«Тігіншілікті YouTube-тан үйрендім» – кәсіпкер

«Тігіншілікті YouTube-тан үйрендім» – кәсіпкер
Сурет: Turkystan.kz

Мемлекет басшысы өзінің жолдауларында елдегі экономиканы көтеру үшін шағын және орта бизнеске мүмкіндік беруін, оның дамуына мемлекет те күш салуы қажет екенін атап өтеді. «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде, бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап», - деп атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында да бұл мәселе қарастырылған.

Қазір елімізде қабілеті мен өз күшіне сүйеніп, әртүрлі салада тасы өрге домалап жатқан азаматтар көп. Шағын өндіріс орындарын ашып, кәсібін дамыту арқылы өзіне де, өзгеге де көмегі тиіп жатқандар аз емес. Мемлекет те өз кәсібін ашамын деген ынталы жандарға жәрдем беріп келеді. Айталық, жыл басынан бері бас қалада 133 жобаға қайтарымсыз 5 миллион теңге грант берілген. Олардың қатарында отандық өнімді өркендетуге сүбелі үлес қосып, тауарын брендке айналдырып жүрген Дамыс Болатхан да бар. 

– Сіз еңбек жолын ұстаздықтан бастаған екенсіз. Кәсіппен айналысуға не түрткі болды?

– Кәсіпкер болу – бала кездегі арманым. Қолөнерге қатты қызығамын. Бала арманымды іске асыру жолында кәсіпке кеттім. Алғашқы кезде 3-4 ай YouTube-тан тігінге байланысты түрлі видеолар қарап, осы салада жүрген мамандарды зерттедім. Уақыт өте келе тігін өнерін ақырындап меңгере бастадым.

Екіншіден, ұлттық құндылықтардың бірі – ою-өрнектеріміз дәріптелмей, насихатталмай жатқанын байқаймын. Күнделікті қолданатын дүниелерде қазақилықтың иісі шығып, ою-өрнектермен ерекшеленіп тұрғанын қаладым. Тіпті, ойымдағы дүниені жасап беретін мекемелерді іздедім. Таппағаннан кейін, өзім айналысатын болып шештім. Кейін көлігімдегі орындықтарға арманымдағыдай ұлттық нақыштармен қаптама тіктім. Оны үйренуге 1 жыл уақыт кетті. Бір қаптаманы 4-5 ай дегенде тігіп шығардым.

  Неліктен сөмке тігуге ауысып кеттіңіз?

– Орындық қаптамасына сұраныс аз болды. Шығын көп кетті. Бірақ ойлаған дүниемді жасап алдым. Ары қарай өз ісіме икемделе кеттім. Тігінге байланысы бар кез келген жұмысты істей бердім. Тәжірибе жинай келе, ескі орындықтардың тысы, көліктің ішінен қалған ұсақ-түйек былғарылардан өзіме сөмке тігуді қолға алдым. Сол сөмкелерге тапсырыс көп болды. Нарықты зерттей келе, қаптама тігуден сөмке тігуге көштім.

«Тігіншілікті YouTube-тан үйрендім» – кәсіпкер

– Трансформер сөмкесінің ерекшелігі неде? Идея қалай келді?

– Трансформер сөмкесін ойлап табу үшін жарты жыл уақыт кетті. Көлік қаптамаларынан қалған ұсақ-түйек былғарылармен өзіме сөмке тігуді қолға алдым. Бұған төңірегімдегі достарымның бәрі қызығушылық танытып, бір-бірлеп тапсырыс бере бастады. Кейін өнімнің ерекше болуын қалап, костюм мен қол жүктерді қатар салуға болатын трансформер сөмке тігіп шықтым. «Damys» трансформер сөмкесінің алғашқы өнімі осылай жасалды.

Сөмкелеріміздің бағасы тігілетін материалға байланысты. Қазір тұтынушыларымызға қолжетімді болу үшін сөмкенің үш түрін тігемін. Таза, жасанды, экобылғарыдан және ұлттық нақышта жасап шығарамыз.

Жасанды былғарыдан жасалатын трансформер сөмкелер 25 мың теңге болған. Қазір нарықтың қымбаттауына қарай ең төменгі баға 35 мың теңге. Кішігірім барсеткалар 20-25 мың теңге. Одан бөлек, рюкзак, портфель, қол және жол сөмкелерге тапсырыс аламыз. Алдағы уақытта белдік, әмиян тігуді жоспарлап отырмыз. Біз ер адамға да, әйел адамға да тігеміз. Дегенмен, негізгі басымдық ер адамдарға арналған сөмкеге қойылған.

«Тігіншілікті YouTube-тан үйрендім» – кәсіпкер

– Кәсіп бастарда қиындықтар болды ма?

– Сөмке саудасын қыздырып, дүкен ашуды армандап жүргенде пандемия басталды. 2019 жылы наурыз айында ашамын деп жоспарлап, 7-8 ай дайындық жасадым. 15 наурызды дүкенім ашылатын күн ретінде белгілеп, жұмысшылар алып қойған болатынмын. Сол жылы наурыз айының соңына қарай коронавирус тарап, дүкен мен базарлар жабылады деген хабар келе бастады. Дегенмен, ашылу салтанатын өткіздім, іс-шараға 60-қа жуық адам жиналды. Ал екі күн өткен соң дүкенім жабылып, жұмысшылар үйлеріне қайтты.

«Тігіншілікті YouTube-тан үйрендім» – кәсіпкер

– Президент өзінің биылғы жолдауында: «Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ, халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады», деген еді.Мемлекет осы іске қаншалықты көңіл бөліп отыр?

– Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында әртүрлі жобалар ұйымдастырылып жатыр. Мысалы, кәсібін дамытқысы келетін және тауары ерекше сұранысқа ие адамдар үшін 2 миллионнан 5 миллион теңгеге дейінгі қайтарымсыз грант беріледі. 2021 жылы осы «трансформер сөмке» жобасы арқылы 5 млн теңге грантының иегері болдым.  Мемлекет қолдауы арқасында кәсібімді кеңейтіп, тігін машинкаларын алдым және бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырмын. Сондай-ақ өнімімді жарнамалауға арналған қажетті құрылғы заттарға қол жеткіздім.

Бұрын бір адам күніне бір сөмке тіксе, қазір үш-төртеу тігеді. Командада барлығы 8 адам. Күніне 10-15 сөмке жасаймыз. Сондай-ақ  4-5  ауыр тігісті машинкамыз бар. Одан бөлек, сөмкенің сыртына салынатын ою-өрнектер, сурет, логотип, жазуларды жазатын тағы үлкен құрылғыларымыз бар.

Жалпы, елімізде кәсіп үшін жағдай жасалған деп айта аламын. Осы уақытқа дейін арнайы тапсырыспен ғана сөмкелер тіксек, жаңа жылдан бастап тұрақты түрде тігіп, тауар санын көбейтуді мақсат етіп отырмыз.

«Тігіншілікті YouTube-тан үйрендім» – кәсіпкер

– Мемлекеттен қолдау аларда неге көңіл бөлу керек?

– Кәсіптің картасы – бизнес жоспар. Мемлекет қолдауына ие болу үшін кәсіпкердің қолында жақсы жоспары болуы қажет.

– Отандық өнім қанша жылда ел нарығында үлкен сұранысқа ие болады деп ойлайсыз?

– Әрбір қазақстандық отандық өнімге мұқтаж. Себебі ішер асымыз, киген киіміміз, күнделікті тіршілікте қолданатын заттарымыздың 99%-ы сырттан келеді. Біз елдегі нарықта 100% болмаса да 50%-ға көтеруіміз қажет. Өнім өндірсек, тапқан табысымыз елімізге түсіп отырады.  Шетелдік өнімдерді сатып алу арқылы, көрші мемлекеттерді байытып отырмыз. Ел ішінде ешқандай айналым жүріп жатқан жоқ. Бұл әр қазақтың уайымы болуы керек.

Бір қазақ отандық өніммен айналысса, оған қуану керек. Тауарын сатып алып, қолдау көрсеткеніміз жөн. Кейде «отандық өнім бола тұра, неге бағасы сонша қымбат?!» деп кейістік білдіретіндер бар. Шетелдік брендтерді қымбат демейміз, бірақ өзімізге келгенде, өзегіміз өртеніп кетеді. Материалдар өз елімізде өндірілсе, біздің өнімдердің бағасы да тиімді болар еді.

Халықтың «неге қымбат?» деген сұрағына жауап бергім келеді. Бізде ештеңе өндірілмейтіндіктен, бір сөмкені тігу үшін әр елдің 7-8 жерінен шикізатқа тапсырыс береміз. Мысалы, сырғытпа (замок) Қытайда 20 теңге, Түркияда 30 теңге болса, бізде 120 теңге тұрады. Өйткені, оған жол шығыны, жалға алу орны, жұмысымыз кіреді. Осылайша отандық өнім қымбатқа түседі.

«Тігіншілікті YouTube-тан үйрендім» – кәсіпкер

– Кәсіп бастау үшін аз дегенде қанша қаражат керек?

– Біз кәсіп бастау үшін қомақты қаржы керек деп ойлаймыз. Шын мәнінде олай емес. Әрбір амал – ниетке байланысты. Кәсіп бастау үшін адам өзі психологиялық түрде дайын болу керек. Үйіңіздің бір бөлігінен отырып-ақ жоқ дегенде 500 мың теңгеден іс бастап кетуге болады. Алдымен адам өзіне «қаншалықты дайынмын, істеп кете аламын ба?» деген секілді сұрақтар қойып, анықтағаны жөн.  Сонымен қатар кәсіпкерге рухани қолдау, белгілі бір орта және тәжірибелі мамандардың кеңесі қажет.

Әр қазақ бай-қуатты болып, отандық өнімді қолдайтындар қатары көбейе берсін! Әр қазақ ұлтының жанашыры болғанын қалаймын. Елдің ішкі, сыртқы экономикасын көтеретін – кәсіпкерлер.

– Әңгімеңізге рақмет!

Дереккөзі Turkystan.kz