Қазақ киносының бағына біткен тұлға

Қазақ киносының бағына біткен тұлға
almaty-akshamy.kz

Шәкен Аймановтың туғанына – 110 жыл

Көрнекті актер, режиссер Шәкен Айманов 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Айманбұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Кенжетай саятшылығымен аты шыққан, өнерге құмар жан болған. Көрген-білгені, көкейге түйгені көп Кенжетай балаларына жастайынан домбыра үйретіп, ән-күйге, өнерге баулып өсіреді. Басқа бауырларына қарағанда әсіресе Шәкеннің өнерге қабілеті, ынта-ықыласы ерекше болады.

 

Өнер қысып өскен өрен

Әкесі Кенжетай мен туған жездесі, теңдессіз әнші Қали Байжановтан тәрбие ала отырып, ол өзінің әртістік дарынын ерте байқатады. Жастайынан ойын-сауық, жиын-той өткен жерден табылып, ән салып, өлең оқып, жұрт аузына ілігеді. Қара жұмысқа онша бейімі жоқ ерке Шәкен анасы әлдебір шаруаға жұмсаса, аяқастынан ауырған сыңай танытатын болған. Ал қаттырақ ұрысса, ауылдың жанындағы «Серектастың» басына шығып алып, қараптан-қарап отырып жылайтын көрінеді. Бұл қылығын ерсі көріп, баланы тыйып тастамақ болғандарды Кенжетайдың ағасы Аббас: «Тимеңдер оған... Тегін жылап отырған жоқ. Өнер қысып жылап отыр», – деп тоқтатады екен.

Ағайын-туыс арасында осылайша еркін өскен жасөспірім інісін ағасы Қажымұрат 1924 жылы Семейге оқуға алып кетеді. Өзі мұғалім болғандықтан, Шәкенді де мұғалім болсын деп алғашында Казкоммунаға, кейіннен Халық ағарту институтына түсірген. Осы институтта оқып жүрген кезінде Шәкеннің қолынан домбыра мен мандолин түспей, неше түрлі көркемөнер үйірмелеріне қатысып жүреді. Өнерпаз ретінде жарқырай көрініп, кейіннен ел ішіндегі дарынды жастарды театрға тарту үшін Алматыдан арнайы келген жазушы, драматург Ғабит Мүсіреповтің көзіне түседі. Сөйтіп, институттың 3-курсынан оқуын тастап, Алматыдағы кәсіби театрға жол тартады.

Жасөспірім кезінен бірде ән мен күйдің, бірде бидің соңына түсіп, өнер дегенде ішкен асын жерге қойған Шәкен бір кездерде қазақша труппаны былай қойып, орыс труппасының ойынына да қатысқан. Кәсіби өнерге келгеннен кейін де сол ізденімпаздығынан танбаған ол, кешке көпшілік эпизодтарына қатыса жүріп, күндіз театр жанындағы студияда оқып, драма актері ретіндегі шеберлігін шыңдаған. Сонымен бірге, опера өнерімен де әуестенген. Яғни Шәкен Кенжетайұлы көркем өнердің барлық жанрында бағын сынап көрмек болған. Дегенмен, «Мен драма театрын ешқашан ұмытқан емеспін, ұмытпаймын да. Осы күніме жеткізген де – осы театр. Театр – менің актерлік мектебім» деп ерекше айтып өткен Шәкен Айманов қазақ сахнасындағы қайталанбас образдарымен, спектакльдерімен тарихта қалды. Әсіресе Шәкеннің кейіптеуіндегі Ақан сері, Қобыланды, Петручио, Отелло бейнелері көрерменнің ыстық ықыласына бөленеді. Ал «Абай» спектаклін қойғаны үшін Шәкен Аймановқа КСРО Мемлекеттік сыйлығы беріледі.

 

Кино өнерінің болашағын бағамдай білді

Шәкен Кенжетайұлы қазақ театрында 40-тан астам жаңа бейне жасап, 15-тей спектакль қояды. Театрдың бас режиссері болады. Бірақ соған қарамастан ұлы суреткер кино өнеріне бет бұрады. 1953 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін қазақ кино өнері саласында өнімді еңбек етеді. Жұрттың сондағы: «Киноға неге ауыстыңыз, драма театрынан неге кетіп қалдыңыз?» деген сұрақтарына Шәкен Кенжетайұлы кезінде: «Жасырмаймын, театрды бір уақытта көп болса, мың, мың жарым кісі көреді. Ал киноны пәлен миллион халық көре алады. Кино өнерінің осы мүмкіндігін пайдаланып көрсем деген мақсатым бар», – деп жауап берген екен. Яғни сезімтал, сұңғыла тұлға ел мәдениетін, өнерін өркендету мәселесінің болашақта кино өнерімен байланысты болатынын сол кездің өзінде терең түсінген. Сол себепті де ол киноның тілін меңгеруге, табиғатын түсінуге бар күшін салған. 

Шәкеннің ең алғашқы түскен киносы – «Амангелді». Фильмнің Алматы түбіндегі Қарақастек ауылында түсіріле бастағанын естіген бойда өз қалауымен барып, эпизодқа түседі және сол фильмге кеңесші болады.

Кино әлеміне осылайша қадам басқан Шәкен одан кейінгі кезеңде қазақ киносының алғашқы бастаулары болып есептелетін «Райхан», «Ақ гүл», «Абай әндері», «Алтын мүйіз» фильмдеріне де қатысады. Бұлардан кейін  түсірілген «Жамбыл» фильмінде Шәкенге Шаймұхамбет ақынның рөлі беріледі. Бірақ фильмге дайындық барысында ол сценарийдегі өлеңдерді ұнатпай, басқа бір өлеңдерді оқып береді. Сонысына риза болған режиссер Дзиган бастапқы шешімін өзгертіп, 39 жастағы Шәкенді 100 жасаған абыз ақынның рөліне бекітеді. Ш.Айманов жасаған Жамбыл бейнесіне айтулы актер, режиссер Сергей Бондарчук: «Оның бет-әлпеті, көздері, қолдары, сөз саптасы мен жүріс-тұрысы соншалықты дәл, соншалықты сенімді. Көрермен бүкіл фильмнің өне бойында орындаушы актерді атымен естен шығарып, өз халқының ұлы, отаншыл азамат, ақын, данагөй қария, тірі Жамбылды көріп отырғандай елтіп қалады», – деп жоғары баға береді.

Киноға келгеннен кейінгі мезгілде Шәкен Кенжетайұлы 20-дан астам рөлде ойнап, 14 фильм түсірген. Солардың ішіндегі ең үздіктерінің бірі – «Атамекен» фильмі Душанбедегі фестивальде бас жүлдеге ие болған, Ленинградтағы Бүкілодақтық фестивальде Елубай Өмірзақов ер кейіпкер рөлін жақсы орындағаны үшін бірінші бәйге алған. Ал Шәкен Кенжетайұлының ең мықты фильмі «Атаманның ақыры» – өкінішке қарай, суреткердің ең соңғы жұмысы. Қазақ театры мен кино өнерінің қалыптасып, шыңдалуына айрықша ықпал еткен дара дарын иесі 1970 жылы 23 желтоқсанда, 56 жасында Мәскеуде машина қағып қайтыс болды.

 

«Абайды» түсірсем деп армандады

Өнерде өзгеше талантымен танылған Шәкен Кенжетайұлы өмірде де ешкімге ұқсамайтын, ашық-жарқын, ерекше жомарт адам болған. Осы қасиетіне орай достары оны «бүгінгі заманның серісі» деп білген. Дүниенің бетіне қарамайтын ол жұртпен араласқанды, достарымен әңгіме-дүкен құрғанды ұнатқан. Кез келген жиылыстың аяғын кішігірім тойға, ойын-сауыққа айналдырып жіберетін Шәкеннің жалғыз жүретін, үйінде оңаша қалатын кезі сирек екен. Мәскеуден, одақтас республикалардан, тіпті шетелден келген кино мамандары, түрлі қонақтар, негізінен, Шәкен ағаның үйінде болып, оның сый-құрметін көріп аттануды дәстүрге айналдырған. Сондай-ақ ол кісінің үйінен ағайын-туғандар, оқушылар, студенттер де арылмаған. Жалғыздыққа жаны қас Шәкен аға кейде өзі ұнататын әртістерін шақырып алып, текеметтің үстіне отыра кетіп, «қақпақыл», «құмар», «хан» деген асық ойындарын ойнайды екен.

Қалжыңқой, сықақшыл суреткер қайда барса да сол үйдің өз адамдарының біріндей болып кететін көрінеді. Сондай-ақ жанындағы әріптестеріне, інілеріне әрқайсысының жеке қасиеттеріне, мінездеріне сәйкестендіріп ат қойып, жақын сыйласу да – Шәкендей ұлы суреткердің өзіндік бір қыры. 

Мәрт мінезді, ашық-жарқын, ақкөңіл Шәкен аға өмірде екі некелі болған.

Көзкөрген әріптестері Шәкен Кенжетайұлының шенді мен шекпендіден ықпаған, қай кезде де өз пікірін табанды түрде қорғай алатын батыл, тегеурінді тұлға болғанын айтады.

Шәкен ағаның бала күннен бар ұйқыға құмарлығы есейгенде де қалмаған. Сол себепті де жұмысқа көбінесе кешігіп келетін әдеті болған. Басшылар қанша сөгіс бергенімен, маңдайалды актер болғандықтан, артынша ол шешімдерін өзгертуге мәжбүр болады. Шәкен аға күйіп-піскен басшылардың өзін әрдайым күлкімен жеңіп отырған, әзіл-қалжыңға ұсталығымен ерекшеленген. Режиссер ретінде де ұстамды, сабырлы бола білген. Актерге рөлін бір-екі рет түсіндіріп, егер ала алмаса, үндемей, қоя салады екен. Кейбіреулер сияқты қайта-қайта ескертіп, күйіп-пісіп, айғайлайтын әдеті болмаған. Репетиция кезінде қолына домбырасын алып, залдағы артқы қатарлардың біріне жайғасады да, сырт көзге қалғып кеткен кісідей қиял құшағына батады. Барлығын тыңдап алып, кемшіліктерін соңынан бір-ақ айтады.

Шәкен Кенжетайұлының кино түсірудегі жұмыс тәртібі де ешкімге ұқсамайтын. Фильмге кіріскеннен сасып, сүрініп, мұрнына су жетпей жататын кейбір режиссерлерден бір артықшылығы – Шәкен аға фильм түсіруге дайындалып жатқан адамдай емес, жайбарақат, шахмат ойнап, баяғы ойын-күлкімен жүре береді екен. Асығу дегенді білмеген. Бірақ түсіру алаңына келген бетте жұмысына сақадай сай болған. Соны көргендер: «Бұл қай уақытта дайындалып үлгереді?» деп таңғалатын болса керек. Тумысынан талантты Шәкен аға актерлерді ешқашан шаршатпаған, жалықтырмаған, анекдот, әзіл-қалжың айтып, айналасындағыларға әрқашан көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білген. Актер ретінде де, режиссер ретінде де импровизацияға өте шебер болған. Өкінішке қарай, Шәкен аға «Абайды» түсірсем деген арманына жете алмай кетті.

Шәкен Айманов фильмдерінің өміршең болатын себебі, суреткердің кез келген фильмінде өзінің еліне деген сүйіспеншілік, адамды құрметтеу, оның ішкі психологиясын ашуға ұмтылыс басым. Туған халқының болмысын әрбір фильміне арқау ете білген Шәкен Кенжетайұлы сол кездің өзінде қазақ үшін өте маңызды деген тақырыптарды көтерді, әртүрлі жанрларға барды. Адам тағдырын, оның өмірінің трагедиялық тұстарын астарлап болса да айтып отырды. Бұл ретте, ол «Кино – елдің төлқұжаты» деп түсінді. Кинотанушы Бауыржан Нөгербек айтпақшы, кино арқылы ұлттық мүддені қорғау, соны дәріптеу мақсатын қойған Шәкен ағаны ұлт экологиясының шын мәнісіндегі жанашыры десек, еш қателеспейміз.