Дүниені таңдандырған ғаламтор

Дүниені таңдандырған ғаламтор
Сурет: Рlayground.ru

Интернеттің мүмкіндігі шексіз

XXI ғасыр – дүбірлі дүрмекке толы арпалыс ғасыры. Күніне жүз жаңалық, мың түрлі нәрсе көретін болдық. Ғаламтордың арқасында. Дүниенің ол шеті мен бұл шетін оп-оңай жалғап, байланыстырып тұр. Әлемнің әр қиырын интернет арқылы еркін кезесіз. Бірақ мұның бәрі «виртуалды» түрде. 

Бүгінгі таңда адамзат ғұмырының төрттен бір бөлігін интернет алады екен. Көбісі оған бостан-босқа телмірумен уақыт өткізеді. Дүниежүзілік сарап­шылардың есебі бойынша, интернетке әрбір адам шамамен 6 сағат 42 минутын жоғалтады деседі. Бұл – бір жылдың 100 күніне тең. Ал смартфондарды пайдалану­шылардың саны - 5,11 миллиард адам. Шамамен алғанда, жер шары хал­қының 67 пайызы. Ғаламтор пайда­ланушылардың саны – 4,39 миллиард­ адам. Енді бағамдай беріңіз, жер бетіндегі 8 миллиардқа жуық адамның тең жарымынан көбісі интернетке тәуелді. Соңғы 25 жылда ғылыми техника­ қарыштап дамыды. Мобильді қосымшалар, планшеттер мен телефондар айналымға ене бастады. Осының нәтижесінде кітаптан телефонға, қала берді ғаламторға «жіпсіз байланғандар» көбейді. Тіпті алпауыт Ұлыбритания елінде құлақ дертіне шалдыққан жастардың саны 60 пайызға жеткен. Сонымен­ қатар ғылыми технологияның Отаны саналатын Жапония­да көзілдірік тағатындардың үлесі артқан. Басым көпшілігі – жас жеткіншектер. Осындай дерттің алдын алу үшін, қазір бұл елде мектеп оқушыларына интернетті пайдалануда арнайы шектеулер қойылған. Бұл елдің халқы интернетке орта есеппен, ең көп дегенде, күніне 3 сағат 45 минут бөледі екен. Соның нәтижесінде ғаламторда аз уақыт өткізетіндердің көшін Жапония  бастап тұр. Бізге де үлгі аларлық бастама емес пе? Интернет «тілін» білгендер пай­даға кенеліп, білмегендерге ол құзбен пара-пар. «Пайда ойламай, арды ойлап» жатқандар көп пе, аз ба? Ол жағын дөп басып айту қиын шығар. Десек те, кезінде ғаламтор шыққанда мы­на­дай­ сөз де қатар айтылып жүретін: «Компью­­терде отырғандарды кітап оқы­ған­дар басқарады». Ақиқаты бар пікір.

Пайдасы мен зияны

Былай қарап тұрсаңыз, ғылыми процестің дамуына көз ілеспейді. Әлемдік, Apple компаниясының өзі барша әлемдегі технологиялық жаңалықтарды ойлап табу бойынша ең ілгері келе жатқан өнеркәсіп орталығы деп айтуға толық негіз бар. Бірақ сондай алыптар жаңалық лебіне ілесіп отырмаса, көшке ілесе алмайтынын түсінеді. Сондықтан смартфлондар, гаджеттер, планшеттер бірінен соң бірі шығуда. Кейде тіпті жаңбырдан кейінгі бәйшешекке теңеуге болатындай көрінеді. Яғни, сіз 2-3 сағат көз алмай компьютерге үздіксіз тесіліп қарайтын болсаңыз, зиян болуы мүмкін. Сондықтан ара-арасында көзге арналған жаттығулар жасап, миды тынықтырған абзал. 

Ал былай алғанда сізге үлкен көмекші құрал. Дүниенің қай бұрышында болсаңыз да, жылдам хабар алғызады. Айналасы бірнеше уақытта қажетті ақпаратқа жылдам қол жеткізуге болады. Хабарласатын жақын-туыстарыңызбен хат алмасуға, тілдесуге, тіпті экран батырмасы арқылы сөйлесуге мүмкіншілік ашылған. Құжат рәсімдеу, оны тіркеу, баздан тексеру сынды нәрселер тікелей ғаламтордың көмегімен іске асады. Мұнда уақыт үнемделеді, артық шығын болмайды. Бұл дегеніміз XXI ғасырдың нағыз ғажап шедеврі десек болады.

Хош, сонымен, жапон халқының бұл мәселеде алға кеткенін білдік. Ендеше, кеш болмай тұрғанда бізге де бір жолын табу керек сияқты. Интернет адамзатты емес, адамзат интернетті басқарса игі болмақ.