Дамудың даңғыл жолына түсті

Дамудың даңғыл жолына түсті
qazaqadebieti.kz

Әділетті Қазақстан


ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» бастамасымен елдің дамуының перспективалық бағыт-бағдары айқындалды. Осы жолда оң өзгерістер жүзеге асуда.

Мегаполиске бір топ сенатор жұмыс сапарымен, шаһардың жай-күйін, ахуалын білу мақсатында әрі дамыту жолдарын анықтау үшін жергілікті жұртшылық, атқамінерлермен жүздесті. Орайлы сәтті пайдаланып, Алматыдағы әлеуметтік кәсіпкерлік, экология, елдегі заң үстемдігі, баспана жайы, жастар саясаты сынды бірқатар көкейкесті мәселелерді қозғап, ҚР Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік мәдени-даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре ЖҮСІПТІ әңгімеге тартқан едік.

Әділ қоғам жарық болашақ

Нұртөре Байтілесұлы, «Әділетті Қазақстан» ұғымын бұқара қалай ұғына алады. Мұның негізі қандай?

– Мемлекет басшысының ең өзекті етіп көтергені ол – заң үстемдігі. Өздеріңіз білетіндей, заңдар қабылданады және орындалуы керек. Өйткені, осыған дейін түрлі заңдар қабылданып келді. Алайда, орындалу процесінде толық жүзеге аспай жататыны оқта-текте болып тұрды. Сонау данышпан Абай атамыздың қара сөздерінде ең басты екі нәрсеге тоқталады. Олар – әділет пен махаббат. Дүниенің жаратылысында осы екі нәрсе болмаса, қалғанының бәрі теңгерімсіздікке алып келетінін айтады. Әділет идеясын 100% орнықтыру мүмкін емес шығар. Бірақ қоғамның негізгі бағыттары соған бағытталуы қажет. Әділетті Қазақстан деген ойдың негізгі өзегі сонда тұр.

Заң үстемдігі керек

Бізде заң үстемдігі артып келе ме?

– Мәселен, екі адам дауласа қалса, кімге жүгінетінін білесіз. Әрине, үшінші адамға төрелік айтуға жүгінеді. Ал енді төрелік айтушы әділ, тура болса, дұрысын айтса, ол төрелікке көнесіз. Дегенмен, теріс шешім шығаратын жағдайы да болуы мүмкін. Сондықтан құқықтық нормалардың сақталуын қадағалайтын заң органдары барынша таза, сапалы іс атқаруы керек. Соның ішінде сот жүйесінің әділдігі көп көтеріліп жүрген мәселе саналады. Жақында Конституциялық сот құрылды. Оның мүшелері Парламентпен келісе тағайындалды. Бұл да болса, демократиялық, жаңарған кезеңге аяқ басудың игі қадамдарының көрінісі саналады.

Заң үстемдігі дегенде, бастысы – адам құқығы. Ол жөнінде де өкілетті орган бар. Азаматтар үшін негізгі мәселе өз құқықтарының қорғалуы, қоғамда мамыражай күн кешуі болып табылады. Түптеп келгенде, сот жұмысының ашықтығы, төреліктің әділ болуы, кісінің құқығының қорғалуын қамтамасыз етуі басты назардан түспеуі шарт. Мемлекет ісі әр адамның құқығының қорғалуында, білім алуда, денсаулығына ем алуда және тағы да басқа жұмыс істеуде байқалады деп ұғамыз. Сол себепті де, баршамыз бірлесіп, татулықты сақтап, әрбіріміз өз саламызда жемісті жұмыс істей білсек, көшті бастап, топтың алды боларымыз анық.

Заман ептінің қолында

ХХІ ғасырдың жастары қандай болуы керек?

– Көп дүние әркімнің өз белсенділігіне байланысты. Қожанасырдың «түйенің үстінде талқандауды үйреткен өзім едім» деген сөзі бар ғой. Сол секілді, бәрін береді екен деп жата бермеу керек. Ең бастысы, еңбектену маңызды. Бізден озып кеткен елдердің жүріп өткен жолына қараған абзал. Қанша дегенмен, қарыштап дамыған мемлекеттердің тәжірибесін қарау керек. Мысалға Жапония, Корея, Қытайда таңғы сағат 5-тен бастап іске кіріседі. Олардың тынымсыздығы таңдандырады. Соның арқасында технологиялық прогресс өте жоғары. Ғаламда ғаламат ойлап табудан алғашқы орында келеді. Үлгі алатын нәрсе көп-ақ.

Қазіргі таңда «Жастар саясаты туралы» заң қабылданды. Бұрын жастардың жас шамасы 29 тұғын. Енді 35-ке көтерілді. Бұрын жуықтап алғанда 3 миллион төңірегінде жастар бар еді. Осыдан кейін 6 миллионға көбейді. Былайша айтқанда, саны 2 есеге артты. Бұған дейінгі жас санаты бойынша олар түрлі әлеуметтік бағдарламаларға, үй алуға қатыса алмай қалатын. Бұдан былай оның да өз шешімі табылды. Сонда да жасың 35–40-ты алқымдаса да, жас болып жүре беруге де болмайды. Халық даналығында «болатын бала 15-інде баспын дер, болмайтын бала 30-ында жаспын дер» деп тәмсілдейді. Жас азаматтарға жасалып жатқан мүмкіндіктер аясы өсті. Мұның мәнісі жастарды қолдау екені айқын.

Қазақ мемлекетінің дамуына серпін беруде жас адамның қуаты, қайраты, жігері аса қажет. Әсіресе, ел басқаруда, азаматтық ұстанымда жаңа тектің өсуі барлығынан маңыздырақ. Жаңа тұлғаларымыздың қалыптасуы, елдің ертеңі, жарқын келешегінің айғағы іспетті нәрсе. Сондықтан да айрықша көңіл бөлудің түпкі мәні осында. Жаңарған, жаңғырған қоғамда, мемлекет ісінде, саясат пен экономикада бәрін кадр шешеді деген бекер емес. Отаншыл рухтағы кадрларды өсіріп шығаруда жас толқынның белсенділігі көрініс бергені жөн. Үлкендер ақыл-кеңес білдірсе, кейінгі буынның соны іс жүзінде іске асыруы Отан алдындағы міндет пен ізгі абырой болмақ.

Осы орайда, ауыл жастарына да көңіл бөлінуде. Жалпы, ауыл мен қала деп бөлінбей, тізе қосып әрекет қыла берген жөн.

Баспана мәселесін тездетіп  шешу керек

Өзіңіз баспана мәселесін айтып өттіңіз, осының шешімі қашан табылады?

– Адам болғаннан кейін оның басында баспана болуы керек. Ол жағы түсінікті де. Бірақ кез келгеннің бұған қолы жете бермей тұр. Жас отбасылардың ахуалы толғантады. Бұны тездетіп атқамінерлер қолға алып, түйткілді уақыт оздырмай таратқаны дұрыс. Әйтпесе, бір мәселе екіншісіне қосақталып жинала беретін түрі бар.

Елімізде ипотекалық бағдарламалар түрі де, саны да аз болып тұр. Ол һәм көпшілікке тиімсіздеу. Небәрі 5-6 бағдарлама бар шығар. Онымен жастарды, жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету қиын. Сондықтан жастардың барлық санатын қамтитындай бағдарламалар қатары артса екен. Тек мемлекеттік қызметте істейтіндер ғана емес, өмірдің әр саласында іс атқаратындардың да жағдайын ескерейік. Таяқтың екінші ұшы барын да ұмытпайық. Елде 200–300 мың көлемінде ештеңеге қызықпайтын азаматтарымыз бар. Оларды да еңбекке, үлкен-үлкен бизнес жобаларға тарта білу керек болып тұр. Ол да ауқымды мәселе. Міне, осыларды бірлесіп, қоғам, ел-халық болып келісіп, түйінін тарқатсақ, үйлі-күйлі болудың реті өздігінен табылар еді.

Агломерация туралы заң қабылданғанын білеміз. Мұны жүзеге асырудың тетіктері қандай?

– Өзекті сауал бердіңіз. Жуырда Президентіміз Алматыға жасаған жұмыс сапары кезінде әлеуметтік кәсіпкерлік, еркін экономикалық аймақ, ескі тұрғын үйлерді жаңғырту, экология проблемалары туралы бастама көтеріп, нақты тапсырмалар берген болатын. Соның ішінде несие, салықтық жеңілдіктер жайы да назардан тыс қалмады. Сол мақсатта алматылықтармен біз де кездесіп, олардың ой-пікірлерін түртіп алып жүрміз.

Биылдан бастап осы аталған істердің бір парасы орындала бастайды. Сол кезде бөлінген қаражатты тиімді игере білу жағы тағы бар. Бизнес жобаларды қолға алу, дамыту жас кәсіпкерлерді өсіріп шығару жағы заңнамалық тұрғыдан қадағаланады. Агломерация өте маңызды нәрсе. Өңір мен мегаполис бір аймақта орналасқаннан кейін бір-бірімен қолтықтасып, қабаттаса тірлік қылғаны абзал деп түсінеміз. Сонымен бірге, «Цифрлық активтер» жөнінде де заң күшіне енді. Қазақстанның жері шалғай. Бұл жағынан келгенде де оң өзгерістер болмақ. Негізгісі энергетикалық тапшылықты жоюға бағытталады. Жетісу, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында жарық, қуат жетіспеушілігі сезіледі. Халық тығыз отырған жақтарда бұндай мәселені болдырмау жағы қарастырылып жатыр.

Алматы кәсіпкерлік, мәдени, рухани болсын, қай салада болса да, баршаға үлгі болуы қажет деп есептейміз.

Бірлессек, бәрін еңсереміз

Инфляцияны қалай ауыздықтаймыз?

– Әлгінде біраз мәселені тілге тиек еттік. Соның ішінде біраз дүние меңзелді. Бүгінде инфляцияны тізгінге көндіру оңай болмай тұр. Бұған тікелей әсер етіп тұрған фактор – жаһандық геосаяси тұрақсыздық пен қаржылық дағдарыс. Бар шаруаны сыртқы жағдайға тиеп қойып отыруға да болмайды. Бізде әлеуметтік кәсіпкерлік салада жетіспейтін нәрсе – қойма. Азық-түлікті мезгіліне қарай жинаймыз. Бірақ соны сақтайтын дені дұрыс қойма болмай тұр. Ол әлі күнге дейін салынбады. Өкінішке қарай, Қазақстан бойынша осы міндет жасалмады. Қыс, көктемде баға шарықтайды. Оны тұрақтандыра алмай әбігерге түсеміз. Содан барып, осыған дейінгі еткен еңбек зая кетеді. Одан соң әр жақтағы картоп, жуа, сәбіз сияқты т.б. заттардың ортақ мәліметтер базасы жоқ. Сол себепті де қайда, қанша, не бар екенін аңғара алмай далмыз. Қазіргідей сандық технология заманында осыны істеу қиынға соқпайды. Мұны қолға алып жатқан көрінеді. Десе де, тездеткен жөн. Осындай түйткілдерді жылдамдатып шешсек, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда мемлекетіміз өркениет көшін бастайды деп сенеміз.

Үлкен рахмет!

Әңгімелескен Олжас ЖОЛДЫБАЙ.