Тренажер залдары халыққа қолжетімді болмай тұр...

Тренажер залдары халыққа қолжетімді болмай тұр...
kartinkin.net

Қазір Алматы мен Елордада, облыс орталықтарында фитнес- клуб, спорт залдары аз емес. Бірақ күнделікті күйбең тірлік пен жұмысбастылықты ескеріп, жұртшылықтың тән саулығына жаппай ден қоюына мұрша беріп жатқан бірде-бір спорт залы жоқ. Олар әлдеқашан қалтасы қалыңдарға ғана қызмет көрсетудің жолына түсіп кетті.

Түрлі жеңілдіктер қарастырылса екен...

Мәселен, бір Алматыда ірілі-ұсақты 70-ке жуық фитнес клубтар, сауықтыру орталықтары бар. Алайда, олардың бағасы, қызмет көрсету құны өте қымбат. Тренажер залына аптасына үш рет барсаңыз, айына 30 мың теңге төлейсіз. Бассейнде жүзудің бір айға арналған арзан абонементінің өзі 25-30 мың тұрады. Бірақ кез келген адам тренажер залдарына баратын болса, оның өз бетімен дайындалғаны емес, кәсіби инструктормен бірге жаттыққанын қалайды. Өйткені, онсыз қанша ай шұғылданса да нәтиже шығару қиын. Жаттығу залдарының өзі де инструкторлармен дербес айналысуға кеңес береді. Алайда, оған тағы да қосымша ақы қосылады. Әр инструктор өз қызметі үшін кем дегенде 15 мың теңге алады. Егер ол спорт шебері немесе түрлі сайыстардан чемпион атағын алса, оның қызмет ақысы қымбат болады. Бұл ретте кәсіби маманның жаттығуына топ болып қатыссаңыз, сәл арзандау түседі. Ал егер жеке өзін ғана дайындайтын болса, оның құны жоғары тұрады. Бұл тұста тренажер залдарының бәрі жеке болғандықтан, ешқандай жеңілдік қарастырылмаған.

Жүйелі шаралар атқару қажет

Оның үстіне, үлкен компаниялар мен әрбір университеттің, түрлі мекеменің бас- басына спорт кешендері бар. Бұлардың барлығы мемлекет қаражаты есебінен салынды. Солай бола тұра, бұлар да жұртшылыққа қолжетімді болмай тұр. Халық үшін салынған нысандарды да қалың бұқара пайдалана алмай отыр. Шынында да, ведомстволық спорт кешендері олардың жекеменшігіне айналып кеткендей. Өзгелерді есігінен аттап бастырмайды.

Бірер жыл бұрын елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Әрбір облыс, аудандарда түрлі спорттық нысандар ашылды. Бірақ бүгінде спорттық нысандардың қолжетімділігіне қатысты сұрақтар көбейді. Қоғамда спорттық нысандардың, яки спорттық секциялардың қымбаттығына қатысты алаңдаушылық артып отыр. Спорт жанашырлары мәселені жылы жаба салмай, оны түбегейлі шешу керектігін айтады. Әсіресе, құзырлы министрліктер есеп үшін өзіне тиесілі шараларды атқарумен шектелмеу керек. Ұлт саулығы мәселесі тұрған жерде білімге, спортқа және денсаулық сақтауға жауапты ведомстволар біріге отырып, жүйелі шаралар атқару қажет.

Мемлекеттік деңгейде шешетін уақыт жетті

Бір қуанарлығы, Алматыда түрлі спорт алаңдары ашылып жатыр. Дегенмен, оның кейбірі жауапсыз мердігерлердің кесірінен қирап, жарамсыз болып қалған. Дәнекерлеген темірлері сынып, сапасыз жасағаны аңғарылып тұрады. Ал ведомстволарға қарасты спорт кешендері қарапайым халықтың қалтасына сай қызмет көрсетпей отыр. Оларға қаржысын төлемей, еш кіре алмайсыз. Бағасы аспандап тұр. Біз бұлай жүріп, бұқаралық спортты қалай дамытпақпыз?

Сондықтан мұны мемлекеттік деңгейде шешетін уақыт жетті. Егер мемлекет тиісті тапсырмалар беріп, оны жіті қадағалап отыратын болса, шешілмейтін мәселе жоқ. Өйткені, сондай үлкен ведомстволардың басшысы сол спорт кешенінен түсетін табысқа күндері қарап қалмайды. Олардың онсыз да бизнесі, табысы жеткілікті. Бұл жерде тек ынта мен ықылас керек. Министрлік пен жергілікті әкімдік бірлесе отырып істің нәтижелі шешілуіне мүдделі болуы тиіс.

Спорттық нысандарды күтіп ұстамаса болмайды

Мұны ретке келтіру үшін мемлекет, жергілікті әкімдіктер спорт кешендері бар ведомство басшыларымен келісім-шартқа отыруы керек. Осылайша олар белгілі бір күндері жастарға тегін қызмет көрсетіп, ал оның шығынын мемлекет төлеуі тиіс. Әйтпесе, олар жұртшылыққа тегін қызмет көрсете алмайды. Егер олар жастардан ақы алмай тегін кіргізе берсе, ертеңгі күні спорттық жабдықтардың барлығы ескіріп, тоз-тозы шығып кетсе, оны қалпына келтіруге қаражатты қайдан табады? Өйткені, спорт жабдықтарының барлығы мәңгілік емес, оны күтіп, жөндеп ұстамаса, ол да күндердің күнінде тозады. Сондықтан бұған байыппен қарап, жан-жақты ойластырып барып шешім қабылдауымыз керек.

«100 спорт кешенін салу» бағдарламасы қажет

Негізі, мемлекеттің есебінен салынған спорттық кешендердің барлығы дерлік тиімді пайдаланылып отырған жоқ. Бұл жерде ірі кәсіпорындарға қарасты спорт кешендерін айтпай-ақ қояйық, қарапайым мектеп спорт залдарының өзі көп жағдайда бос тұрады. Үш ай демалыста да олардың есігі ашылмайды. Оқушылар оны тек оқу кезінде ғана ара-тұра пайдаланып отыр. Егер кешкі 7-де сабақ бітсе, сол мектептің маңайында тұратын бір қызметкерге жауапкершілік артып, 8-ден 11-ге дейін спорт залдарын ашып қойсақ, осының өзі жастарға үлкен көмек болар еді. Ал ведомстволық спорт кешендері қарапайым жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін мемлекет оларға қолдау көрсетуі тиіс.

Қалай десек те, бұқаралық спортты дамыту үшін «100 мектеп, 100 аурухана» секілді «100 спорт кешендерін салу» бағдарламасын қолға алуымыз керек секілді. Егер осындай бағдарламаны қабылдап, жүйелі түрде жұмыстар атқарсақ, бұқаралық спортты дамытуға үлкен мүмкіндік болар еді. Қарап тұрсаңыз, миллиардтаған қаржыға шетелден неше түрлі дәрі-дәрмек сатып алып жатырмыз. Бірақ халықтың денсаулығы жақсарып кетті ме? Жоқ. Елдің денсаулығын арттыру үшін спорт кешендерін көптеп салуымыз керек. Осыны созбалаңға салмай, ертерек қолға алсақ жақсы-ақ болар еді.