Жедел жәрдем қызметкері үйге кіргенде неге бахила кимейді?

Жедел жәрдем қызметкері үйге кіргенде неге бахила кимейді? Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Бұл сауал әлі де өзекті. Себебі, жедел жәрдем шақыратындар әлі де екі топқа бөлінеді: біріншісі – медицина маманы үйге аяқ киімімен кірді ме, әлде шешіп кірді ме, ол маңызды емес, шұғыл түрде алғашқы көмек алса болды; ал екінші топтағылар – жедел жәрдем қызметкерлері болса да олардың үйге сыртқы аяқ киімімен кірмегенін қалайтындар, тазалықтың сақталғанын дұрыс көретіндер. Сонымен, қайсысы дұрыс? Бахила кие ме, кимей ме? 


Киюге міндетті емес екен. Нақтырақ айтар болсақ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Қазақстан Республикасында медициналық көмек көрсету ережесін бекіту туралы» 2020 жылғы № ҚР ДСМ-225/2020 бұйрығын шығарды. Онда бахилалар қажетті медициналық мақсаттағы бұйымдар тізбесіне кірмейді және медициналық жедел жәрдем қызметкерлерін бахила киюге міндеттемейді деп жазылған. Енді толық тарқатып көрейік.
Иә, пәтерге кіре берісте науқастың туысы агрессивті түрде бахила киюді талап ететін жағдайлар кездеседі. Ал келген фельдшер еңкейіп аяқ киімінің бауын шешіп, қайта киіп жүргенде, науқас адамнан айырылып қалуымыз да ғажап емес. Яғни науқасты жедел ауруханаға жеткізу кезінде бахиланы киіп-шешу артық уақыт алады. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде дәрігер ғимараттан жылдам шығуы керек, ал бахила тайғақ болғандықтан, одан жарақат алып қалуы әбден кәдік.


Жедел жәрдем бригадасының жұмысы, аты айтып тұрғандай – адамға шұғыл медициналық көмек көрсету. Ал ЖЖ қызметкерінің аяқ киімі санитарлық нормаларға аса зардап тигізбейді және ол қызмет сапасына әсер етпейді дейді сала мамандары.


Демек, бізге жедел жәрдем қызметкерлерінің тәулік бойы жұмыс істейтінін ұмытпау маңызды. Бір күнде олар қоңырау түскен ондаған үй, пәтерге барып қызмет көрсетеді. Сондықтан қауіпсіздік техникасы ережелеріне және жылжымалы бригадалардың регламентіне сәйкес, медициналық жедел жәрдем қызметкерлерінің шұғыл әрекет ету барысында жарақат алып немесе мертігіп қалмауы үшін аяқ киімін шешуге және бахила немесе целлофан қаптарды киюге тыйым салынады. Сондай-ақ, диспетчер бұйрыққа сәйкес қоңырау шалушыға бригада аяқ киімін шешпейтінін, бахила кимейтінін, пәтерге кіре берісте еденге шүберек төсеу керектігін ескертеді. Дабыл парағының артқы жағында медициналық жедел жәрдем шақыру ережелері туралы мемлекеттік және ресми тілдерде ақпарат бар, онда жедел жәрдем бригадасының негіздемесімен бахила, полиэтилен пакеттерін кимейтіні көрсетілген. Бригада келгеннен кейін дәрігер пациентке дабыл қағазын береді. 


Айтпақшы, медициналық жедел жәрдем шақырылған сәттен бастап мына қағидаларға ерекше назар аудару қажет: мекен-жайды нақты көрсету; диспетчердің негізгі және қосымша сұрақтарына нақты жауап беру; науқасқа кедергісіз қол жеткізуге мүмкіндік беру.



Павел БУРДА, Алматы қаласы «Медициналық жедел жәрдем қызметі» директорының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары:
– Күзде көшелер, жолдар жауын-шашынның салдарынан ылғалды, ал қысқы маусымда көктайғақ болады. Бұл «Медициналық жедел жәрдем қызметі» үшін де аса күрделі кезең саналады. Жолдағы көлік кептелістері де жағдайды қиындатады. Тіпті, жол үстінде «Жедел жәрдем» көлігіне жол бермейтін жүргізушілер де жоқ емес. Ал бұл жағдайлардың бәрі өз кезегінде жедел жәрдем көлігінің уақытылы жетуіне кедергі келтіреді. Қандай сәт болмасын, шақырту алған бригада қалайда шұғыл әрі білікті қызмет көрсете білуге тиіс. Сондықтан дәрігерлер тұрғын жайға аяқ киімдерін шешпей кіре береді. Осы ретте медицина қызметкерінің кәсіби қызметіне кедергі келтіргені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін де айта кетейік. Егер пәтер иесі науқастың денсаулығына ғана емес, үйдегі тазалыққа да алаңдаса, онда дәрігердің келуіне алдын ала дайындалуға болады. Мысалы, дәрігер аяқ киімін сүрте алуы үшін кіреберіске ылғалды шүберек төсеп қойғаны дұрыс. Әйтпесе кілемнің бір бұрышын адам жүріп өтуге ыңғайлы болатындай қайырып қоюға немесе еденге қағаз төсеген абзал. Не болмаса дәрігерге науқасты төсеніші жоқ бөлмеде қарауға жағдай жасаған абзал. Үй ауласында байлаусыз ит жүрмегені де дұрыс. Мұның бәрінің жедел де сапалы қызмет көрсетуге септігін тигізетіні сөзсіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

08:37

08:21

23:08

22:54

22:42

20:45

20:38

20:24

19:58

19:38

18:50

18:41

18:25

18:07

17:53

17:41

17:28

17:10

17:09

16:34

16:25

16:18

16:09

16:07

15:22