Қызу жұмыс жүріп жатыр

Қызу жұмыс жүріп жатыр
almaty-akshamy.kz

Жыл басындағы мейрамдарға байланысты қала тұрғындарының басым көпшілігі демалғанымен, шаһардағы шаруашылық бір күн де тоқтаған жоқ. Жыл басынан-ақ аудан әкімдіктері өз міндеттерін атқаруға кірісіп кетті.

Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахимбетов аудан тұрғындарымен алғашқы кездесуін өткізді. Кездесу №146 мектеп-гимзаниясында болды. Оған Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, қалалық басқармалардың, прокуратураның, қалалық Полиция департаментінің өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері мен аудан тұрғындары қатысты. Аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша баяндамасынан кейін, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Тұрғындар ауланы, көшелерді жөндеу, жарықтандыру, ЖММН көшу және аулаларды қардан тазалау сынды ең өзекті мәселелерді көтерді.

Ал Бостандық ауданына көрші Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин екі қабатты мешіттің жөндеу жұмыстарының соңғы кезеңін тексерді. Айта кеткен жөн, құрылыс орнында ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып, нысан тапсыруға дайындалуда. Мешіт Мәметова көшесі, 1А мекенжайында орналасқан.

Ал Түрксіб ауданында инфрақұрылымды дамытуға арналған жобаның жүзеге асырылуы тексерілді. Желтоқсан айында Сауранбаев көшесіндегі №59 мектеп-гимназиясына қосымша ғимарат салу және қайта жөндеу жұмыстары басталған. Бұған дейін «ҚазҚСҒЗИ» АҚ қорытындысы бойынша мектеп апатты деп танылған және ескі мектептің жобалық қуаты небәрі 600 орынды құраған.

Жұмыстар аяқталған соң, мектептің сыйымдылығын 900 оқушыға дейін ұлғайту, 16-ға жуық қосымша оқу кабинеттері мен заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған спорт залын ашу жоспарлануда. Жобада, сондай-ақ үлкен мектеп асханасын жайластыру және абаттандыру қарастырылған. Жұмыстарды аяқтау 2024 жылдың 1 тоқсанына жоспарланған.