушы AppStore немесе PlayMarket  арқылы «Alaqan» қосымшасын жүктей алады. Қосымшаға өзінің банк картасын тіркеп, тиісті терминалда төлем жасау мүмкіндігіне ие болады.

«Бұл – көзге көрінбейтін биометрия. Жасанды интеллект алақаныңыздағы қан тамырларын айқын көреді, сурет немесе көшірме нұсқалардан төлем алмайды», - дейді «Alaqan tehnologies» ЖШС директоры Қанат Сәренбаев.

Пантеонда 4 орын қалды

Сол 4 орынға кім жататынын шешу үшін Ұлттық пантеон туралы ереженің жаңа редакциясы жарияланды. Ол бойынша президенттердің отбасы мүшелерін, мемлекеттік хатшыларды, Конституциялық кеңестің төрағаларын, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" ордендерінің иегерлерін алып тастау ұсынылады.

Түсіндірме жазбада бұл Қазақстанның тұңғыш президенті туралы заңның күші жойылғанына байланысты жасалып отырғаны айтылған.

Таңбаланған жарнама

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева онлайн-жарнаманы таңбалау қағидаларын бекіту туралы бұйрыққа қол қойды. Таңбалау оны сәйкестендіру мүмкіндігімен мәтіндік форматта жүзеге асырылуы керек. Егер онлайн-жарнама дыбыстық немесе аудиокөрнекі нысанда таратылған және орналастырылған болса, таңбалау онлайн-жарнаманың алдында жүзеге асырылуға тиіс. Яғни таңбалауда орналастырылған материалдың жарнама екендігі туралы мәтіндік нұсқама болуы шарт.

Су саласына маманданған ЖОО құрылуы мүмкін

Президенттің кеңесшісі Қанат Бозымбаев «Global Water» атты су үнемдеу технологияларына арналған бірінші халықаралық форумда осы туралы мәлім етті.

«Бұл мәселеде халықаралық тәжрибені ескеру өте маңызды. Өкінішке қарай, біздегі су саласын ғылыми зерттеу жағы шетелмен салыстырғанда бірталай артта қалған. Қазір бізге бұл салада сапалы мамандар бұрын болмаған деңгейде қажет. Еліміздегі базалық жоғары оқу орындарының бірін таза су тақырыбына маманданған университет етіп қалпына келтіру мәселесі қаралып жатыр», - деді Президент кеңесшісі.

Әулиеатаға бардың ба, ұлу етін жедің бе?..

Жамбыл облысы Орталық Азия бойынша ұлу етін өсіретін алғаш өңір атанбақ. Итальяндық «Lumacheria Italiana» компаниясы Жамбыл облысында биылғы жылы өнеркәсіптік мақсатта ұлу өсіруді қолға алуды жоспарлап отыр. Жалпы, косметологияда ұлулар шығаратын қабық пен кілегей шырыш қолданылады. Ал, ұлу еті – бұл ерекше өнім және ол әлем елдерінде үлкен сұранысқа ие. «Lumacheria Italiana» компаниясы ұлулар өндірісінде әлемде көш бастап тұр.

Қазақстан қызылшаның таралуынан бірінші орында тұр

Қызылшаны вакцинамен тоқтатуға болады. Бірақ бүгінде Қазақстанда вакцинамен басқарылатын инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық бақылау жағынан жүйелі кемшіліктер бар. Оны денсаулық министрі де мойындап отыр. Осы орайда Әлназарова инфекциялық ауруларды болжамдау және бақылау жүйесін күшейту үшін бірқатар шараларды атқару қажет деп санайды.

Рамазан келе жатыр!

Шариғат және пәтуа бөлімі бекіткен күнтізбеге сәйкес, Рамазан айы 11 наурызда басталады. Қадір түні 5 сәуірден 6 сәуірге қараған түнге түсіп тұр. Ораза айт – 10 сәуір. Ал Құрбан айттың бірінші күні 17 маусымға келеді.

Эйфель неге жабылды?

Ескерткіштің басшыларына қарсы шыққан Эйфель мұнарасының қызметкерлері билет құнының өсуіне сәйкес жалақыны да көтеруді талап етіп отыр.

Эйфель мұнарасы 19 ақпаннан бастап жабылған. Туристік орын осы апта бойы келушілерді қабылдамауы мүмкін. Әзірше мұнараға көтерілу мүмкін емес. Электрондық билеттері бар адамдар қосымша ақпарат алу үшін электрондық пошталарын тексерулері керек.

 «Дәстүрден» озған «Міржақып»

«Міржақып. Оян, қазақ!» Ticketon Awards сыйлығының алдын ала дауыс беру нәтижесі бойынша «Дәстүрді» басып озды. Қазақтың тарихи драмасы «Міржақып. Оян, қазақ!» дауыс берудің алдын ала қорытындысы бойынша ол «Отандық жыл фильмі» номинациясында 1424 дауыс жинады. Ол 625 дауыстың жартысына жуық дауыс жинаған сенсациялық қазақстандық «Дәстүр» қорқынышты фильмін басып озды.  

Деректер қолды болған ба?

"БЖЗҚ" АҚ  GitHub сайтындағы құжаттарға белгісіз тұлғалар орналастырған қазақстандықтардың дербес деректерінің БЖЗҚ дерекқорынан шығуы туралы желіде таралған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні туралы ресми мәлімдеме жасайды. БЖЗҚ қауіпсіздік қызметі GitHub сайтында орналастырылған деректерге егжей-тегжейлі талдау жүргізді. Нәтижесінде, жарияланған каталогта enpf.kz сайтының сипаттамасы ғана көрсетілгені анықталды. Бұл сайт ашық ақпарат көзі болып табылады және онда салымшылар мен алушылардың дербес деректері жоқ.

Кибер-келешек

Елімізде 5-8 жастағы балалардың 45%-ы интернет қолданады.

«ЮНИСЕФ-тің жаһандық есебінде әлемдегі әрбір үшінші интернет қолданушысы бала делінген. Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп былтыр Қазақстандағы балалардың онлайн-қауіпсіздігі мен тәжірибесі бойынша зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде Қазақстанда балалар интернетке бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен және ерте жастан қосылатынын анықтадық. Зерттеуге сәйкес, балалардың 45%-ы интернетке 5-8 жасында, ал балалардың 5%-ы одан да ерте - 4 және одан кіші жаста қосылады», - деді ЮНИСЕФ-тің балалық шақты қорғау бағдарламаларының жетекшісі Айсұлу Бекмұса.