Қазақ кино өнерінің бүгінгі келбеті

Қазақ кино өнерінің бүгінгі келбеті
Сурет: ашық дерекөз

Ғасырға жуық мерзімді кері шегерсек, қазақ киносының кино әлеміне әупірімдеп қадам басқан кезеңіне табан тірейміз. Әлбетте, кино әлеміне нық-нық қадамдар жасап, сол әлемде таңба қалдыру осы саланың ұшынан ұстағандар үшін өте қиын болды. Өнердің алтын сандығы іспеттес қазақтың кино өнері өз жеңісін Қазан төңкерісінен кейін бастады. Алғаш рет 1938 жылы "Ленфильм" киностудиясында түсірілген "Амангелді" фильмі көгілдір экранға жол тартты. Сондай-ақ фильм ең алғашқы белгілі тұлғаға арнап түсірілген туынды еді. Бұл фильмнен кейін де қазақ кино қоржыны еншісін көрермен көзайымына айналған талай кинотуындылармен майлады.

Бүгінгі жаңа әртістер, жаңа кинолар, жаңа режиссерлер өткен күннің елесіне айналған ғасыр бұрынғы туындылардың ізін суытпай, қыл көпірін жалғап келеді. Әрине, бұл қазақ киносының белгілі дәрежеге ие екенінің айғағы. Алғашқы фильмдер 1925-1946 жылдар аралығында түсірілді. Кейін "Қазақфильм" киностудиясының түсіруімен 1972 жылы Сұлтан Қожықовтың толықметражды "Қыз Жібек" көркем фильмі өз көрерменімен қауышты. Міне, осылайша, отандық фильмдер бір арнада тоғысты. Бұл жылдарды тағы кері шегерсек, 1991 жылдан бері қарай жарыққа шыққан туындылардың дөп үстінен түсеміз. Дәл осы уақыттан беріге дейін қазақ киносы жаңа өркендеу баспалдағына көтерілгендей.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстандағы киностудиялардың саны да едәуір өсті. Мемлекет енді ғана аяғынан тұрып жатқанда, өнердің бұл саласы бірде шеткері, бірде ілгері жүріп жатты. Туындылардың жарыққа шығуына ең үлкен кедергі киностудиялардың шығынға ұшырауы еді. Жекеменшік киностудиялар өздерін қаражатпен қамтамасыз ете алмаған соң, мемлекет те аянып қалмады. Соның арқасында тек авторлық фильмдерді ұсынып жүрген киностудиялар, түрлі жанрдағы фильмдерді де түсіруге қол жеткізді. Осыдан кейін мемлекет пен киностудиялар арнайы келісімшарт жасасып, кино өндірісінің дамуына айтарлықтай қолдау көрсетті.