10 мың қадамға созылған маркетинг, «Шинель» кімдікі? Сәуір де тәуір болмай тұр...Семейге неге өрт үйір?

10 мың қадамға созылған маркетинг, «Шинель» кімдікі? Сәуір де тәуір болмай тұр...Семейге неге өрт үйір?
Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Almaty-akshamy.kz сайтында бүгін жарық көрген жаңалықтар – күн керуені

Сәуір де тәуір болмай тұр...

«Қазгидромет» РМК синоптиктердің мәліметінше, Қазақстан аумағының оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығыс бөлігіне әлі де Оңтүстік циклон әсер етеді және атмосфералық фронттардың өтуімен найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Ұлытау облысының шығысында түнде 2 градус аяз күтіледі. Маңғыстау облысының басым бөлігінде, орталығында, шығысында, батысында өрт қаупі жоғары болуы мүмкін.

Қой терісін жамылған қасқыр

Шымкентте қала тұрғындарына күш қолдану арқылы үлкен көлемдегі қаражатты ашық түрде иемденген үш ер адам тұтқындалды.

ҚР ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдіктілер полиция қызметкерлерінің атын жамылып, тұрақты түрде ақша бопсалаумен айналысып, "қорғауға" аламыз деп, ай сайын төлем талап еткен. Күдіктілердің бірінен полиция қызметкерінің жалған қызметтік куәлігі тәркіленді. Ал екінші күдікті алаяқтық үшін бұрын сотталған болып шықты. Қаскөйлер 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Тағдырдың тәлкегіне тастамаймыз!

Тасқын судан зардап шеккендерге қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.

«Біз сын сағатта жұрт болып жұмылдық. Үкімет, мемлекеттік органдар, құзырлы мекемелер және еріктілер бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында 119 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 45 мыңға жуығы – балалар. Ең бастысы, біз адам өмірін барынша сақтап қалдық», деді Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу" атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде.

«Той – тондыныкі»

Ысырапшылдыққа жол бермеуді мақсат тұтқан Қырғыз үкіметіндегілер енді тойға бармауы мүмкін.

Қырғызстан президенті әкімшілігінің алқа мәжілісінде министрлер кабинетінің басшысы Ақылбек Жапаров үкімет мүшелеріне тойға баруға тыйым салды.

"Егер сіз бір жерде ысырап жасалғанын көрсеңіздер, ол жерге бармаңыз. Тойда жүрмеңіздер", деді А.Жапаров.

Елуден асып барамын...

Биыл «Күміс жас» жобасы аясында елуден асқан  10 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды. Осы бағытта барлығы 19 060 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз адамдар зейнеткерлік жасқа толғанға дейін қатыса алады. Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.

«Шинель» кімдікі?

Тбилисиден арнайы шақыртылған режиссер Николоз Сабашвили Гогольдің «Шинель» повесін Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының төрінде көрерменге қуыршақ бейнесімен жаңаша форматта тарту етті.

«Бұл сапар менің әсем Алматыға келген үшінші тәжірибем. Грузия қуыршақ театрлар бірлестігі мен Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Араға бір жыл салып, жолым әсем Алматыға қайта түсіп отыр. Қонақжай да дархан пейілді қуыршақ театры мені өте жылы қабылдады. Мен қойылым сахналауға келіскен сәттен дұрыс таңдау жасағаныма күмәнданған емеспін. Нәтижесін патша көңілді көрермен бағалай жатар», деді Грузия қуыршақ театрлар бірлестігінің басшысы Николоз Сабашвили.

10 мың қадамға созылған маркетинг

Бүкіл әлемде бір күнде 10 мың қадам жүру сәнге әрі әдетке айналып барады. Ұзақ уақыт бойы он мың қадам жүру нормасы салауатты өмір салтын ұстанудың алтын ережесі саналды.

Бұл идея Жапонияда кездейсоқ пайда болған. Токиодағы ең ірі клиникалардың бірінің басшысы Ивао Охия инженер Юри Катомен сөйлесіп отырып, қазіргі жапондықтар қозғалуды тоқтатты деп шағымын айтады. Бұл оның айтуынша, жүрек ауруы мен семіздікке шалдығу жағдайларының көбеюіне әкелді. Осы кезде Охияға әр жапондықты күніне он мың қадам жүруге мәжбүрлеу арқылы ұлттың денсаулығын сақтауға болады деге ой келеді. Бұл идея инженерге де ұнайды және ол бірден жұмысқа кіріседі. Екі жылдан кейін, 1965 жылы Като Yamasa Тokei Keiki нарықта жаңа құрылғыны - әлемдегі алғашқы патенттелген жүрген қадамды есептейтін "шагомерді" ұсынды.

Семейге неге өрт үйір?

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәлімдейінше, «Семей орманы» тағы  өртенді. Бүгін"Семей орманы" мемлекеттік табиғи орман резерваты  Бородулиха филиалының Дмитрев орман шаруашылығының мемлекеттік инспекторы орман өртін анықтаған.

"Өрт орнына 7 бірлік өрт сөндіру машинасы мен орман күзетінің 11 адамы шықты. Өртті сөндіру жүргізілді. Бұдан әрі алгоритмге сәйкес өрт туралы хабарлама Абай облысының ТЖД-не берілді. Өртті сөндіруге 36 адам және 9 бірлік техника жұмылдырылған", делінген хабарламада.

39 пайыздық отандық кино

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда 387 фильм түсірілген. Барлық түсірілген фильмнің тек 25 пайызы толықметражды болса, қалған 75 пайызы қысқаметражды фильмдер. Киноға барушылардың 39 пайызы отандық киноларды көрген. Бұл шамамен 8,2 миллион адамды құрайды.