24 жастағы Томирис Кәкімова «Қазақстан аруы» атанды

24 жастағы Томирис Кәкімова «Қазақстан аруы» атанды
Сурет: Ашық дереккөз

«Қазақстан аруы» байқауына қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен 20 мың ару өтінім берген

Алматыда «Қазақстан аруы-2022» байқауының финалы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Биыл еліміздің алғашқы сұлуы атану құқығына 23 бойжеткен таласты.

Оның ішінен бірінші кезеңде 12, содан кейін – ең үздік бес қатысушы іріктелді, қазылар алқасы соның ішінен жеңімпаз бен лауреаттарды таңдап алды.

Олар әлемнің төрт басты сұлулық байқауына қатысады.

«Қазақстан аруы» атағын және «Әлем аруына» жолдаманы Астанадан келген 24 жастағы Томирис Кәкімова жеңіп алды. Оған сондай-ақ 5 млн теңгенің сертификаты берілді.

Томирис Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «халықаралық құқық» мамандығы бойынша бітірген. Кейін Көкшетау университетінде құқықтану магистрі дәрежесін алды.

Енді Томирис Кәкімова «Әлем аруы» халықаралық байқауында ел намысын қорғайды.

Сондай-ақ «Әлем аруы Қазақстан» тәжін және «Әлем аруына» жолдаманы 19 жастағы алматылық Диана Тәшімбаева еншіледі.

«Жершары аруы Қазақстан» атағы мен әлем конкурсына жолдама 19 жастағы алматылық Дильназ Тилаеваға бұйырды.

19 жастағы Томирис Заир «Қазақстан вице-аруы» атанды.

Көрермен көзайымы сыйлығына Семей қаласынан келген 18 жастағы Алтыния Ғазизова ие болды.

Соңғы кезең бірнеше жарыстан тұрды. Қатысушылар әртүрлі киім мен суретте жеке және топтық дефиле көрсетті, содан кейін сұрақтарға жауап берді.

Қазылар алқасының құрамында продюсер Жан Мұқанов, актриса Аружан Жазылбекова, блогер және көпбалалы ана Дана Есеева, тележүргізушілер Динара Сәтжан мен Айдай Исаева, сондай-ақ белгілі украиндық әнші Светлана Лобода болды.

Айта кетейік, Қазақстан аруының тәжі биыл жаңарды - ол Арменияда күмістен, платинадан және 600 цирконий тасынан жасалған.

«Қазақстан аруы» байқауына қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен 20 мың ару өтінім берген.