Павлодарда 60 млн теңге желге ұшып кетті

Павлодарда 60 млн теңге желге ұшып кетті
Сурет: ашық дереккөз

Қала әкімдігі мұз қалашығына қатысты теріс мәлімет берген

Жаңа жыл қарсаңында, қоғам тарапынан шу тудырған Павлодардағы мұз қалашығының құны әкімдік өкілдері мәлімдегендей 52 млн теңге емес, 60 млн теңге болып шықты, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

- Қалалық ТҮКШ бөлімі тілшімізге нысанды қабылдап алып, 52 млн теңге мердігердің есеп шотына аударылғаны жайлы ресми мәлімет берген болатын. Ал оған дейін қала әкімінің орынбасары 53 млн теңгеге мұз қалашығы салынып жатыр,-деп жариялады.

Бірақ бүгін бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны анықталды. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты жеке зерттеу жүргізіп жүрген республикалық қоғамдық бірлестігінің аймақтағы өкілдігі конкурстық талаптардан бастап, жобалық-сметалық құжаттарына дейін тексеріпті.

- Келісімшарт бойынша 20-шы желтоқсанда бұл мұз қалашығы салынып бітіп қабылдануы керек болатын. Бірақ бүгінгі күні міне 28 желтоқсан бұл қалашық біткен жоқ. Порталда жұмыстың аяқталғаны туралы акті, не ақша аударылғаны туралы ешқандай мәлімет жоқ. Яғни жұмыс қабылданбаған. Айтып отыр 52, 53 млн деп, бірақ біздің көргеніміз НДС қосқанда 59 млн 999 мың 999 теңге, былайша айтқанда 60 млн ақша бөлініп отыр, - дейді "Әділдік жолы" РҚБ Павлодар облыстық филиалының басшысы Нүргүл Қайырденова. 

- Бұл мәліметтерге қоса конкурсты өткізу кезінде жол берілген бірқатар заңбұзушылық деректері хатқа түсіріліп, бүгін сыбайлас жемқорлыққа-қарсы іс-қимыл департаментіне тапсырылған. Қазір қалашықта бірен-саран жұмыскерлер бар. Олар еріп кеткен мүсіндердің орнына пласмастан жасалған жасанды фигураларды орнатып жатыр. Бірақ осындағы бірде-бір нысан пайдалануға жарамсыз. Сырғанақтарда мұз жоқ, тақтайы шығып кеткен. Қаңтар бойы өңірде күн райы жылы болады. Біз басқа да қоғамдық ұйымдармен бірігіп, бюджет қаражатын кері қайтаруға күш саламыз, - дейді "Әділдік жолы" бірлестігінің аймақтағы өкілі.