Қазақ елінің тағдыры ғылымға тікелей байланысты

Қазақ елінің тағдыры ғылымға тікелей байланысты
Сурет ашық дерек көзінен алынды

Әрбір дамыған елдің негізгі бағыты – әділетті қоғам. Осы мүдде төңірегінде топтасады. Болашақта атқарар істерін бағамдап отырады. Біздің де өз жолымыз бар. Ұлы мақсатқа қарай қадам басып барамыз.

Елімізде әлеумет пен әлеуетітің жай-күйін біліп, зерделеп жүрген ғалымдар жетерлік. Өйткені ғалым өткенді біледі, бүгінгі жағдайды түйсінеді, келешекті бағамдайды. Сондықтан Саясаттану орталығының директоры, саяси сарапшы Айдар ӘМРЕБАЕВПЕН сұхбат құрған болатынбыз.

- Бұл жолғы Жолдаудың мән-маңызына тоқталып өтсеңіз…

- Қазақстанда жыл сайын Мемлекет басшысы өз Жолдауын жариялайды. Бұл саяси дәстүрге де айналды. Әрине батыстан тамыр тартатын қалыптасқан үрдіс. «Қаңтар оқиғасы» өткеннен кейін Ата заңға жаңа саяси, құқықтық өзгерістер енгізілді. Президент, Парламент, Мәслихат сайлаулары өтті. Бұнымен шектелмей, әлеуметтік экономикалық мәселелерге бет бұрылды. Биылғы Жолдау толығымен экономикаға арналды.

Елде «мықты Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» дейтін биліктің үш тармағын біркелкіге келтіруге күш салынып келеді. Президентіміздің осы ұстанымды әрі қарай жалғастыру үстінде. Бұрын Президент әкімшілігі, атқарушы биліктен жоғары тұратын. Енді оның құрылымы өзгерді. Бұдан былай министрліктердің өз саласына жауапкершілігі күшейді. Стратегиялық шешімдер қабылдайтын болады. Соның арқасында Президент пен Парламентке министрлік әлеуметтік экономикалық және т.б. саладағы істері үшін жауап беретін болады.

Су мәселесі Орта Азияға өзекті болғалы тұр. Жамбыл облысындағы бұрынғы гидрологиялық жоғарғы оқу орнын болмашы бірнәрсеге айналдырып алдық. Бұйырса осындай бірқатар істер қайта жанданатын шығар. Үміт зор. Ең негізгісі айту ғана емес, әр тапсырманың қалай орындалғанын қадағалау болып табылады.

- Қазақи кадр қажет пе?

- Әлбетте! Тереңнен қаузайын. Баяғыда бір жағдай бола қалса, министрлік пен әкімшілік бір-біріне сілтейтін. Құдды доп тепкен футбол ойыны болатын. Елге жас мамандар, білімді азаматтар келіп жатыр. Осы жандардың көбі шетте оқыған, ешқандай былыққа былғанбағандар. Президенттік резервтегілерге мүмкіндік берген дұрыс. Министрліктің жұмысын дұрыс атқара алу үшін, жанында кеңесші-сарапшы топ құрылуы қажет.  Жүйеміз кеңестік кезеңнен өтіп, дербестік алған шақта қалыптасып, бүгінгі заманауи уақытқа жетті. Әлгі жас кадрлармен дұрыстап тұрып айналысқан жөн. Әлгінде мақтап өттік. Енді медальдің екінші жағына зер салайық. Кейбірі шетелден бітіріп келеді де, Қазақ елінің жағдайын білмей жатады. Мәселен индустрия саласында істейтін болса, зауыттан бастап істесе, былайша айтқанда есігінің қай жерден ашылатын білсе дейміз. Кеңестік кезеңнің жақсы тұстарына бар-тұғын. Яки, министр болу үшін сол саланың барша этаптарынан сатылап өтіп, тәжірибелі маман болуы керек еді. Тағы бір мысал ауылшаруашылығы министрі боламын десе, ауылдың жағдайын біліп, малшаруашылығында, шаруашылықта істеп, тауық пен сиырды ажырата алатын ахуалға жететін. Өткен жолы жап-жас қыз Зүлфия Сүлейменоваға Экология және табиғи ресурстар ведомствосын басқартып қойып еді. Шынын айту керек оған шамасы жетпеді. Абай облысындағы Семей орманы өрті кезінде жылап қалды. Сондай-ақ киіктер проблемаларымен алысты. Әйтеуір сол жастар үлкен лауазымда бірнеше ай ғана отырды. Осы жағын да реттеген абзал.

Саяси сарапшы ретіндегі негізгі ой ол – билік тұрақтылығы. Әр жарты жыл сайын ауыстыра бергеннен ештеңе ұтпаспыз. Министрдің 3-5 жылдық бағдарламасы болуы керек. Оны Парламентпен кеңесіп, талқылап бекітсе дейміз. Сөйтіп мүмкіншілік берейік. Белгіленген мерзім аяқталған соң Парламентке жауап берсе болады. Министр уағында ұсынған істердің қай бөлігін орындағанын, кейбір қырына ептілік таныта алмағанын ашып айтсын. Біздің ғылым, білім саласында қаншама басшы болды. Әр министрдің жұмыс істейтін мерзімі 1-2 жылдан аспай қалды. Қысқа мерзімде не істей аласыз?! Ең бастысы халыққа жақын болып, мұң-мұқтажын ескеріп отыру шарт. Халық болмаса министр жоқ. Осы жағын түсінсе, сонда ғана іс өнеді.

Ғылымға қаржыны аямау қажет

- Ғалымдар, сарапшылар «Ғылым туралы» заңды қайта қабылдап, ҰҒА дұрыстап құрған абзал деп жиі айтады. Жалпы ғылымның жағдайы қалай?

- Ғылымсыз даму болмайды. Ғылымға жағдай жасалмаса қоғам мен мемлекетте тоқырау басталады. Елдің тағдыры білім, ғылымға тікелей байланысты. Қазір екі түрлі Ғылым академиясы қалыптасты. Солардың басын біріктіріп Президентке тікелей бағынатын мекеме етіп, статусын айқындаған жөн. Ел басшысы, зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, ғалымдарды жинап, қазақ ғылымы болашақта не істейді, не қояды деген сауалға жауап іздеп, ақылдасса нұр үстіне нұр. Академиға жеке бюджет беріп, институттарды құрамына қайтарып, институционалды, функцияналды һәм стратегиялық бағыттарын анықтағаны дұрыс болар еді.

Университет жағдайы алаңдатады. Оған зерттеу университеті дегенді таңып қойдық. ЖОО оқытушылары  ғылыми зерттеумен шұғылданған түгілі, сабақтан бас алмайды. Бітпейтін құжат толтырып әуреленіп шаршайды. Университет қабырғасындағы мұғалімдерге ғылыммен айналыс деген талап қойған дұрыс емес. Оған оқытушы-профессорлар әлеуметтік жағдайы, зертханасы һәм уақыты жоқ.

Академиялық және қолданбалы ізденістерді бөліп қарастырайық. Академиялық фундаменталды зерттеулер - 10-20 қала берді 50-100 жылды қажет етеді. Үлкен деңгейде ұзақ мерзімді стратегиялық ғылыми бағдарламалар қажет. Бұл Ұлыбритания бар процесс. Ұзақ мерзімді жобалардан ертең нәтижелерін сұрауға болмайды. Мысалға философтар 3 айда қандай нақты ұсыныс бере қояды. Пәлсапа мамандары жалпы тенденциясыны, қоғамның даму бағыттарын, кеше, бүгін, ертең деген сауалдарға жауап іздейді. Ал қолданбалы зерттеулерді 3-5 жылдың ішінде бітіріп, қолданысқа беруге болады. Осы екі ұсынысты тездетіп шешсек екен.

Ғылымды тексере беруді тоқтайық

- Ғалымдарды үздіксіз тексере бергені ғылымды тұралатып, мұның арты ғылыми кадр тапшылығына әкеліп соқтырмай ма?

- Ғалымның жазған-сызған еңбегі жоғарыдан бақыланады. Әр саланы меңгеру ол – қиынға түседі. Қайсысы дұрыс немесе бұрыстығын ғалымның өзі айтсын. Әр ғалым 100 кісіге татиды. Ғалым шығармашылық адамы. Оны зауыттағы жұмысшы қатарында қарастыру дұрыс емес. Мемлекет әрбір ғылыми қызметкерді інжу-маржан сияқты сақтап отырғаны абзал.  Мемлекет басты құндылығы  адам капиталы болса, негізгі өзегі ол – ғылыми кадр.

Antikor, мониторинг, бітпейтін комиссияны ғылым адамдарына жақындатуға болмайды. Ғалымдарды аялап ұстап, қадірлеу керек. Олар балауыз сияқты. Әртүрлі сылтаумен тисе берсек, ғылымның шырағданы сөнеді. Ғалымдарын жойған ел, болашағына балта шапқанмен бірдей. Ғылымды түртпектеу, 3-6 ай сайын, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде есеп сұрау, «Скопус» талап ету, әлемде жоқ процес. Бұл ұят іс.

Ғалымнан күндіз-түні не істедің, не бердің дей берсе, олардың мекемесін АҚ, ЖШС сияқты түрлі себеппен бөле берсе, ғылым құрдымға кетеді. Осы күні ғылым десе жастар шошып қашатын деңгейге түстік. Көп маман шетелге кетіп жатыр. Қаракөздеріміз Apple сынды алпауыт компанияда жұмыс істеп жүр. Қазақ жерінде жастарға мүмкіншілік жасасақ, идеясын, білімін елге жұмсар еді.

Дүниежүзілік тәжірибедегі игі тенденцияларды өзімізге енгізейік. Бірде Сингапурда болдым. Біздің жиынға сол елдің Премьер-министрі ноутбугін алып келіп қатысты. Жанында көмекші бар. Өзі қарапайым екен. Сонда әр ғалымнан цифрлық дамудың болашағын, оның мемлекетке тигізер пайдасын сұрады. Әрқайсымыз лауазымды кісімен бірлесіп ой-пікірімізді ортаға салдық. Ол өзіне жазып алып кетті. Содан кейін қала мемлекет Сингапур дамымай, біз дамимыз ба?! Бізде комитет төрағасы келіп тексерсе, не сұрағанын түсінбейсіз. Парадокс!

- Ұлттық мемлекет қалыптастыру қажет пе?

- Әрине! Кезінде көрнекті ойшыл Аристотельден біреулер «мемлекетті кім басқару керек ? депті. Сонда ғұлама-ғалым «философ басқару қажет!» деген екен. Себебі оның жалпы көзқарасы, ұстанымы, жауапкершілігі бар. Өйткені ол өзін сайлаған жұртына бағынады, халқымен санасады. Уағында Қазақ даласындағы хандарды сайлады ғой. Хан сайланғанда оның дүние-мүлкін «ханталпай» деп ел-жұрт бөліп алатын көрінеді. Сонда хан халқының алдында тек жауапкершілікпен қалады. Би-шешен, ақын-жырау, батырлар да елге танылып көтеріліп отырған. Бұл біздің жүріп өткен төл жолымыз.

Бізге «Қазақ жолы» деген кодекс қабылдау қажет. Оның заңдық күші болғаны жақсы. Әрбір мемлекеттік қызметкер өзінің өткенін біліп, бүгінге сай іс қылып, ертеңгі ұрпақтың қамын ойлап отыруы шарт. Тіпті қойын кітапша ретінде шығарып, ұдайы жанымызда жүрсе артықтық етпейді. «Қазақ жолы» кодексінде ұлттық мемлекет, дәстүр-салт, экономика, философия, әдебиет пен мәдениет бәрі қамтылуы тиіс. Әр саланың маманы бірлессе мұның концепциясын жасап шығуға болады. Қытайда «Бір белдеу, бір жол», Ресейде «Русский мир»,  АҚШ «Американдық арман» деген идеяларды жүзеге асырып жатыр. Бізде өзіміздің жолымызды тез таппасақ, жаһан процесіне жұтылып кетуіміз ықтимал. Қазақ өз ата-діңгегінен айырылмай, заманауи аспектілерді пайдаланып ғұмыр сүрсе өркендейді.