Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз ешқашан өз азаматтарымызды тағдыр тәлкегінде қалдырмаймыз

Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз ешқашан өз азаматтарымызды тағдыр тәлкегінде қалдырмаймыз
akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу" атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінің толық мәтіні.

Қадірлі отандастар!

Құрметті Ассамблея мүшелері!

Баршаңыз куә болып отырсыздар, қазір әлемде түрлі табиғат апаты көбейіп барады. Шын мәнінде, апат деген айтып келмейді екен. Қазақстан да үлкен қатерге тап болды. Еліміздің көптеген аймақтарында алапат су тасқыны болып жатыр. Біз үшін ең басты мақсат – азаматтардың амандығы. Соған сай Үкімет барлық қажетті іс-әрекеттерді жасап жатыр, тиісті қаражат бөлінді, ірі компаниялар мен бизнес өкілдері қол ұшын беруде.

Осыған дейін де айттым, жойқын су тасқынынан бұзылған үйлерді қалпына келтіру, зардап шеккен тұрғындардың қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз ету – дәл қазір Президент ретінде менің алдымда тұрған аса маңызды міндет. Сондықтан мен елімізде бұрын жоспарланған халықаралық іс-шараларды қысқарту туралы нақты тапсырма бердім.

Биыл Астана халықаралық форумын өткізбейтін болдық. Әрине, бұл – елімізге қажет, өте маңызды жиын. Дегенмен оны кейінге қалдыра тұруға болады. Ал кезек күттірмейтін кездесулер мен іс-шаралардың жөні бөлек. Бұл ел игілігі үшін керек.

  • Ассамблея сессиясы жыл сайын Бірлік күні қарсаңында өтеді. Ал биылғы басқосу мемлекетіміз үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Шын мәнінде, бұл сессияны дәл осы кезде өткізудің мәні зор. Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар. Бұған осы күндерде көзіміз жетті деуге болады.
  • Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болды. Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды. Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді.

Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды. Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қол ұшын созды. Бір-біріне шынайы жанашыр болды. Мен қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризамын.

  • Біз сын сағатта жұрт болып жұмылдық. Үкімет, мемлекеттік органдар, құзырлы мекемелер және еріктілер бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында 119 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 45 мыңға жуығы – балалар. Ең бастысы, біз адам өмірін барынша сақтап қалдық.
  • Кезінде бір ғана бөгеннің бұзылуы үлкен қайғылы оқиғаға әкеп соқтырғанын білесіздер.

Мен жағдайды бақылауда ұстау үшін бірқатар аймақта болдым. Тұрғындармен арнайы кездестім. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар апат салдарын жоюға бар күшін жұмсап жатыр. Жағдайдың одан әрі ушығып кетпеуі – басты назарда. Құтқарушылар күндіз-түні жұмыс істеп жүр. Ұлттық ұлан, Ішкі істер министрлігі, Қарулы Күштер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы да белсене атсалысып жатыр.

Менің тапсырмаммен мемлекеттік материалдық резервті пайдалануға рұқсат берілді. Республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Қоғам белсенділері және волонтерлер гуманитарлық көмек жинауды қолға алды. Халқымыздың ынтымағы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі осы кезде айқын көрінді. Бірқатар аймақтар инфрақұрылымды және бүлінген үйлерді қалпына келтіруге кірісіп кетті. Бұл шаруаға ірі бизнес өкілдері қосылды. Қоғам белсенділері де зор үлес қосуда. Еліміздегі компаниялар, жеке кәсіпкерлер түрлі көмек қорларына қомақты қаржы аударды. Қаражат күн сайын түсіп жатыр, көмек қоры ұлғаяды деп сенемін. Кәсіпкерлерге зор алғыс айтамын. Болашақта да халқымыздың игілігі үшін бірге жұмыс істейміз деп сенемін.

Жиналған қаражат елді мекендерді қалпына келтіруге жұмсалады. Сондай-ақ апаттың кесірінен қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек ретінде беріледі. Ешкім елеусіз қалмайды. Мемлекет шығынды түгел өтейді. Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды. Мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізіледі. Әрине, маңдай термен тірнектеп тапқан дүние-мүлікті бір сәтте жоғалту оңай емес. Мен мұны түсінемін. Зардап шеккен азаматтарға тағы да айтамын: бүкіл халық – сіздермен бірге. Көп ұзамай баршаңыз қалыпты өмірге қайта ораласыздар. Ол үшін мемлекет бәрін жасайды.

Құрметті Ассамблея мүшелері!

Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Оған бүкіл ел куә.

Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды. «Жүректен жүрекке» деген ауқымды акция жүргізіліп жатыр. Апат аймақтарына 1500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жолданды. Оның жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңге болды.

Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі.

Мен Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына арнайы бардым. Кездесу кезінде жұртшылық Ассамблея мүшелеріне зор ризашылық білдірді.

Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз.

Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» жобасы арқылы мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүр. Былтырдың өзінде құны 1,7 миллиард теңгеден асатын көмек берілді. Бірлігі мықты халықтың күш-қуаты азаматтардың бір-біріне деген осындай қамқорлығынан айқын көрінеді.

Қымбатты достар!

Түрлі сын-қатерге қарамастан, біз стратегиялық мақсат-міндеттерімізден айнымаймыз. Аз уақыт ішінде жүйелі саяси реформалар жасадық, экономиканы жаңғыртатын және қоғамдық этиканы жаңартатын ауқымды шараларды қолға алдық. Саяси өзгерістер азаматтық қоғамның дамуына әлден-ақ тың серпін беріп үлгерді. Отандастарымыздың мемлекеттік маңызы бар шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігі едәуір артты.

Биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады. Біз әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшіп жатырмыз. Осылайша, әр азаматтың бақуатты өмір сүруіне барлық жағдай жасалып, тең мүмкіндіктер берілетін мемлекет құрамыз. Қазақстанда бұрын-соңды мұндай ауқымды реформа жасалмаған. Бірақ бұған тоқмейілсіп отыруға болмайды, реформаны сапалы жүзеге асыра беруіміз керек.

Еліміз қарқынды дамуы үшін ондаған жыл бойы қордалаған көптеген мәселені шешуіміз қажет. Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана болашақ жетістіктердің берік тұғырын қалап, саясатта, экономикада, мәдениетте және әлеуметтік салада түбегейлі өзгерістер жасай аламыз. Дәл сол себепті Ассамблеяның бүгінгі сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталды. Сіздер мұның өзекті екенін түсінесіздер деп ойлаймын. Қазақстан халқы Ассамблеясының ғана емес, барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіреді. Басты миссиямыз – жасау, құру, жүзеге асыру. Бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз әрі мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала береді. Табысқа жету үшін мынадай өзекті міндеттерді орындауға баса мән беру қажет.

БІРІНШІ. Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет. Біз Құрылтайдың Атыраудағы отырысында негізгі идеологиялық тұжырымдарды жинақтап, жүйелеп алдық. Жалпыға ортақ құндылықтарды айқындадық. Бұл – ең алдымен, Тәуелсіздік және Отаншылдық. Одан кейін – Бірлік және Ынтымақ. Келесі – Әділдік пен Жауапкершілік. Сондай-ақ – Заң және Тәртіп. Бұдан соң – Еңбекқорлық пен Кәсібилік. Және – Жасампаздық пен Жаңашылдық. Бұл – біздің саясат пен экономикадан бастап, білім мен мәдениетке дейінгі барлық саладағы бағыт-бағдарымыз. Мұның бәрі халқымыздың азаматтық бірегейлігін нығайтады. Сондай-ақ еліміздің болашақ келбетін қалыптастырады. Ассамблея жұмысына арқау болып отырған қағидалар осы құндылықтармен толық үндеседі.

Мен Ұлттық құрылтайдан соң оның қорытындысы туралы қоғамдық талқылауды жіті бақылап отырдым. Сарапшылардың және ел ісіне бей-жай қарамайтын азаматтардың пікірін, ұсыныстары мен тілектерін оқыдым. Меніңше, ой-пікірдің көпшілігі Атыраудағы Құрылтай, шын мәнінде, ұлтымыздың дамуына қатысты жаңа философия мен идеологияның бастауына айналды деген пайымға келіп тоғысады. Дегенмен Құрылтайда айтылған жалпыұлттық доктрина, яғни тұғырнама жетекші қоғамдық институттардың барлығы қолдаса ғана толық жұмыс істей алатынын ұғынған жөн. Сіздердің, қоғамның қолдауы болмаса, бұл доктрина қағаз жүзінде қалады. Мұны міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек. Ондағы негізгі қағидаттарды орнықтыру ісінде Ассамблея басты рөл атқаруға тиіс.

  • Азаматтарды әлеуметтік ортаға кіріктіру жүйесі Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм идеалдарын насихаттауға және халқымыздың мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін құрметтеуге негізделуі керек деп санаймын.
  • Елге қажетті құндылықтар, көзқарастар мен түсініктер қалыптастыру және қоғамдағы татулық пен келісімді нығайта түсу – аса маңызды міндет. Бұл мәселені бақылаусыз қалдыруға болмайды. Оның бәрін Ассамблея да, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар да үнемі бақылауда ұстауға тиіс.

Балаларды іргелі құндылықтарға сүйене отырып тәрбиелеуге баса мән беру керек. Өскелең ұрпақтың дүниетанымы тарихқа қатысты өкпе-реніштен, догматизмнен және мәдени стереотиптерден ада болуға тиіс. Жастарымыз әрдайым алға ұмтылуы қажет. Олардың дүниетанымы өткенді, бүгінді және болашақты біртұтас ұлтымыздың еш бөлінбейтін ортақ мұрасы ретінде эмоциясыз, саяси астарсыз шынайы қабылдауға негізделуі өте маңызды.

Біз, Қазақстан халқы, өзгелердің теріс ықпалына түспейтін өз идеологиямызға сүйенуіміз керек. Біздің идеологиямыздың тірегі – мемлекетіміздің Тәуелсіздігі. Ең бастысы – дұрыс сөйлеп, жақсы ниет білдіру ғана емес, нақты жұмыс істеп, игілікті іске күн сайын күш жұмсау. Бізге бос сөз емес, нақты іс керек. Оқыту-тәрбиелеу үдерісінде «Біз әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз», «Қазақстанның халқы біртұтас» деген қағидаттар көрініс табуға тиіс. Бұл – мызғымас әрі берік қағидаттар. Мемлекеттік саясаттың басты өзегі және жалпыұлттық бірегейлікті нығайтатын негізгі фактор – бірлік.

Ортақ Отанымыздың тағдырына жанашырлығымыз біздің азаматтық сана-сезіміміздің өзегі болып қала береді. Ал, ұлттық толеранттық, өткен заманның дәстүрлеріне және түрлі мәдениетке деген құрмет, мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді білу – Қазақстан азаматтарына тән қасиеттер.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының аспан түстес төлқұжаты еліміздің жалпыұлттық бірегейлігінің ең қарапайым әрі түсінікті белгісі екенін үнемі айтып жүрмін. Көк паспорты бар әрбір адам ұлтына, көзқарасы мен наным-сеніміне қарамастан, Қазақстан азаматының барлық құқығын иеленеді. Қазақстан Республикасының кез келген азаматы әлемнің қай түкпірінде жүрсе де біздің мемлекетіміздің қорғауында болады. Біз ешқашан өз азаматтарымызды тағдыр тәлкегінде қалдырмаймыз.

Естеріңізде болса, жер жүзін коронавирус індеті жайлап, көптеген ел шекарасын тарс жапқанда Қазақстан дереу өз азаматтарын жер шарының әр қиырынан елге әкелуді ұйымдастырды. Сондай-ақ біз 2021 жылы Ауғанстандағы, 2023 жылы Газа секторындағы ахуал, тіпті Украинадағы жағдай күрт шиеленіскенде азаматтарымызды ол жақтан шұғыл шығарып алдық. Әр жолы, қандай да бір елде азаматтарымызға қауіп төнсе, біз олардың Отанына тезірек оралуы үшін жедел шаралар қабылдаймыз.

  • Біздің көк паспортымызға еліміздің тұғыры саналатын басты құндылықтардың бәрі сыйып тұр. Оны бүкіл әлем заманауи озық мемлекеттің құжаты ретінде таниды. Қазақстан азаматтары ондаған мемлекетке визасыз бара алады және біздің табанды жұмысымыздың арқасында мұндай елдердің қатары көбейіп келеді.
  • Қазір Қазақстан Әлем төлқұжаттары индексінде 66-орында тұр. Бұл – жаман көрсеткіш емес. Бірақ бұл индексті жақсарту жұмыстарын жалғастыра береміз.

Бұдан бөлек, соңғы жылдары Қазақстан азаматтығынан бас тартқан адамдардың саны айтарлықтай азайды. Керісінше, Қазақстан азаматтығын алғысы келеді. Осының бәрі еліміздің тұрақты дамып келе жатқанын, біздің елге қызығушылықтың арта түскенін және мемлекетіміздің халықаралық беделі жоғары екенін көрсетеді.

Ассамблея жастардың идеологиялық тәрбиесін айрықша назарда ұстайды. Бұл – болашақта не боларын болжап білу мүмкін емес, қазіргідей алмағайып әлемде аса маңызды мәселе. Ассамблея этносаралық коммуникация орталықтарын дамытумен және осындай жаңа орталықтар ашумен айналысады. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдап, еріктілерді және жергілікті бірлестіктерді ынталандырумен шұғылданады.

Мен Ұлттық құрылтайда қазір елге қауіп төндіріп тұрған бес кеселге тоқталдым. Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуіміз қажет. Қоғамдық кеселдерді түбірімен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ұлтына, дініне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, оған барлығы атсалысуы керек.

«Ұлы істер шағын әрекеттерден басталады». Сол сияқты кішігірім қадамдар ауқымды өзгерістерге жол ашады. Әр адамның ой-санасы және мінез-құлқы жақсарса, тұтас қоғам жақсарады. Мақсат-мұраты биік болса, елдің рухы да биік болады. «Адал азамат» болу аса маңызды. Бір сөзбен айтсақ, келеңсіз үрдістерден жай ғана жирену жеткіліксіз. Оны жоюға да белсене атсалысу керек.

ЕКІНШІ. Біз жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына куә болып отырмыз. Радикалды идеологияны дәріптеу және ксенофобия отын тұтату үшін халықаралық тұрақсыздықты пайдаланып қалғысы келетіндердің әрекеті анық көрінуде.

Кейбір мемлекеттердің геостратегиялық амбициясынан этнодіни астар іздеуге тырысатындардың, тіпті, оны өркениетаралық қақтығыс ретінде көрсеткісі келетіндердің үні қатты шыға бастады. Соның салдарынан қазір әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатқаны байқалып отыр.

Лаңкестік қауіп-қатерлер тағы да алғы шепке шықты. Таяуда Мәскеу іргесінде жұртты қанға бөктірген лаңкестік оқиға жүрегімізге өте ауыр тиді. Көптеген азаматтар қайғылы оқиғаның құрбандарына жанашырлық, тілеулестік танытып, Ресейдің Қазақстандағы елшілігі мен консулдығы ғимараттарының алдына гүл шоқтарын қойды. Әлемнің барлық дерлік елдері осындай көрініске куә болды.

Қазақстан халықаралық құқықты және гуманистік идеалдарды берік ұстанатын ел ретінде алғашқылардың бірі болып Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттерді бейбіт халыққа жасалған сұмдық қатыгез әрекетті айыптауға шақырды.

  • Барша адамзат өзара диалог орнатып, күш біріктіру арқылы ғана халықаралық қатынас саласындағы күйреу мен ыдырау үрдісіне төтеп береді, берекесіздік пен сенімсіздікті еңсере алады.
  • Жер жүзінде бәрімізді алаңдатын түрлі оқиғалар болып жатыр. Біртұтас ұлт ретінде дәл осы кезде біздің мақсатымыз да, ниетіміз де бір болуға тиіс.
  • Қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды.

Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің дамуына айрықша назар аударуға ықпал етеді.

Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Бүгін біз өз бетінше қазақ тілін жетік меңгеріп, оны қоғамда кеңінен насихаттап жүрген азаматтарды марапаттаймыз. Бұл өте пайдалы әрі саяси тұрғыдан маңызды жұмыс деп ойлаймын. Мемлекет олардың түрлі жетістіктеріне, соның ішінде саяси сипаттағы табыстарына да назар аударады және оларды барынша қолдайды.

Қазақстан – қазақ тілі мемлекеттік тіл саналатын көп тілді ел, болашақта да солай бола береді. Бұл – біз үшін орасан зор басымдық.

  • Ресеймен шекарамыз – әлем бойынша ең ұзын шекара. Орыс тілі Еуразия кеңістігінде және халықаралық қоғамдастықта сұранысқа ие. Осының барлығын ескерсек, бәрімізге Біріккен Ұлттар Ұйымындағы ресми тілдердің бірі саналатын орыс тілі қажет екені сөзсіз.
  • Билік елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шара қолданатын болады. Кім айтса да, мұндай бағыттағы түрлі қитұрқылық пен пәлеқорлықты қоғам қатаң сынға алады, құқық қорғау органдары да соған сәйкес әрекет жасайды.
  • Қоғамда алауыздық тудыратын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Азаматтарымыздың бізге қатысы жоқ ақпарат майданына араласып, өшпенділікті насихаттауы еліміздегі тұрақтылыққа және қоғамдық келісімге зор қатер төндіреді.

Әрқайсымыз азаматтардың құқығы тең және еркін болуын қамтамасыз ететін Ата Заңымыздың әрбір сөзін бұлжытпай ұстануымыз қажет. Заң мен тәртіптің әрдайым және барлық жерде сақталуы, заң үстемдігінің сөзбен де, іспен де орнығуы маңызды.

Біздің міндетіміз – қоғамда өзара құрмет пен сенімді нығайта түсу. Сондай-ақ діни, аймақтық немесе әлеуметтік-экономикалық алшақтықты болдырмау үшін баршаға ортақ жаңа қағидаттар мен ұстанымдар ойластыру. Ассамблеяның осы күрделі мәселеге байланысты атқарып жатқан қызметі айрықша маңызды.

ҮШІНШІ. Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту қажет. Оның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек.

  • Соңғы жылдары Ассамблеяның қызметі айтарлықтай өзгерді. Бұл құрылым қоғамдағы аса маңызды институтқа және этномәдени бірлестіктердің бас штабына айналды.
  • Ассамблея барлық деңгейдегі мекемелермен түрлі бағытта серіктестік орнатып, басқаларға үлгі болуға тиіс. Жергілікті атқарушы органдармен және мәслихаттармен жұмыс жүргізу үшін тиімді тәсілдер табуға баса мән берген жөн.
  • Әкімдер күнделікті туындайтын көптеген мәселемен айналысады. Олардың жұмысы өте көп, бұл – түсінікті жағдай. Бірақ ел бірлігін нығайту – айрықша маңызды міндеттің бірі. Оны ешқашан назардан тыс қалдырмау керек.

Менің тапсырмаммен аймақ басшылары кемінде екі айда бір рет Ассамблея өкілдерімен бірге этносаралық ахуалға қатысты жиналыс өткізеді. Ассамблеяның негізгі іс-шараларына облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдері тікелей өздері қатысуға тиіс. Мен мұны орынбасарға ысыра салуға болмайтынын нақты ескерттім. Өзгелердің, әсіресе, Парламенттің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының дәл осылай жасағаны абзал.

Ассамблея мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысуы керек. Сондықтан оның ғылыми-сараптамалық әлеуетін дамыту қажет. Этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтауға және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән берілуге тиіс.

Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының мамандары этномедиацияға қатысты жұмысты қолға алды. Оның ауқымын кеңейтіп, бұл тәжірибені Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажет.

Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту керек. Ең алдымен, Ақсақалдар кеңесі және Аналар кеңесі сияқты тиімді құрылымдарды дамыта түскен абзал. Министрліктер және әкімдіктер олардың қызметіне қолдау көрсетуі қажет. Арнайы гранттар бөліп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар беруі керек.

Жастар Ассамблея қызметіне тың серпін әкеледі. Сондықтан Ассамблея құрылымдары мен этномәдени бірлестік басшыларының бір орынбасарын жастардан тағайындауды ұсынамын. Орталық және жергілікті органдар Ассамблеяның жастарға, әсіресе, волонтерлерге қатысты жобаларына жан-жақты қолдау көрсетуі керек. Мұндай жобалардың тізімін жасаған жөн.