Ел бейнесін көрсететін кәсіп өзгелерге үлгі болуы керек

Ел бейнесін көрсететін кәсіп өзгелерге үлгі болуы керек Суреттерді түсірген - К.Қонысбаев

Биыл Қазақстан полициясы құрылып, ел қауіпсіздігіне қызмет етіп келе жатқанына 31 жыл толды. Өзгенің өмірі үшін өз өмірін қауіпке тігу – Антына адал тәртіп сақшыларының күнделікті жұмысы. Мереке қарсаңында Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы, қаланың бас полицейі Арыстанғани ЗАППАРОВПЕН сұхбаттасудың сәті түскен еді.



Ішкі қауіпсіздік кепілі


- Арыстанғани Расылханұлы, сұхбатымыздың кіріспесін Әділетті Қазақстан полициясының келбетінен бастасақ. Мәңгілік ел сақшылары туралы айтып өтсеңіз...


- Қатардағы әрбір полиция қызметкері Әділетті Қазақстанның келбеті деп ойлаймын. Себебі, біздің әрбір әріптес қоғам алдында, Отан алдында Антына адал болуға тиіс. Қағида мен бұйрық қатаң сақталады. Бүгінгі күндегі басшы ретіндегі қоятын талаптарымыздың бірі – Антқа адалдық. Күн мен түнге қарамай, уақыт пен ауа райымен санаспайтын осы бір мамандықтың жанкештілігі мен жауапкершілігін сезіне білу керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ішкі істер органдарының басты міндеті – қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өмірді, денсаулық пен мүлікті қорғау. Ел ұйқысының тыныш болуы үшін кірпік қақпауға әрқашан әзір, үнемі сақ болу. Бастысы – халықтың қызметкері болуға тиіс. Қазақстан полициясының бүгінгі келбеті – осындай.



- Үнемі сақ жүретін қаладағы тәртіп сақшыларының қаншасы күн сайын «атқа қонады»?


- Бастысы, саннан гөрі сапаға мән беріледі. Күніне 2 жарым мыңға жуық полиция қызметкері қызметтік міндетін атқарады. Оның ішінде патрульдік пен учаскелік полицияның, тергеу тобының құрамы бар. Ал жалпы Алматы қаласында 6 мыңнан аса тәртіп сақшысы жұмыс істейді. Қала департаментінің құрылымы қала тыныштығын сақтау үшін алдын ала жұмыстарды үзіліссіз атқарады. Оған біздің кәсіби деңгейдегі жеке құрам саны жеткілікті. Кейбір қызметкерлер белгілі бір себептерге байланысты басқа құрылымға ауысып жатады. Кеше ғана бізде министрдің төрағалығымен жиындар өтті. Жиын барысында көтерілген басты мәселелердің бірі – әріптестерді дер кезінде қызметке тағайындау. Баяндамамда ішкі тәртіп сақшыларын даярлайтын оқу орындарының дені Алматы қаласында орналасқан. Университеттермен біздің Кадр саясаты жөніндегі басқарма тығыз қоян-қолтық жұмыс істейтінін атап өттім. Ол жерде оқу бітіретін студенттерге полицияның міндеті жөнінде түсіндіру жұмыстары жиі жүргізіліп тұрады.  


- Алматы – Қазақстандағы ең көп қылмыс жасалатын қала. Жыл сайынғы статистикада қылмыстық құқықбұзушылықтар санының ең көп өсімі де осы қалада анықталған. Қала үлкейіп, тұрғындар саны көбейген сайын қылмыс та көбейеді. Қаланың қазіргі криминогендік жағдайын қалай бағалайсыз?


- Бірінші кезекте Алматы – Алматы болғандықтан қылмыс көп тіркеліп тұрған жоқ. Басқа өңірлермен салыстырғанда, республика шеңберінде тұрғындардың ең көп шоғырланған жері – Алматы. Қалада  2 280 000-ға жуық тұрғын бар. Халықтың саны көп болғандықтан әртүрлі қылмыс та болатыны анық. Бұған полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығының төмендігі немесе алдын алу шаралары қажетті деңгейде жүргізілмеген деп қарауға болмайды. Жақында ғана әріптестермен бірге сараптама жасағанбыз. Соңғы 5 жылды қарастыратын болсақ, жылдан-жылға қылмыс саны төмендеп келе жатыр. Былтырғымен салыстырғанда, қала деңгейіндегі  қылмыс тіркелуі 35–45 пайызға азайған. Мысалы, егер өткен жылдың бірінші тоқсанында орташа есеппен бір тәулікте  120 қылмыс тіркелсе, 2022 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша күніне 66 қылмыс тіркелді.


Қалада жол қауіпсіздігі мен түнгі тыныштықты бұзу мәселесі өте өзекті. Қазіргі криминалдық ахуал бойынша қылмыстың саны биылғы 5 айда өткен жылдың 5 айымен салыстырғанда,  23 пайызға төмендеді.



Уақытпен санаспайды


- Кез келген қызметте жаңа технология жұмысты жеңілдетеді. Саладағы жаңашылдықтарды айтып өтсеңіз.


- Қылмысқа қарсы күрес жүргізуде жаңа әдіс-тәсілдер мен технологияны қолдану қажеттігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Соңғы енгізілген жаңалық Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың қолдауымен Алматы қаласының полиция департаментінің цифрландыру жөніндегі орынбасары лауазымы ашылды. Дер кезінде заманның талабына сай енгізілді деп ойлаймын. Өзіңіз білесіз, цифрландыру Мемлекет басшысының барлық мемлекеттік құрылымға қойып отырған талабы. Осыдан бір жыл бұрын ойыңа да келмеген нәрселер бүгінгі күні жасалып жатыр. Мәселен, біз кабинетте отырып-ақ, әріптестердің қайда, қандай жұмыс жүргізіп жатқанын біліп отырамыз. Әрбір патрульдік автокөлік пен  патрульдік полицейдің, тәртіп сақшыларының әрекеті үнемі бақылауда. IT-технологияның  мүмкіндігі – қызметтік планшеттер арқылы онлайн-режимде біз олардың жұмысын қашықтан қадағалаймыз. Жедел басқару орталығының технологиялық жетістігі де көп. Олардың тағы бір қызметі – полицияның кешенді күштерін бақылау. Бұл жүйе арқылы орталықта отырған инспектор полиция жасағының қай жерде кетіп бара жатқанын, қандай әрекет еткенін біліп отырады. Қандай да бір құқықбұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады.


Өткен жылдан бастап  «Қорғау» бағдарламасын пайдаланып келеміз.  Ол жалған нөмірмен, сақтандырусыз, іздеуде жүрген немесе жол қозғалысы ережелерін жиі бұзып, айыппұлдарын төлемейтін көліктерді анықтауға мүмкіндік береді.  Бұрын бұл барлық көлікті тоқтатып, құжаттарды тексеруді талап ететін. Жүйе көше камераларынан алынған деректерді талдайды, содан кейін полиция қызметкерінің планшетіне жақын жерде «қауіпті» жүргізушінің бар екендігі туралы хабарлама жібереді. Сондай-ақ, жыл басында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол апатын азайтуға бағытталған «Сергек-Патруль» кешенін пилоттық нұсқада іске қостық.


- Биыл жарты жылда Алматы полициясының қанша қызметкері құқықбұзушылықтар мен қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды?


- Соңғы 5 айдың ішінде 11 қызметкер тәртіп бұзды. Оның әрқайсысы ұжым арасында талқыланып, енді қайталанбауы үшін жұмыстар жүргізілді. Жемқорлық бойынша, жол ережесін бұзып, жол апатына әкеліп соғу, т.б. заңсыздыққа барған.


- Дегенмен де, мәртебелі мамандықты абыроймен атқарып жүрген полицейлердің еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Жұмыс барысында неше түрлі жағдай болады. Қызметін қалтқысыз атқарып жүрген қызметкерлерге департамент тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылған?


- Тәуелсіздік жылдарында Алматы қаласының Полиция департаментінің қызметкерлері арасында өз міндетін атқару барысында 80-нен астам қызметкер қаза тапты. Оның 37-сі қанды қылмыскерлердің қолынан қайтыс болды.



Қызметкерлерімізге барынша жақсы жағдай жасалып келеді. Ішкі істер орган қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Жергілікті бюджетке қарасты қызметкерлердің арасында ай сайын 30 пайызға дейінгі әкімшіліктен бөлінген ақша бойынша үстемақы төленеді.


Жоғарыда айтып кеткен арнайы планшет арқылы әркімнің жұмысы бақыланып отырады. Мысалы, инспектор бір айдың көлемінде 30 хаттама салса, басқа инспектор 100 хаттама салды делік. Осы жұмыстың барлығы автоматты түрде толығымен жарты жылдыққа дейін сараланатын болады. Әр қызметкердің KPI-ы, қосқан үлесі мен нәтижесіне байланысты үстемақы төленеді.



 «Әкең жаман дегенмен, жақсы әкені кім береді?»


Жасыратыны жоқ, көбінде полиция өкілдерін  «жазалаушы», «парақор» деп қабылдайтын сана қалыптасқан.  Расымен, барлық қызметкер мінсіз емес шығар? Қоғам полиция қызметкерлерін қаншалықты құрметтейді?


- Барлығына бірдей жағу мүмкін емес. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды». Қандай жағдайда болсын, кез келген адам басына қиын іс түссе, ең бірінші полиция қызметіне жүгінеді. Басшылардың міндеті – саптағы қызметкерлерді Әділетті Қазақстанның қойып отырған талабына сай жұмыс істеуге тәрбиелеу. Әрине, тәртіптің сақшыларына баға беретін – қоғам. Мен күнделікті нәтижені ғана көремін. Бүгін істелген жұмыстарды 5-ке бағалағанымызбен, ал қоғам оны оң бағаламауы мүмкін. Онда біз одан да көп күш салуға тырысуымыз керек. Біздің жақсылығымызды да, жамандығымызды да ең бірінші қоғам көреді. Бүгінгі күні полиция қызметкеріне қатысты  «бетімен кеткен, тәртіпке бағынбайтын парақор» деген ұғым жоғына сенемін. Болашақта бұдан да жақсы нәтижеге жетеміз. Өйткені, сол қоғаммен бірге жүрміз. Халықтың тарапынан айтылатын сын шын болса, көтереміз,  түзетеміз. Қызметтегілердің жұмысы бізге қарағанда халыққа шынайы көрінуі мүмкін.


- Жақында ішкі істер жүйесіндегі бұрын жойылған ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімі қайта жанданды. Қылмысты анықтауда бұл бөлімнің артықшылығы неде?


- Иә, ішкі істер органдарында бұл бөлім төрт жылға жуық болған жоқ. Айта кететін жәйт, бұл бөлімнің құрылымдары криминалдық полиция басқармасының ішінде орналасқан. Бөлім, топ, болмаса басқа да бөлімдер сол құрамда болды. Төрт жыл бойы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жүргізілмеді деген ұғым қалыптаспауы керек. Арнайы бөлім болмаса да департамент қылмысқа қарсы күрес жүргізді. Министрдің шешімімен  өз алдына бөлек бөлім құрылды. Жалпы,  бүгінгі күнде бір жылда Алматы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарды. Бөлім жаңадан ашылғаннан кейін бірқатар қиыншылық та болды. Штаттың бірлігі ұлғайды. Білімі, тәжірибесі көп, ұйымдасқан қылмыспен күресте тәжірибесі бар мамандар тартылды. Мұндай жауапты, күрделі жұмысқа жас курсанттарды ала алмаймыз. Бөлімге аудан басқармаларынан тәжірибелі қызметкерлер іздестірдік. Арнайы бөлімнің жұмысы үшін басқа аймақтардан ауысып келген әріптестер де  болды.


- Алматыда көп тіркелетін қылмыс түрі қандай? 8 ауданның ішінде қайсысында қылмыс көп жасалады?


–  Ең көп жасалатын қылмыс – ұрлық. Ол қылмыстың жасалу себебін де меңгеруге тура келеді. Кейбірі әлеуметтік жағдайдың төмендігінен барады. Енді бірі ұрлыққа әбден машықтанған, кәсіп қылған әккі ұрылар болады. Әрбір жасалған қылмыстың өзіне сараптама жасалады. Қылмыстық істер кодексінің баптарына байланысты әр қылмыстың себебін меңгеріп, келесіде қайталанбауы үшін жұмыстанамыз. Сондай-ақ, алаяқтық, кибералаяқтық көп.


Мына ауданда мынандай қылмыс көп немесе мына ауданда мүлдем қылмыс жоқ деу мүмкін емес. Егер облыс болса, ол аумақта тұрақты болып тұратын қылмыстың түрі болады. Әр қылмыстың себеп пен салдары ішкі жиындарда талқыланады. Қылмыс жасалып, кінәлі жазаланғанымен, бәрі бітпейді. Қылмыстың үлкен-кішісі болмайды. Барлық қылмыстың қайта қайталанбауына жұмыс жүргізіледі. Тәуліктің кез келген сәтінде қылмыскерлермен бет-бет келетін тәртіп сақшыларының сервистік жұмыс бағалауы – құқықбұзушылықтарды анықтау емес, қылмысты  болдырмау.


- Бұл қылмыстарға қарсы жұмыста мамандармен қатар техникалық база да мықты болу керек қой. Олардың саны жеткілікті ме?


- Осы уақытқа дейін мен басқа да өңірлерде жұмыс істедім. Әріптестеріме де үнемі айтамын. Техникалық, көліктік жағынан қамтамасыз етуде Алматы қаласы басқа аймақтарға қарағанда көш бастап тұр. Біздің ІІМ жергілікті атқару қызметтері, т.б. дер кезінде қаржы бөліп, техникамен қамтамасыз етеді.


- Күн сайын қаланың «102» полицияны шұғыл шақырту желісіне қанша қоңырау келіп түседі?


– Желі операторлары жедел басқару орталығының желісіне келіп түскен ақпарат арқылы шұғыл әрекет етеді. Хабарламаларды 14 оператор өңдейді.  Әр оператор күніне 250 қоңырауға жауап береді. Орта есеппен алғанда, күніне шамамен, 4,5 мыңнан астам қоңырау келеді. Оның бәрі қылмысқа қатысты емес. Желіге келетін ақпараттардың ішінде «көлігім аулада тұр, басқа біреудің көлігі жолыма бөгет жасап тұр», «аулада біздің аулада тұрмайтын басқа біреулер отыр»  деген сияқты жәй ақпараттар да бар. Тұрмыстық жағдайларға, үй ішіндегі ұрысқа қатысты шақыртулар болады. Қылмысқа қатысы жоқ болса да, біздің қызметкерлер оқиға орнына баруға міндетті. Әрбір түскен хабарламаға қызмет көрсетіледі. Қабылдау жабдығы автоматты режимде жұмыс істейді. Әрбір қоңырау кезек тәртібімен қабылданады.


- Жалған хабарламалардың да болатынын естіп жүрміз. Ақпараттың расталған немесе жалған екені қалай анықталады?


- Тексеру барысында анықталады. Басқа ешқандай жолы жоқ. Хабарлама сенімсіз болған күннің өзінде тексеріс жүргізілуі керек. Баяғыдан қалған «өтірікшінің шын сөзі зая кетті» деген сөз бар. Сондықтан кез келген шақыртуға қызметкерлер оқиға орнына  аттанады.  


Өз атымнан, Алматы қаласы Полиция департаментінің жеке құрамының атынан барлық әріптесімді кәсіби мерекемен құттықтаймын! Еліміз тыныш болсын! Еңбектің жемісін көріп, қызметке адалдық танытайық. 


- Сұхбатыңызға көп рахмет!


 Сұхбаттасқан Гүлжанат СЕМБАЕВА.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:37

20:24

20:06

19:32

18:41

18:15

17:40

17:20

17:12

16:53

16:36

16:17

16:08

16:00

15:49

15:35

15:32

15:13

15:03

13:04

12:53

12:42

12:24

12:22

12:09