Ерлан Қарин «Жаңа Қазақстан» ұранының мәнін түсіндірді

Ерлан Қарин «Жаңа Қазақстан» ұранының мәнін түсіндірді
akorda.kz

ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің кешегі жалпы отырысында сөйлеген сөзі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz

«Мемлекет басшысының кешегі сөзінің негізгі айтпағы не? Біріншіден, Президенттің сөзі террористерге қарсы күрестің шешуші кезеңінің аяқталғанын білдіреді», - деп жазды Ерлан Қарин Telegram каналында.

Айтуынша, бұған дейінгі осы мәселе бойынша жасаған үндеулерінде Мемлекет басшысы террористік агрессияға тойтарыс беру және жағдайды тұрақтандыру жөніндегі барлық іс-әрекеттер туралы хабардар етіп келген. Ал кешегі сөзінде Президент жаңа күн тәртібін ұсынған.

«Азаматтар, қоғам және элита үшін ертеңгі күннің көрінісі белгіленді. Президент ұсынған күн тәртібі қоғамның үмітін оятып, ертеңге деген сенім ұялатуға және күрделі проблемаларды шешудің сындарлы бағытын белгілеуге арналған. Ол баршамызды Жаңа Қазақстанды құру дейтін үлкен жасампаз процеске қатысуға шақырады. Бұл бағдар барлық саналы қоғамдық-саяси күштерді алға жылжу үшін біріктіріп, бір мақсатқа шоғырландыруды көздейді», - дейді Мемлекеттік хатшы.

Ерлан Қарин жазбасында «Жаңа Қазақстан» ұранының астарына да үңілген.

«Жаңа Қазақстан деген нені білдіреді? Бұл кейбір сарапшылар ұсынғандай, мемлекеттік аппаратты жаңарту ғана емес. Бұл, ең алдымен, қоғамдық құндылықтарды қайта жаңғырту. Радикализмнен, экстремистік көзқарастар мен әрекеттерден бас тарту, шығармашылық жасампаздық жігерді нығайту. Қоғамдағы барша кемшіліктерді еңсеру. Бұл кезең-кезеңімен және жүйелі реформаларды жалғастыруды да білдіреді. Мемлекет саясатын гуманитарлық өлшеммен қарап, адами капиталға басымдық беріледі», - деп жазды Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин.