Құранның құдіреті, Жыр жолбарысы, Израиль атыспайды, Жетімнің ақысын жеген, Ерден кетсең де, елден кетпе!

Құранның құдіреті, Жыр жолбарысы, Израиль атыспайды, Жетімнің ақысын жеген, Ерден кетсең де, елден кетпе!
Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Almaty-akshamy.kz сайтында бүгін жарық көрген жаңалықтарға шолу – күн керуені

Президент Дархан Жазықбайды қабылдады

Мемлекет басшысы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасын қабылдады. Дархан Жазықбай агенттіктің былтырғы атқарған жұмысының есебі мен алдағы кезеңге арналған жоспарын таныстырды. Президент сервистік және адамдарға бейімделген мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру және мемлекеттік қызмет жүйесіне заманауи технологияларды енгізу ісін жалғастыруды тапсырды.

Алматылық оқушылар шетелге  жолдама алды

Жарыс қорытындысы бойынша №124 мектептің «Team 124» командасы «Winning Alliance 2nd pick» және «THINK AWARD 2st place» номинациясын және Лондонда өтетін халықаралық «UK first championship 2024» жарысына қатысуға жолдама, ал №206 мектеп-гимназиясының оқушысы Оңғарбек Томирис  АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін «2024 FIRST Championship, Houston» жарысына қатысуға сертификат жеңіп алды. Алматы қаласының намысын қорғаған оқушылар бірнеше жүлделі орындарға ие болды.

Алматыдағы айрықша көрме

Көрменің бір бөлігінде жасанды интеллект көзімен бейнеленген Қазақстан суреттеледі. Алматы орталық көрме залы және Plan В галереясының қызметкерлері ұйымдастырып жатқан көрмеде нейрожелі арқылы жасалған 120 жұмыс түрі көрсетіледі. Жоба қонақтары еліміздің табиғатын, сәулеті мен ұлттық асханасының балама көріністерін тамашалай алады.

Израиль атыспайды

Израиль Рамазан айында Газа секторына шабуыл жасауды тоқтатуға келісті. АҚШ президенті Джо Байден Американың "Эн-би-си" телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Және де ол ымыраның келесі аптада күшіне енетініне үміт білдірді. Уақытша бітім қабылданатын болса, тараптар ең алдымен тұтқын алмасуы мүмкін. Сонымен қатар, хамастықтар атысты доғару жайлы пәтуаға Газаға гуманитарлық көмек кіргізу мәселесін қосуды талап етіп отыр.

Құранның құдіреті

Грозный соты 2023 жылы 4 мамырда Құран кітабын өртеген Волгоград тұрғыны Никита Журавельге үкім шығарды. Ол енді жазасын жалпы режимдегі түрмеде өтейтін болады. Тасс агенттігінің мәліметіне сүйенсек, ол сот үкімін тыңдағаннан кейін барша мұсылманнан кешірім сұрап, сот үкімін әділ деп санайтынын мәлімдеген. Бұған дейін ол Ислам дінін қабылдағысы келетінін айтқан. Тіпті, Құран оқып алғашқы қадамдарын жасап жүргенін жеткізіпті.

Жетімнің ақысын жеген

Сот орындаушысына қатысты ҚР ҚК 251-бабы (Жеке сот орындаушысының өкілеттіктерін теріс пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алматы облысында жеке сот орындаушысы бір жарым жыл бойы алимент жымқырған. Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бір жарым айда борышкердің жалақысынан сот орындаушысының арнайы шотына баланы асырауға деп 816 мың теңге аударылған. Сот орындаушысы бұл ақшаны баланың анасының шотына әрі қарай аудармаған.

Қоғамдық ұйықтау күні

Мұндай күнді естуіңіз бар ма? Бүгін жұмыс орнында ұйықтауға болады. Қоғамдық ұйықтау күні туралы көпшілік біле қоймас.  Өйткені бұл адамның ерекше жағдайда ұйықтауға бейімділігімен байланысты. Бұл мереке қоғамдық ұйқы күні немесе қоғамдық ұйықтау күні деп аталады (Қоғамдық ұйықтау күні). Ол жыл сайын 28 ақпанда атап өтіледі.

Табиғатты ластама!

Еуропарламент депутаттары «Табиғатты қалпына келтіру» туралы жаңа заңды мақұлдады. Соған сәйкес көк тунецті заңсыз аулағандар, улы қалдықтарды жерсіндіріп, қоршаған ортаны ластағандар, озон қабатын бұзатын заттарды пайдаланғандар қылмыстық жазаға тартылады. Экоцидке жол беріп, адам өліміне себепкер болған кәсіпорын басшылары 8-10 жылға дейін түрмеге тоғытылмақ.

Ерден кетсең де, елден кетпе!

Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров әлеуметтік желіде өз пікірін білдіретін әйелдерге шектеулер енгізуді ұсынды. Ол өзінің орынбасары Эдил Байсаловқа әлеуметтік желілерде пайда болатын жарияланымдарға мониторинг жүргізуді тапсырды. Министрлер кабинеті басшысының айтуынша, ажырасқан әйел күйеуі мен оның ата-анасы туралы теріс пікір білдірмеуі тиіс.

«Біз дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызға қайшы келетін ақпараттың таралуын шектеуіміз қажет. Кейбір келіндер туған әкесін мақтап, қайын атасы мен қайын енесін даттайды. Ал ажырасқан кезде олар өз пікірлерін әлеуметтік желіде білдіреді. Бұл үлгі алар үрдіс емес», деді министрлер кабинетінің төрағасы.

Кеңестің көзі еді...

КСРО-ның соңғы үкімет басшысы  Николай Рыжков 95 жасында дүниеден озды. Қоғам қайраткерінің ақтық демі Мәскеу қаласында шықты. 1980 жылдардың ортасындағы экономикалық жаңалықтарда жетекші рөл атқарған ол алғаш шағын кәсіпкерлікті қолдауға қарай бет бұрған.

Николай Рыжковты қызметінен 1990 жылдың 25 желтоқсанында КСРО президенті Михаил Горбачев босатқан.

Жыр жолбарысы

«ХХ ғасырдың  Гомері» атанған  Жамбыл Жабаевтың туған күні.

Жамбыл Жабаев 1846 жылдың 28 ақпанында Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Ұлы жүздің Шапырашты тайпасының Екей руынан шыққан. Арғы аталары дәулетті болғанымен, Жамбылдың әкесі Жапа шаруа кісі болған. Кей тарихи деректе жыр алыбының әкесі туралы шоқпыт шапанды кедей болған деген де сипаттама кездеседі.

"Қақаған қар аралас соғып боран,

Ел үрей - көк найзалы жау торыған.

Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,

Жамбыл деп қойылыпты атым содан", - дейді Жамбыл ақын.

Жамбыл 1945 жылы 22 маусымда Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өткен.