Тұрмыстық зорлық-зомбылық-қоғам дерті

Тұрмыстық зорлық-зомбылық-қоғам дерті
Сурет: ашық дерекөз

Отбасындағы жанжалдан басталып зорлық-зомбылыққа ұласатын әрекеттерден зәбір көретіндер– әйелдер мен балалар. Қылмыстық статистика бойынша соңғы үш жылда тұрмыстық әлімжеттік көрген әйелдердің көрсеткіші 25 пайыздан асқан.

Ішкі істер министрлігі соңғы он жылда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істің күрт көбейгенін мәлімдейді. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде тұрмыстық жанжал көрсеткіші 41,7 пайызға өскен. Отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықтан әйелдерден бөлек, балаларға да күш көрсету тыйылмай тұр. Бұл туралы ЮНИСЕФ пен Қазақстан арасындағы біріккен зерттеулерде ересектердің 75 пайызы балаларды тәрбиелеу мақсатында таяқтайтыны жазылған.

БҰҰ мәліметіне сүйенсек, Орталық Азиядағы әрбір үшінші әйел мен қыз өмірінің бір кезеңінде зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Ал елімізде зорлық-зомбылық әр сегізінші отбасында орын алатын көрінеді. Әр жетінші отбасыда әйел экономикалық зорлыққа тап болып, әр алтыншы әйел соққыға жығылады, әр үшінші әйел психологиялық қысымға ұшырайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан Қазақстанда жылына 80 әйел көз жұмады.

Жай естігенде дене түршіктіретін «зорлық-зомбылық» сөзінің тұрмыстық жағдайда орын алуы одан әрі үрейлендіреді. Жай көзге елестеткеннің өзінде сескеніп қалатын нәрсенің, қаншама әйелдер басынан өтіп жатқандығы жаныңа батады. Ал, ондай оқиғаларды көзімен көріп, жүрегімен сезініп өскен баланың менталды жағдайының дұрыс болуы, әрине екіталай. Өз отбасының қорғаны болуды-қорқытумен шатастырған ер сымақтарды дертті демей, не дейміз? Бір отбасы ғана емес, бүкіл халық, қоғам дертіне айналған мәселенің түйіткілі шешілер емес. Себебі, тек «ер» сөзін жамылып жүрген адамдардың өз ашуын баса алуында немесе психологиялық жағдайының нашарлауында ғана емес. Өз жарынан қысым көре тұра өзін қорғауға әрекет етпеген әйелдердің де қателігі. Олар отбасын сақтап қалу деген себептен ғана-ақ өзіне деген құрметсіздікті кешіруге дайын. Алайда, бас амандығынан, жанынан артық нәрсе жоқ екенін әрбірі түсіну қажет. Ал, ер адам отбасына залал келтіру үшін емес, керісінше сыртқы қатерден сақтап, қамқорлық пен жауапкершілік танытуы міндет екенін еске салуымыз керек. Сондықтан да әр адам өз міндетін орындап, мұндай бассыздыққа бей-жай қарамаса, 1 әйел азаматының болса да өмірі сақталатынына кәміл сенемін...