«Ұлы дала аңыздары» бізге картиналар арқылы сыр айтады

«Ұлы дала аңыздары» бізге картиналар арқылы сыр айтады
almaty-akshamy.kz

Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде суретші Мәжит Бәйтеновтің 75 жылдығына орай «Ұлы дала аңыздары» атты көрме ашылды. Онда суретшінің 75 кескіндемелік туындысы ұсынылды. Олар қылқалам шеберінің Тәуелсіздік жылдарынан кейінгі, басым бөлігі кейінгі бес жылдықтағы шығармашылығының бір парасы.

Тақырыбы айтып тұрғандай, картиналарда ұлы даланың аңыздары, ұлттық ерекшеліктеріміз бен дәстүрлі дүниетанымымыз автордың көзқарасы арқылы суреттелген. Суретшінің авторлық қолтаңбасына түстік түзілімінің қанықтығы, жазықтықтың нұсқалық түрленуі, фактуралық үйлесім, стилизация және пішіндердің трансформациялануы тән. Шебердің «түрленуден қорықпаймын» деген қанатты сөзі жаңа эксперименттерге дайындығын және ішкі көпқырлы ұмтылысын көрсетсе керек. 

Мәжит Байтенов суретші-график, кескіндемеші, өнертану доценті, С.Сейфуллин атындағы КазАТУ профессоры, ҚР Көркемсурет академиясының академигі, ҚР Суретшілер одағының және Халықаралық Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі. Алматы қаласындағы Н.Гоголь  атындағы көркемсурет училищесін (қазір О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі) бітірген ол шығармашылық ғұмырының біраз жылын Қарағанды қаласында өткізген. 1965-69 жылдар аралығында В.Лебедев, А.Бортников және Б.Тәбиев сынды озат суретшілерден дәріс алған. 1976 жылдан КСРО Суретшілер одағының мүшесі. 1972 жылдан көптеген халықаралық, республикалық көрмелердің қатысушысы, 2005 жылы Қастеев музейінде «Балбалтас» және 2019 жылы «Ұлы дала сыры» атты жеке шығармашылық көрмесін өткізген болатын.

– Мәжит Байтенов – еліміздің аға буын суретшілері арасында қазақ өнеріне өнегелі үлес қосып жүрген, дамылсыз еңбек етуден жалықпайтын нағыз ізденісшіл қылқалам шебері. Оның көрмеге қойылған «Күлтегін», «Азиямен қауышу», «Жағажайдағы демалыс», «Сәукеле», «Қобызшы» және тағы басқа туындылары кескіндемелік сызықтар мен таңбалық сызықтар арқылы түрлі бояулы жағындылармен ізденген кескіндемелі қолтаңбаны байқайсыздар. Мысалы, «Азиямен қауышу» туындысында таңбалық жағындылар арқылы тақырыптық сұлбаларды енгізген. Бір қарағанда түсініксіз болып көрінетін туындылары суретшінің қалыптасқан кубизмдік стилінің таңбалық-сызықтық әдіске трансформацияланғанын байқауға болады, – дейді көрме жетекшісі Ақжігіт Нүсіп.

«СЕРУЕН» картинасы ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысын суреттейді. Көз алдымызда әйел мен бұқа бейнеленген, ал арғы планда үйлер, басқа да адамдардың сұлбасы. Бұл жерде бұқа табандылық пен шыдамдылық символикасын білдіреді.

«БАҚСЫ» туындысы да ерекше шыққан. Ертеде қазақ өмірінде  бақсылар үлкен рөл атқарған. Олардың негізгі қызметі адамдарға, қоғамға төніп тұрған қауіп-қатер, бәле-жаланың алдын алу болған. Суретші сол заманның келбетін көз алдыңызға әкеледі.

«ДАЛА АРУЫНДА» ошағын маздата жағып, айналасына жылу, шуақ шашып отырған бойжеткеннің бейнесі сәтті берілген. Үй іші ашық түстерге толы, сондықтан болар, сурет те болса үй иесінің энергетикасы сезілетіндей. Біздің қазақ ежелден қонақжайлылық дәстүрін қатты құрметтеген. Картинадағы кейіпкердің де есігі меймандарға әрдайым ашық екенін байқауға болады.

 «ҚЫМЫЗ» картинасында қазақ әйелі көшпелі ғұмыр кешкен халықтың дәстүрлі тағамы – қымыз дайындап жатыр. Биенің сүтінен дайындалатын бұл сусынды Геродот көшпенді тайпалардың ең сүйікті және ең шипалы сусыны деп бағаласа, белгілі саяхатшы Марко Поло қымызды ақ шараптың дәміне теңеген.

«КЕРУЕН» туындысында түйелерді көреміз. Түйелер – Жібек жолы арқылы өткен ежелгі өзара сауда қарым-қатынасын дамытуда елеулі үлес қосқан киелі жануар. Олар алыс жолға, қиындыққа, шөлге төзімді келеді. Сондықтан да саудагерлер мен саяхатшылардың ең сенімді серігі түйелер болған. Әрі оларды Жібек жолын жарып өткен кемелер деп тегін әспеттемеген. Суретші де сол заманның тынысын осы түйелер арқылы көрсеткен.

 Мәжит Байтенов ескі мен жаңаның арасындағы көпір секілді дейді көрменің ашылуында сөз сөйлеген әріптестері. Суретші қалыптасқан қолтаңбасы арқылы ұлы даладағы аңыздарды, философиялық ойларды және рухани үдерістерді кенеп бетіне түсіруден жалыққан емес. Ұлттық нақыштағы терең философиялық және шығармашылық ізденіске толы әлемі, кенеп бетіне бедерленген жарқын бояулар мен түркі әлемінің таңбалары көрмеден осылайша орын тапты.

Көрмені ақпанның 11-не дейін тамашалай аласыздар.