Қазақстандық режиссердің фильмі халықаралық кинофестивальге ұсынылды

Қазақстандық режиссердің фильмі халықаралық кинофестивальге ұсынылды
Сурет: Inform.kz

Қазақстандық режиссер Самғар Рақымның «Көше ақыны» фильмі Оңтүстік Кореядағы халықаралық кинофестивальде көрсетіледі.

«Көше ақыны» қысқа метражды фильмі Music film's Landscape секциясында көрсетілмек. Бұл бөлім заманауи музыкалық фильмдерден бастап, әртүрлі музыкалық жанрлар мен музыканттарға арналған фильмдерді, сонымен қатар музыка арқылы әмбебап өмір мен түрлі мәдениеттерді көрсететін барлық картиналармен таныстырады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Көше ақыны» фильмінің желісі ұрпақтар арасындағы қақтығыс мәселесін қозғайды. Оқиға айтыста нан тауып жүрген әкесі Таңжарық пен оның ұлы Тұранның арасында өрбиді. Мәселен, рэпке қызығып, түрлі рифмалар мен речитативтерді құрастыратын ұлының өнерін әкесі қабылдамайды. Фильмнің авторлары көрерменге кез келген түсініспеушілікті шешіп, уақыттың жаңа тенденцияларына бейімделуге болатындығын, сонымен қатар ата-бабалар мұра еткен құндылықтарды сақтау керектігін көрсетуге тырысқан.

Өткен жылы «Көше ақыны» АҚШ-та өткен Meihodo International Youth visual Media Festival 4-ші халықаралық кинофестивалінде «Музыкалық бейне» санатында марапатқа ие болды және Annapolis Film Festival көрермендер көзайымы жүлдесін жеңіп алды. Сондай-ақ, жыл сайынғы 6-шы Халықаралық Baiqonyr International Short Film Festival қысқаметражды кино фестивалінде картина «Үздік монтаж» номинациясы бойынша үздік танылды.

Айта кетейік, 18-ші Халықаралық музыка және кино фестивалі Чехчон қаласында (Оңтүстік Корея) өтіп жатыр.