«Зергерлік» ота сәтті өтті

«Зергерлік» ота сәтті өтті
almaty-akshamy.kz

Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургтары ми тамырларына күрделі нейрохирургиялық отаны сәтті жасап шықты. 65 жастағы әйелге ишемиялық инсульт кезінде жаңа операциялық жүйені пайдалану арқылы «зергерлік» операция жасалды.  

«Пациент оң жақ орта ми артериясы бассейнінде ишемиялық инсульттің клиникалық-неврологиялық симптоматикасымен келіп түсті: сол жақ гемипарез, сол жақ бет бұлшық етінің орталық парезі, сөйлеудің бұзылуы – дизартрия. Шұғыл түрде ота жасалды – селективті церебралды ангиография, онда оң жақ ішкі ұйқы артериясының офтальмиялық сегмент деңгейіндегі жіті окклюзия (тромбоз/тромбоэмболия) көрінісі анықталды», – дейді №7 Алматы қалалық клиникалық ауруханасының тамырлық нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рауан Кастей.

Қанның ұюы ауыр зардаптарға және тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Әрі қарай, бұрын клиникалық практикада кеңінен қолданылған ACE62 орнына, жаңадан енгізілген RED72 аспирациялық катетерін қолдана отырып, оң жақ ішкі ұйқы артериясынан қан ұйығышының рентгенендоваскулярлық механикалық тромбаспирациясы жүргізілді.  

Нейрохирургтар жаңа катетердің артықшылықтарын жақсы бағалауда: тромбты алудың неғұрлым жоғары күшін қамтамасыз ететін ішкі саңылаудың кеңейтілуі, тегіс бақылау мүмкіндігі және неғұрлым алыс өту үшін жақсартылған гидрофильді жабын, нәтижесі – отаның сәтті жасалуына үлкен мүмкіндік береді.

Енгізілген бұл заманауи инновация пациенттерге жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету сапасын тағы бір сатыға көтерді. Айта кетсек, бұл бөлімшеде жыл сайын мидың әртүрлі күрделі патологиялары бар 600-ден астам науқасқа ота жасалады.