Ашық аспан астындағы цирк

Ашық аспан астындағы цирк

Алматыда Қала күнін мерекелеу аясында Қазақ мемлекеттік циркінің «Ашық аспан астындағы цирк» атты бірегей шоуы өтті.

Сахнада Гран-при иегерлері мен халықаралық цирк өнері фестивалінің алтын жүлдегерлері өнер көрсетті. Шоу бағдарламасында трапеция нөмірлері, әуе гамагындағы гимнастика, акробатика, жонглерлер, сайқымазақтар және өзге де келген қауымды қызықтырған нөмірлер болды.

– «Ашық аспан астындағы цирк» шоуы осымен қатарынан 2 жыл өтіп отыр. Мерекелік шара Қала күніне орай ұйымдастырылды. Негізінен, ашық аспан астында өнер көрсету әртістер үшін оңай емес. Өйткені, манеж үстінде қажетті құрал-жабдықтар орнатылса, ал ашық далада олардың барлығы бола бермейді. Дегенмен, біздің әртістеріміз жан-жақты болуға үйреніп келеді. Сондықтан біз үшін бұл жоба қажет. Бүгінгі шоуда қауіпті трюктер де көрсетіледі. Ел аузында «Батылдық дөңгелегі» аталған құрылымда акробаттарымыз өнер көрсетеді, – деді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жаиков.

Сондай-ақ, Мақсат Маратбекұлы таяуда өткен халықаралық жарыстан алматылық акробатшылардың жүлде алғаны туралы пікір білдірді.

– 14–17 қыркүйек арасында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында 2-ші халықаралық цирк фестивалі өтті. Бұл әлемдегі ең үздік фестивальдердің бірі. Цирк әлемінің олимпиадасы деуге болады. Онда 16 елден барлығы 200-ге жуық әртіс қатысты. Фестиваль қорытындысы бойынша «Қос мачтадағы акробаттар» нөмірін орындаған Hassak тобы қола жүлдеге ие болды. Бұл Алматы циркі мен жалпы еліміз үшін үлкен жетістік. Болашақ жоспарларымызға келетін болсақ, біз циркті 2 деңгейге бөлеміз: республикалық және халықаралық. Республикалық бағыт бойынша біз өз көрермендерімізге, қала тұрғындары мен қонақтарына әртүрлі шоулар жасай береміз. Қазір көп жылдардан бері келмеген Саха елінің (Якутия) әртістері келіп, өнерлерін паш етуде.

Сондай-ақ, биыл Алматыда алғаш рет халықаралық цирк фестивалін ұйымдастырдық. Оған 15 елден әртістер қатысты. Бұл бастаманы әрі қарай халықаралық деңгейде дамыта беру жоспарымызда бар, фестиваль келесі жылы жалғасын таппақ. Монте-Карлода 46 жыл қатарынан фестиваль ұйымдастырылып келеді, ал біздің 50 жылдық тарихымызда бұл бірінші рет болды. Сондықтан оны дәстүрлі үрдіске айналдырып, қазақ цирк өнерін дамыту, халықаралық қатынастарды дамыту жоспарда бар, – деді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры.