Ğalam

Ğalam
almaty-akshamy.kz

Жас суретшінің картиналары отбасы құндылықтарын дәріптейді

Жас та болса өзіндік қолтаңбасы қалыптасып үлгерген суретші Нұрболат Асқардың картиналары адамды бірден баурап алады екен. Оған Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде ашылған ĞALAM деп айдар тағылған жеке көрмесіне барғанда көзіміз жетті. Несімен баурап алады? Сол туралы аз-кем тарқатайық.

ĞALAM

Өмір болған соң кей-кейде жанымызды мұң басып, көңілімізге сәтсіздіктердің көлеңкесі түсіп, жабырқап қалатынымыз бар. Ал ондай сәттерде өнер деген құдіреттің де жан-дүниеңізге шуақ себетін кездері болады. Нұрболаттың ĞALAM-ы сіздің жан дүниеңіздің ішкі қылдарын нәзік қана шертіп өтері сөзсіз. Әлдебір күйге бөлеп, тіпті қолмен ұстай алмайтын шабыт сыйлауы мүмкін. Демек, ĞALAM жәй ғана көрме емес, ол – адамның ішкі ғаламы. Иә, жас суретшінің туындыларында күнделікті өмірдің жан тебірентерлік сұлулығы, күн сайын кездесетін жаңа эмоциялар мен алуан түрлі мезеттер бейнеленген. Бәрінде де жұмсақ жылы түстер басым.

БОЯУ

– Суретшінің елуге тарта туындысының басын біріктірген көрмесі отбасы және ондағы жылы атмосфера, күнделікті тұрмыс-тіршіліктің бір қалыпты тербелісі, тыныштығы, әсем табиғат сынды көптеген тақырыпты қамтиды. Автор бейнелі кескіндеме мен импрессионизмнің үйлесімін сәтті қолданған. Ол көбіне қанық контрасттар мен жылы реңктерді байланыстыру арқылы сүйікті мотивтерімен эксперимент жасап, түс қарқындылығын арттыруға тырысады. Жас суретші бояудың бай тілін шебер меңгерген. Оның кескіндемесі түстердің мерекесі десек те жарасады, онда әрбір реңк бір-бірімен байланысып, бірегей және үйлесімді композицияларды құрайды. Суретші колоритінің байлығы оның шығармаларын көріктендіріп қана қоймайды, сонымен қатар түрлі сезімдерді, көңіл-күйді жеткізіп, әр туындыға ерекше қуат береді, – дейді өнертанушы, көрме кураторы Самал Мамытова.

ЖЫЛУ

Иә, суретші үшін отбасы деген – бұл махаббат, жеңіс және адамдардың рухани байлығы. Оның «Ошақ», «Ана мен бала», «Немере», «Ақ дастархан», «Төртеу» «Әңгіме», «Ою», «Талтүс» және басқа да жұмыстары отбасы құндылықтарын мың бояумен бедерлейді. Ондағы жұмсақ түстер жайлылық пен жылулықты беріп қана қоймай, адамдардың бір-бірімен рухани байланысын, бір-біріне деген ықыласын ашып көрсетеді.

Ошақ басындағы қазаны оттан түспейтін ана, оның айналасынан шықпай, жылулықтан ләззат алып жүрген ойын баласы; сәкіде шынтақтап жатқан мейірімді әке, тізесіне басын қойып алаңсыз жатқан ұлы; ақшамдағы қоңыр кеш; тіпті есіктен түскен жап-жарық сәуленің өзі барлық береке осы бір ғана отбасы тақырыбының айналасында үстемдік құрып тұрғандай.


КӨРМЕ

Боямасыз өмірден өрілген осындай шынайы бейнелерді кенеп бетіне бедерлеген жас суретшінің әр картинасының айтары, өз тілі бар. Қарапайым сюжеттерге жан бітірген суреттердің өзінен өмір мен болмысты, философиялық толғаныстарды байқауға болады. Оның шығармашылық философиясы көрерменін әсемдігімен ғана таң қалдырып қоймай, бейне бір жеке саяхат пен рефлексияға шақыратындай.

Айтпақшы, «Шабыт» халықаралық фестивалінің гран-при жүлдегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Нұрболат Асқардың бұған дейінгі көрмелері Астанада, Өзбекстанда, Ресейде, Италияда, Үндістанда өткен. Картиналарын еліміздің бірқатар музейлерінен кезіктіруге болады. Тіпті, Америка, Швейцарияда жеке коллекцияларда сақтаулы туындылары да бар.

МАХАББАТ

– Мені шаңырақ шаттығы, ошақ жылуы, күн сәулесі, жылылық, махаббат, сүйіспеншілік, татулық, береке-бірлік сынды құндылықтар, қазақы болмысымыз, салт-дәстүріміз қызықтырады. Көбіне жанға жылулық беретін, көзге іліне, түсе бермейтін фрагменттерді жазғанды жақсы көремін. Өзім көріп жүрген шынайы дүниелерді саламын. Сондықтан көрмеме келген жандар картиналарымнан өздерін көре алса деймін. Шығармашылығымда түстерге қатты мән беремін. Өйткені түстер адамға жақсы көңіл күй сыйлайды деп білемін, – дейді Нұрболат Асқар.

Суретші Нұрболат Асқардың қылқаламынан туындаған әлемі мен ғаламына саяхат жасап, жаңа эмоцияларға бөлену мүмкіндігін жіберіп алмаңыздар. Бұл көрме барлық өнерсүйер қауым үшін шабыт көзі болары сөзсіз. Көрмені көруге асығыңыздар, аталмыш музей төрінде 25 ақпанға дейін тұрады.