20 минутта ЖСН алғандарға ҰБТ-да да жағдай жасалған

20 минутта ЖСН алғандарға ҰБТ-да да жағдай жасалған
Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Almaty-akshamy.kz сайтында бүгін жарияланған жаңалықтарға шолу – күн керуені

Жер дүмпуі басылмай жатыр...

24 қаңтар күні таңертең Алматыдан 212 шақырым жерде тағы да жер сілкінісі болды. Жер сілкінісінің энергетикалық класы 10,3 болды. Магнитудасы – 4,4. Жер сілкінісі 10 шақырым тереңдікте болды. Қазақстан аумағында жер сілкінісі сезілген жоқ, алматылықтар дүмпуді сезген жоқ. Сейсмологтар таңғы сағат 7:35-те Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 250 шақырым жерде Қырғызстан мен Қытай шекарасында кезекті жер сілкінісін тіркеді. Алматылықтар мұны да сезген жоқ.

Бұдан кейін Алматы уақыты бойынша сағат 14:03-те барлығы бес жер сілкінісі тіркелді. Соңғы жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 271 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан. Магнитудасы - 4,7.

Тілсіз жау да жағаласып...

Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгін таңғы сағат 7 шамасында кезекші бөлімге Іле ауданының Первомай өнеркәсіп аймағында металл конструкцияларынан жасалған, аумағы 3600 шаршы метр болатын полиэтилен тауарлары сақталған қоймадан өрт шықты. Зардап шеккендер жоқ.

Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД 37 қызметкері мен 14 техникасы және Алматы қаласынан 22 маман мен 4 өрт сөндіру машинасы жұмылдырылды.

Өрттің кесірінен Алматыны қара түтін басты

Сағат 7:00-ден 9:20-ға дейін қара түтін көтеріліп, бірнеше шақырымға созылды, желдің аздығынан түтін баяу өтіп, қала шегіне шамамен 3 сағат бойы тарады.

Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, қаланың солтүстік бөлігінде атмосфералық ауаның нашарлауына және қара түтіннің пайда болуына Іле ауданындағы Бірінші Мамыр өнеркәсіптік аймағындағы өрт себеп болды.

Көбей, қазақ!

Бұған дейін үш баласы бар астаналық келіншек үшем босанды. Сәбилердің анасы Ажар Қабитова жұбайымен бірге 2020 жылы дүниеге келген қыздары мен 2022 жылы туған егіз балаларын тәрбиелеп отыр. Үшемнің бәрі – ұл. Балалардың салмағы – 3 мың, 2 300 және 2 500 грамм. Жаңа туған нәрестелер бір аптаға жуық уақыттан бері №2 қалалық көпсалалы ауруханада жатыр.

Астаналық үшемдердің үшеуі де ұл болса, сарығаштық жас ана Гүлмира Даурбаева үш қызды дүниеге әкелді. Сөйтіп, сарыағаштық батыр ана бүгін 8 баланың анасы атанды. Мерзімінен бұрын дүние есігін ашқан нәрестелерге жансақтау бөлімінің мамандары тарапынан ерекше күтім жасалған.

20 минутта ЖСН аласың!

Енді елімізде жаңа туған балаға бірден ЖСН беріледі, бұрын бұл пилоттық жоба болған.

Мәжіліс байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Байланысымыз виртуалды бола ма?

Мәжілістің жалпы отырысында талқыланған заң жобасы бойынша, Қазақстанда виртуалды ұялы байланыс операторын енгізу қарастырылып жатыр. Қазір виртуалды байланыс операторын пайдалану бойынша халықаралық тәжірибе қалыптасқан. Олар қазір жұмыс істеп тұрған байланыс операторларынан трафикті жалға алады. Әмбебап SIM-картасы жақын тұрған кез келген антеннадан байланыс сигналын алады. Мұндай карталардың тарифтері біршама қымбатырақ болады, сондай-ақ бүкіл ел бойынша үздіксіз байланысқа мүмкіндік жасалады.

«Кәрі құдаң әлек салды...»

Ауа райының қолайсыздығы кесірінен 2 облыстағы республикалық маңызы бар автожолдарда автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалысқа шектеу енгізілді. Қазір автожолдарды күтіп-ұстауға 648 техника мен1381 жол қызметкері жұмылдырылды.

Вейп үшін 5 жылға сотталасың!

Елімізде электронды темекілерді тасымалдауға, өндіруге және сатуға тыйым салатын заңды бүгін Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда мақұлдады

Заңда вейптерді заңсыз айналымға жібергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған:

вейп сатқаны үшін ең ауыр жаза - 50 тәулікке дейін қамауға алу;

әкелу және тарату үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру;

қылмыстық топ жасаған не аса iрi мөлшерде не бiрнеше рет жасалған дәл сол әрекеттер үшiн - 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

ҰБТ тапсырушыларға калькулятор мен химиялық кесте беріледі

Ұлттық бірыңғай тестілеуді электронды форматқа ауыстырғаннан кейін тест тапсырушыларға калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болды. Соның нәтижесінде олар тестілеу бағдарламасына енгізілген. Оны тестілеу әкімшілері ҰБТ тапсыратын аудиторияда беретін болады. Яғни, тестке қатысушылар өздерімен бірге алып келмейді. Осылайша, талапкерлер кестелердің электрондық форматын да, қағаз форматын да қолдана алады.

Суару маусымына дайындық басталды

Дайындық аясында топырақ құрамындағы ылғал мөлшерін арттыру бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 12 мың гектарға немесе суармалы алқаптың 25 пайызында ылғалдату жұмысы жүргізілді. Ал, Жетісай ауданында ылғалдату жоспарланған 54 мың гектардың 10 мың гектарына (19%) су берілді.

Министрдің көзқарасын айқындаған...

Балаева БАҚ-тың рөлін Алматыда болған жер сілкінісіне байланысты бағалады.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі жақын арада төтенше жағдайлар кезінде БАҚ пен әлеуметтік желілер жұмыстарының егжей-тегжейлі алгоритмін ұсынбақ. Сондай-ақ, біз Төтенше жағдайлар министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ішкі істер министрлігі және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен БАҚ қызметкерлері үшін бірқатар оқу тренингтерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Тренинг аясында қатысушылар төтенше жағдайларда, митингілерде, өрт кезінде, жазатайым оқиғалар мен балалардың қатысуымен болған фактілерді жариялауға қатысты қажетті ұсыныстар мен нұсқауларды ала алады. Бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы тек объективті және уақытылы ақпарат тарату ғана емес, кейде адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін де жауапты екенін білу маңызды», деп жазды Аида Балаева өзінің Facebook парақшасына.