Самат Әбішке қатысты іс сотқа жіберілді

Самат Әбішке қатысты  іс сотқа жіберілді
almaty-akshamy.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Іс сотқа жіберілді.

«Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Cотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі С.Әбішке қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтағанын хабарлаймын. ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабының 4-бөлігі бойынша іс қозғалып, сотқа жолданды», - делінген аталған қызметтің басшысы Ризабек Ожаровтың Kazinform агенттігіне берген ресми жауабында.

Осы қылмыстық іс аясында Самат Әбіш ауыр салдарға әкеп соқтырған билігін және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қабылданған. Ол қазір Қазақстан аумағынан шықпаған.

«Қылмыстық істе мемлекеттік құпияларды қамтыған мәліметтер бар екенін ескере отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді», - деп аталып өткен хабарламада.