Түнгі Алматыға Абай ескерткіші әр беріп тұр

Түнгі Алматыға Абай ескерткіші әр беріп тұр
Суреттер: О.Жолдыбай

Абай - қазақтың жол бастаушы шамшырағы.

Бүгін - ұлы ақынның туған күні. Осыған байланысты түнгі Алматының әсем орындарын түсіруді Абай ескерткішіне арнадым. Қазақ халқының ойшылы, жазба әдебиетіміздің негізін салушының есімімен аталатын алаңға бардым. Алғашқы фотосуретті сол маңнан бастадым. Түнгі Алматыда жарқ-жұрқ еткен шамдар бәрі ғажайып үйлесім тапқан. Көрсең, көз тояды. Сондай керемет, сондай әсем.

Әдейі Абай даңғылымен жүрдім. Астымда велосипед. Әсіресе, түнгі кезде шаһарды араласаңыз, ерекше сезімге бөленесіз. Кісі қарасы көп. Ата-аналар балаларымен бірге серуен құруда. Бір сәт қарбалас тірліктен бой жазып, арасында қаланы жаяу аралағанға не жетсін. Салқын самал, кеудені керген таза ауа бәрі-бәрі әсерлі көңіл-күй сыйлап жанды рахат сезімге бөлейді. Негізі көбіміз, өзіміз ғұмыр кешіп жатқан қаламыздың көрікті жерлеріне онша зейін қоя бермейміз. Сондықтан болар, сырттан қонақ болып келгендер, саяхаттаушылар үшін Алматы ғажайып болып көрінеді. Олармен толықтай келісемін.

Абай атамыздың мұраларын бала кезімізден оқып, өлеңдерін жаттап өстік. Әрбір айтқан философиялық ойлары бүгінгі заманмен үндесіп тұр. Еш көмескіленбеген. Қайта уақыттың ағымымен, өзектілігі қоюлана түсті. Біз түгілі, шет елдерде ақынның ойларын өздеріне аударғанын, оқта-текте ғаламтаор арқылы естіп, бліп жүрміз. Хош! Әлем ұлықтаған ұлы тұлға жайлы айтып, көңілдің қылын шертіскенді біздерде жөн санаудамыз. 

Даныш Абайдың Алматыдағы ескерткішін Х.Наурызбаев деген мүсінші жасапты. Өткен XX ғасырдың екінші ширегінде қоладан құйылсада еш ескірмеген. Дәп сол қалпын сақтай алған. Биіктігі 13 метрден асатын көрінеді.

Ескерткішті барлық қырынан суретке тартым, фоторепортаж жасауға тырыстым. Күндіз, мұнда келіп гүл шоқтарын қойып, тағызым жасағаны байқалады. Қортыта айтқанда халқымыздың бас ақыны әрі көсем сөз шеберіне қанша гүл шоқтарын қойып,  мың мәрте тағызым жасасада артық етпейді. Абай қазақтың руханият реформаторы болып қала бермек.

Ал біздер тұрақты жүргізіп келе жатқан түнгі шаһардың көрікті жерлеріне саяхаттауды әрмен қарай жалғастырудан танбаймыз. Алып мегаполис таңғажайыпқа толы. Бұл жерде тарихи һәм мәдени ескерткіштер молынан. Бұйырса, осы бағытта біршама шаруа істелуді көздеп, үйге оралдым.