Өнер де балаларды жақсылыққа үндейді

Өнер де балаларды жақсылыққа үндейді
almaty-akshamy.kz

    «Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығы» халықаралық байқауы аясында, халық суретшісінің атын иеленген Мемлекеттік музейде балалар шығармашылығы көрмесі ұйымдастырылды. Онда мүсін, анимация және сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылды. Қатысушылар балаң картиналарын халық суретшісінің өнерін зерделеп, шығармаларынан шабыт алып, әр түрлі техника қолдану арқылы бейнелеген.

    Байқау бастамашысы – Әбілхан Қастеев атындағы бейнелеу өнері және дизайн мектебінің ұжымы. Аталған мектеп сонау 1981 жылы құрылған. Қазіргі уақытта мектепте «Бейнелеу өнері» және «Техника және дизайн» деген екі бөлім жұмыс істейді. 30 жылдан астам уақыт ішінде өнер мектебі 100-ден астам конкурстық жобаларға белсенді қатысқан. Бұл ізді қазір де жалғап келеді.

    Мектеп жыл сайынғы Республикалық пленэр-мастер-класс өткізудің бастамашысы болып отырады. Онда Қазақстан Республикасы мен шетелдің танымал бейнелеу және қолданбалы өнер шеберлері балалар үшін шеберлік һәм шығармашылық сабақтары өткізіліп тұрады.

    Халықаралық көрмеге 500-ден астам жұмыс ұсынылды, онда еліміздің барлық аймағы мен көршілес елдерден тілек білдірген өрендер қатысты. Өнер де жас ұрпақты жақсылыққа, адамгершілік қасиеттерге баулитынын ескерсек, бізді өнерді қадірлейтін, жаны нәзік, сурет салуға құмар балалардың көптігі қуантты.