Юлия Путинцева әлемнің 1-ракеткасымен ойнайды

Юлия Путинцева әлемнің 1-ракеткасымен ойнайды
Сурет: sports.kz

 Юлия Путинцева Индиан-Уэллс (АҚШ) WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шықты, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 20-ракеткасы, америкалық Мэдисон Киздің мысын басты.

Ю.Путинцева екі сетте де басымдық танытты – 6:4, 6:1.

Бір сағат 22 минутқа созылған бәсеке барысында Юлия 7 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ. Америкалық спортшы 1 брейкпен (8 брейк-пойнт) шектелді.

Юлия Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен таласады. Бұл олардың өзара үшінші кездесуі болмақ. Осыған дейін екі матчта да И.Швентек жеңіске жеткен.

Қазақстандық теннисші қазіргі сәтте WTA Live рейтингісінде 67-орынға көтеріліп тұр.

Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Александр Бублик Индиан-Уэллс мастерс турнирінде жарыс жолынан шығып қалды. Ол үшінші айналымда әлемнің 10-ракеткасы, аустралиялық Алекс де Минорға жол берді – 5:7, 0:6.

Ол сондай-ақ жұптық сында франциялық Адриан Маннариномен бірге 1/8 финалға өте алмады. Қазақстандық-франциялық дуэт тартысты ойында доданың 7-ракеткалары, германиялықтар Кевин Кравиц – Тим Пюцқа жол берді – 6:7 (6:8), 6:7 (6:8).