Қазақстанда математика мұғалімі жетіспейді, ал Америкада есепті енді жасанды интеллект шығарады

Қазақстанда математика мұғалімі жетіспейді, ал Америкада есепті енді жасанды интеллект шығарады
Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Almaty-akshamy.kz сайтында жарияланған жаңалықтарға шолу – күн керуені

ҰТО-да тегін онлайн сабақтар жүргізіліп жатыр

Бұл сабақтар білім беру орталықтарының YouTube арналарында тікелей эфирде өтіп, сақталады. Талапкерлер кез келген уақытта оларды қайта қарай алады.

ҰБТ-да «Қазақ әдебиеті» мен «Орыс әдебиеті» пәндерінен кездесетін шығармалар тізімі (мектеп бағдарламасынан), сондай-ақ «Информатикадан» ҰБТ сұрақтарында кездесетін немесе сұрақтың мазмұнын түсіну үшін қажет терминдер тізімі ҰТО сайтында орналастырылды.

 

Даудан арылмаған Дайрабаев пен Дәулет

Б. Әлтеев, А. Толамысов, Г. Қанай, С. Огай, Ж. Дайрабаев, Қ. Майгелдінов, Б. Уәли, А. Тимощенко-Боровикова, С. Сарыбай, Д. Тұрлыханов, А. Лодочников, С. Құранбек, Э. Суларов Ұлттық Құрылтайдың құрамынан шығарылды.

Ресми ақпаратта атап өтілгендей, Ұлттық құрылтай жұмысына жаңа қоғам өкілдері қосылды.

 

Жалақыны кешіктірмеңіздер!

Әйтпесе жұмысшыға өтемақыны қоса төлейсіз! Ресей Федерациясының мемлекеттік думасы жұмысшылардың құқығын қорғау бағытында аса маңызды құжатты қабылдады. Бұл заң жобасын қабылдауға конституциялық сотқа келіп түскен шағым себеп болған. Дегенмен, мақұлданған заңда жалақыны қанша күн кешіктіргеннен кейін өтемақы есептелетіні айтылмаған. Депутаттар бекіткен жаңа нормаларға сәйкес өтемақы мөлшері қызметкер оны алуы тиіс күннен бастап түпкілікті төлем жасағанға дейін нақты төленбеген ақшадан есептелетін болады.

 

Еліміздің әскерлері БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысады

Қазақстан тұңғыш дербес бітімгершілік контингентіне қатысады.

Конституцияның 53-бабының 5-тармақшасы бойынша, БҰҰ мынадай миссиясына:

Бірінші – Голан биіктігінде бөлінуді бақылау күштеріне;

Екінші – бітімге келу шарттарының орындалуын байқау органына;

Үшінші – Оңтүстік Судан Республикасындағы миссияға;

Төртінші – әуедегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету уақытша күштеріне қатысу үшін саны 430 адамнан аспайтын контингентті жіберу туралы ұсыныс енгізіледі.

 

Алматының алмасы

Енді иіссуға айналды.  Оны «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Сәтбаев университетінің аға ғылыми қызметкері Гүлжан Түзелбаева жасаған.

Атаулары қазақша. «Алматы апорты», «Апорт», «Жаңа апорт», «Амир», «Аида», «Минералды раушан». Франциядағы парфюмерлердің ең жоғары бағасын алған Көкжайлаудың қайың иісі де бар. Бағасы-35-50 мың тг аралығында.

 

Қазақстан бірыңғай уақытқа көшеді

1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнатылады. Осылайша, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына 5-ші уақыт белдеуі (UTC+5) қолданылады. Қаулы ресми түрде жарияланып, 2024 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді.

 

Қазақстан мектептерінде 2817 педагог жетіспейді

Әсіресе, математика және орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдеріне сұраныс жоғары.

Мұғалім тапшылығы мәселесін шешу үшін еліміздің 4 өңірінде 2022 жылдан бастап Қазақстан Республикасы үкіметінің 2022 жылғы 13 маусымдағы № 390 (Атырау, Алматы, Маңғыстау және Түркістан облыстары) қаулысымен бекітілген арнайы бағдарлама іске асырылып жатыр.

 

Шетелдік көлігін тіркемегендерге айыппұл салынады

Министрліктің ақпаратында айтылғандай 304 мыңнан астам шетелдік автокөлік тіркелді. Оның 21 мыңы — автоконструктор. 55 мың автокөлік уақытша есепке алынды. «Шетелдік автокөлік иелеріне белгіленген тәртіпте тіркелмеген автокөліктерді пайдалану үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын еске саламыз», - деді ведомстводағылар.

 

Есепті енді жасанды интеллект шешетін болды

Американдық математиктер күрделі геометриялық есептерді шеше алатын технологиялық жүйе ойлап тапты. Жасанды интеллектінің көмегімен жасалған тың дүние білім бәйгелеріндегі тапсырмаларды жылдам шеше алады. Тіпті халықаралық олимпиадада қолданылатын 30 сауалдың 25-ін кідірмей дұрыс тапқан. Мұны қазылар алқасы да құптап отыр. Енді нейрожеліні мұнан да күрделі тапсырмаларды орындауға қолдану керек дейді ғалымдар.

 

Алматыда жасыл желектерді кескендердің ісі сотта қаралды

Алматы соты «К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жер телімін пайдалануға қатысты заңбұзушылықтарды жоюды міндеттеді, себебі компания жасыл желектерді жойып, орнына ақылы автотұрақ ұйымдастырды.

Сот анықтағандай, "аумақты көгаландыру“ мақсатындағы жер телімін меншік иесі басқа мақсатта пайдаланған. Жоғарыда аталған мекеме жер учаскесінде ақылы автотұрақ ұйымдастырып, жасыл желектерді жойып жіберген. Заңнамаға сәйкес, егер меншік иесі жер учаскесінің нысаналы мақсатын бұзса, мемлекеттік уәкілетті органдар бұзушылықтарды жою және оның мақсатты түрде пайдаланылуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды.