Президент дүмпуі басылмаған шаһарда, қала басылымы - үздіктер қатарында

Президент дүмпуі басылмаған шаһарда, қала басылымы - үздіктер қатарында
Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Аlmaty-akshamy.kz сайтының бүгінгі жаңалықтарына шолу – күн керуені

Төтенше жағдайға дайындықты балабақшадан бастау керек

Президент Алматыдағы сапары барысында сейсмикалық қауіпсіздік жөнінде кеңес өткізді.

«Ашығын айту керек, Алматыда болған төтенше жағдай кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет етуге толық дайын болған жоқ. Ал қала тұрғындары не істерін білмей, абдырап қалды. Дегенмен бұл жиынның басты мақсаты – сын айту емес, нақты шешімдер қабылдау. Мысалы, жұрттың көпшілігінде «төтенше жағдайға қажетті чемодан» да жоқ болып шықты. Тиісті оқу-үйрету шаралары мектептен, тіпті балабақшадан басталуы керек. Бұрын Алматыда осындай тәжірибе болған. Соны қайта жаңғырту қажет. Себебі қазір азаматтарды төтенше жағдайға дайындау жүйесі талапқа сай емес. Құзырлы органдар халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізуге тиіс. Оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде тұрақты жаттығу өткізіп тұру қажет. Бұл – өте маңызды. Осы жұмысты дереу қолға алу керек», – деді Президент.

Терроризмді насихаттағандар ұсталды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астана, Шымкент қалаларында және Ақтөбе облысында діни радикалдар әрекетінің жолын кесу үшін операция өткізді. Жедел қызметкерлер терроризмді насихаттады және қаржыландырды деген күдікпен үш адамды ұстап, қамауға алды.

Хоккейден қола алдық

Бұл Қазақстан делегациясының қоржынына түскен 3-медаль. Осыған дейін Канвондода шаңғымен тұғырдан секіруде Илья Мизерных алтыннан алқа тақса, шорт-трекші Полина Омельчук 1000 метрге жарыста үздік үштікті түйіндеді. Қазір Қазақстан жалпы есепте 1 алтын, 2 қола медальмен 14-сатыға көтерілді. Азия құрлығында алғаш рет өтіп жатқан кешенді жарыс қазірдің өзінде Қазақстан үшін тарихи нәтижемен есте қалды. Осыған дейінгі ойындарда отандастарымыз чемпион атанбаған еді. Жасөспірімдер Олимпиадасы 2 ақпанда мәресіне жетеді.

Жоғалған адамның көбі Алматыдан

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша қазіргі уақытта 10 178 адам іздестірілуде, олардың 2 098 хабар-ошарсыз жоғалғандар.

Жоғалған адамдардың көп бөлігі Алматы қаласында — 278 адам, содан соң Қарағанды — 217, Павлодар — 170, Алматы облыстарында — 152 адам тіркелген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Үйден кетіп, оралмаған — 1 572 адам, автокөлікпен жоғалған — 73, жұмыстан кеткен — 38 адам дерексіз.

Өтемақы өтірік пе?

Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚҚС үшін өтемақы енгізгені туралы таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды.

«Әлеуметтік көмектің мұндай түрі жоқ екенін хабарлаймыз. Тиісінше, хабарламада көрсетілген сілтеме алаяқтар үшін азаматтардың жеке деректерін алу тәсілі болуы мүмкін. Алаяқтармен өзара әрекеттесуді болдырмау үшін сілтемеге өтпеуге кеңес береміз», — деп жазды ведомстводан.

Президент Footlab-қа барды

«Smart Football» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Мұрат Медеуовтің айтуынша, футбол академиясында 5 жастан 12 жасқа дейінгі 1000-ға жуық баланы жаттықтыру жоспарланған.

Footlab – спортсүйер қауымға, отбасылық демалысқа, балалар мен ересектер арасында турнирлер өткізуге арналған интерактивті футбол алаңы.

Сақтандырсаң – сақтайды!

Жер сілкінісінен кейін жылжымайтын мүлкін сақтандырушылар күрт көбейді. Табиғи апаттан кейін баспана бүлінсе компания шығынды толық өтеп береді.

Заңгердің айтуынша, егер азамат арнайы сараптама жасау арқылы келтірілген шығын оның ғимаратына сапасыз құрылыстың салдарынан болғанын дәлелдесе, ол сотқа жүгіну арқылы өзінің шығынын толық өтеп алуға құқысы бар.

Сақтандыру ақысы, яғни пәтерлер мен тұрғын үйлердің өзіндік құнынан 0,1 пайызынан басталады.

Жер Анаң тағы сілкінді!

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің сейсмология институты 25 қаңтарда Қытай аумағында болған бірнеше жер сілкінісін тіркеді.  Алматы уақытымен 10 сағат 21 минут 57 секундта тіркелген бірінші жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 282 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан.

Жер сілкінісінің энергетикалық класы – 10,0. MPV магнитудасы — 4.3. Қазақстан аумағында сезілген жоқ.

Алматы уақытымен 10 сағат 29 минут 52 секундта тіркелген екінші жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 273 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан.

Жер сілкінісінің энергетикалық класы – 9,6. MPV магнитудасы — 4.5. Қазақстан аумағында сезілген жоқ.

Алматы уақытымен 10 сағат 54 минут 54 секундта тіркелген үшінші жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 259 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан.

Жер сілкінісінің энергетикалық класы — 10.2. MPV магнитудасы — 4.6. Қазақстан аумағында сезілген жоқ.

Алматы уақытымен 10 сағат 59 минут 21 секундта тіркелген төртінші жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 258 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан.

Жер сілкінісінің энергетикалық класы – 11,5. MPV магнитудасы — 5.2. Қазақстан аумағында сезілген жоқ.

Тоқаев Алматыдағы сумен қамту нысандарының құрылысымен танысты

Президентке «Каптаж», «Бастау» тоғандарынан және «Медеу» сүзгі станциясынан келетін судың осы резервуарларда жинақталып, зарарсыздандырылатыны жөнінде мәлімет берілді.

Тазаланған ауызсу арнайы орнатылған сорғылардың көмегімен Каменское плато, Көлсай, Юбилейный және Мұзтау ықшамаудандарының магистральды желілері арқылы таратылады.

Президенттік әдеби сыйлық табысталды

Алматыда  Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жас жазушылар мен ақындарға Президенттік арнаулы әдеби сыйлық табыс етті.

«Проза» номинациясы бойынша Жылқыбай Досханның «Квант» туындысы, «Поэзия» номинациясы бойынша Еділбек Дүйсеновтің «Қалалық құстар» өлеңдер топтамасы,  «Драматургия» номинациясы бойынша Айтолкын Ашимованың «Тау көтерген Толағай» драмалық туындысы, «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша Олжас Қасымның «Атың озсын, азамат!» топтамасы жүлделі орынға ие болды.