Женевада қазақтың ұлттық музыкасы орындалды

Женевада қазақтың ұлттық музыкасы орындалды
Сурет: Elorda.info

Женева консерваториясының концерт залында «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің, тенор Медет Шотабаевтың және «Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт» ұйымы музыканттарының «Bridge of Times» концерті өтті.

Женевада орналасқан БҰҰ бөлімшесі жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігі бұл жобаны «Қазақконцерт» өнерпаздарымен бірлесіп, олардың әлемдік турнесі аясында женевалық La Haute École de musique de Genève, le Centre d'Accueil de la Genève Internationale (CAGI) және les Ateliers d'ethnomusicologie (ADEM) қолдауымен жүзеге асырды. Бұл жергілікті аудиторияға бағытталған соңғы уақыттағы ең ірі мәдени іс-шара болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Elorda.info-ға сілтеме жасап. 

«Тұран» этно-фольклорлық ансамблі қазақ халқының өзіндік музыкалық өнерін, көне аспаптардың дыбысын және көмей ән өнерін жаңғыртуға ұмтылып келеді. Қобыз, жетіген, шертер, ортеке, сыбызғы және тағы басқа 30-дан астам ұлттық музыкалық аспапта өнер көрсеткен қазақстандықтарды көрермен жылы қарсы алды.

Сонымен қатар аудитория халықаралық байқаулардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тенор Медет Шотабаевты ыстық ықыласпен қабылдады.

Ұлттық және классикалық музыка аспаптары үшін жазылған және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Ақтоты Райымқұловамен бірге орындалған композициялардың орындалуы кештің шарықтау шегіне айналды.

Аншлагпен өткен концерттің соңында қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды.