Тарбие негізі-салт-дәстүр

Тарбие негізі-салт-дәстүр
Сурет: ашық дерекөз

Әр ұлттың тек өзіне тән ұлттық бояуын көрсетіп, өзгеден ерекшелеп тұратын – ұлттық өнерімен қатар, оның салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Мыңдаған жылдар ата-бабадан жалғасын тауып, бойымызға әбден сіңіп, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған салт-дәстүрлер мен жөн-жоралғылардың бір ұлдың ғана емес, бүкіл ұлттың тәрбиесінде алар орны бөлек. Сондықтан да қазақта баланың бойға біткен күнін білгеннен бастап, ол өмір есігін ашып, өсіп-өніп, жапырағын кеңге жайып, қарттық жасқа жеткеніне дейін жалғасатын жоралғылар мен әдет-ғұрыптардың әрқайсысының өзіндік мән-мағынасы мен атқарар рөлі ерекше.

Текті ұрпақ тәрбиелеп, оң-солын танытып, әдеп пен иба, сый мен құрмет, жауапкершілік пен парыз, үлкеннің жолы мен кішілік ізетті, туыстық қарым-қатынасты, береке-бірлік пен бауырмалдықты, айналасына – адамдарға ғана емес, табиғат, қоршаған ортаға деген қамқорлықты баласының бойына жастайынан сіңіріп өсіретін атам қазақ қашан да «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деп, дәстүріне берік болған. Әдет-ғұрып пен жөн-жоралғылар, наным-сенімге ерекше көзқараспен қарап, оларды тәрбие құралы, өмір сүру заңдылықтары ретінде негізге алған.

Ата-бабадан мұра болып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен осынау салт-дәстүрлеріміз, әдет-ғұрып, наным-сенімді жаңғыртып, жастарға таныту мақсатында алдағы уақытта газет бетінде тұрақты түрде «Ата салты» айдарымен жариялап отыруды жөн көрдік.

Ерте кезеңнен ақ ата-бабаларымыз бала, ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөліп, оларды үлкенге тағзым, кішіге ілтипат етіп, бауырмалдыққа, мейірімділікке, ізеттілікке баулыған. «Тәрбие – тал бесіктен баста­лады», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген ұлағатты сөзді жадына әбден тоқыған. Сондық­тан да баланың бауыр­мал, қайырымды азамат боп ержетуі, алдымен, ата-ана­ның тәрбиесіне, қоршаған ортаның үлгі-өнегесіне байланысты. Баланың алған тәрбиесіне қарай «тәрбиелі, өнеге­лі» екен деп тамсанса, оғаш қылық көрсеткен баланы «тәрбиесіз, өнегесіз» деп сөгетін болған. Қазақта ең ауыр сөз – «тәрбиесіз», «тәрбие көрмеген» деген сөз. Әри­не, қай қазақ балам жаман болсын десін, демейді де, сондықтан да бетімді жерге қаратпа деп өсиет тәр­биесін айтып отыратыны белгілі.