ҰБТ тапсыру кезінде үміткерлерге калькулятор және химиялық элементтердің кестесі қолжетімді

ҰБТ тапсыру кезінде үміткерлерге калькулятор және химиялық элементтердің кестесі қолжетімді
Сурет: Gov.kz

Ұлттық бірыңғай тестілеуді электронды форматқа ауыстырғаннан кейін тест тапсырушыларға калькулятор, Химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болды. Соның нәтижесінде олар тестілеу бағдарламасына енгізілген.

«Өздеріңізге белгілі, «Химия» пәнін тапсырушыларға компьютерде Химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі ұсынылады. Сондай-ақ, өткен жылдан бастап кестелердің қағаз нұсқасы ұсынылады. Оны тестілеу әкімшілері ҰБТ тапсыратын аудиторияда беретін болады. Яғни, тестке қатысушылар өздерімен бірге алып келмейді. Осылайша, талапкерлер кестелердің электрондық форматын да, қағаз форматын да қолдана алады», - деп атап өтті ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Естеріңізге сала кетейік, тестілеу кезінде барлық талапкер үшін тестілеу бағдарламасында «Математикалық сауаттылық», «Математика», «Информатика», «Физика», «Химия» және «География» пәндері бойынша есептерді шешуге арналған арнайы калькулятор болады.

Тестілеу аяқталғаннан кейін әр пән бойынша тақырыптық талдау ұсынылады. Бұл тек тестілеу нәтижелерімен танысып қана қоймай, келесі ҰБТ-ға жақсы дайындалуға мүмкіндік береді.