Транскаспий халықаралық көлік бағдары экспорттың өсуін қамтамасыз етеді

Транскаспий халықаралық көлік бағдары экспорттың өсуін қамтамасыз етеді
Сурет: Rail-news.kz

Елордада «ӘТЖ» ЖАҚ (Әзірбайжан) және ірі отандық экспорттаушылардың қатысуымен «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның ұйымдастырған  халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Іс-шарада отандық экспорттаушылардың жүктерін әлемдік нарықтарға барынша жылдам және экономикалық тұрғыда тиімді жеткізуге мүмкіндік беретін Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) артықшылықтары мен мүмкіндіктері талқыланды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Дөңгелек үстелге қатысушылар – қазақстандық бизнесті, экспорттаушыларды (тау-кен өндіру, мұнай-химия, аграрлық және басқа да өнімдер) таныстырды, ірі жүк жөнелтушілер өз сұрақтарын тікелей қоя алды, ұсыныстар енгізді және жүк тасымалдарын ұйымдастырудағы өзара іс-қимылдың, ТХКБ бойынша тасымалдарды дамытудың негізгі мәселелерін талқылай алды.

Жалпы, іс - шараның күн тәртібі ауқымды болды – жүк тарифтері мен номенклатураларынан басқа, кедендік ресімдеу, кеме партиялары, споттық нарықтар, биржалық баға белгілеулер, экспорттаушылардың өнімді тасымалдауға жұмсайтын шығындарын азайту және басқа да мәселелер қозғалды. Сөз сөйлегендер кедендік рәсімдерді жетілдіру, көлік-логистикалық секторды жаңғырту, халықаралық дәлізде көлік қызметтерін цифрландыру, логистикалық саясатты қалыптастыру және іске асыру туралы айтты.

Экспорттаушылар ҚТЖ-ның отандық өндірушілерді қолдау бойынша жүргізіп жатқан саясатының арқасында көптеген кәсіпорындар өз өнімдерін алыс қашықтыққа жеткізе бастағанын атап өтті. Ол үшін ҚТЖ ТХКБ-ның «жұмсақ және қатты инфрақұрылымын» дамыту, Қазақстан аумағында да, елден тыс жерлерде де логистикалық қызметтер сервисін арттыру бойынша жұмыстарды белсенді жүргізеді.

«ТХКБ бойынша 2023 жылы жүктерді тасымалдау 2,8 млн тоннаны құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 86% өсті (өсім 1,5 млн тонна). Бүгінгі таңда бағдар бәсекеге қабілетті жеткізу мерзімін ұсынады – орташа есеппен 12 күн. Орта мерзімді перспективада біз дәліз бойынша жүк тасымалдау көлемін 10 млн. тоннаға дейін жеткізуге мүдделіміз», - деп атап өтті «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының логистика жөніндегі орынбасары Ерлан Қойшыбаев.

Жүк жөнелтушілер, экспорттаушылар жұмыста оң нәтижелерге қол жеткізу үшін өз сұрақтары мен ұсыныстарын айтты.

Сонымен қатар, Әзірбайжан теміржолшыларының Қазақстанға сапары аясында «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдерімен, қазақстандық экспорттаушылармен, логистикалық компаниялармен және жүк жөнелтушілермен бірқатар жұмыс кездесулері мен келіссөздер болып өтті.