Жыры, сыры ғасырларға жалғасқан...

Жыры, сыры ғасырларға жалғасқан...

9-ақпан – Мұқали Мақатаевтың туған күні


Мұқағали... Бүгінде бұл есім әркімнің көңілінде күллі қазақ даласының образын оятып, оның ұланғайыр кеңдігін, көкмұнар таулары мен жан баспаған жапандағы қара орманының, түпсіз терең тұңғиық көлдерінің көрінісін көз алдына әкеледі. Ол – туған халқының өзіне деген өлшеусіз махаббатымен мерейленген ұлы перзенті, Жаратушы иесі тумысынан бөлекше дарынмен даралаған ақиық ақын.

Өмір атты бір нәзік сәулеге деген шексіз іңкәрлікке, жарық пен жақсылық атаулыға деген ұлы сағынышқа толы Мұқағали жырларына үңілген әркімнің жансарайы кеңіп сала берері анық. Бірақ біз ол туралы не білеміз? Бұл орайда ақын өзін шын түсінгісі, өмірбаянын, шығармашылығын зерделегісі келетін адамдардан бүкіл жазған-сызғанын оқып шығуды өтінеді. «Мені өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды сұраймын» дейді. Өйткені ол үшін поэзия – жанының шырылы. Ақын еркіне бағына отырып, біз де оның өз поэзиясынан жан-жақты көрініс тапқан, күрмеуге келместей келте, сөйте тұра драматизмге толы өмір жолына үңілгенді жөн көрдік.    

 

«Қайран Қарасазым-ай, үйрек ұшып, қаз қонған...»

Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9-ақпанда Алматы облысының қазіргі Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Азан шақырылып қойылған аты – Мұхаметқали. Бірақ «пайғамбар атын алып жүру жас балаға ауырлық етеді» деп есептеген ата-анасы оны кішкентай күнінен «Мұқағали» деп еркелете атап кеткен. Мұқағалидың ізін ала туылған бір қызы мен бір ұлы ерте шетінеген Сүлеймен әкей мен Нағиман шешей олардан кейін Тоқтарбай, Көрпеш атты екі ұл сүйеді. 

Мұқағалидың әкесі колхозда сушы, шалғышы болып істеген қарапайым шаруа адамы болыпты. Нағиман апаның айтуынша, үйдің тұңғышы болғандықтан ба, Мұқағали Тиын әжесіне табиғи болып, анасын жеңге есебінде санаған.

... Әже, сен бірге жүрсің меніменен,

Өліге мен өзіңді телімегем.

Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,

Ақ кимешек жоғалса... нені көрем? – деп өзі жырлағандай, Мұқағали ер мінезді, айбынды әжесін ерекше құрметтеген. Батыр шалыс Тиын әже бірде көкпар тартып жүріп аттан жығылып мертіккен жұбайы Мақатайдың аяғын «Бұл енді саған аяқ болмайды» деп, дәрігерді келуін күтпестен, жіліншігінің сынған жерінен балтамен шауып тастаса керек. Соны білетін көнекөз ауыл тұрғындары қайсарлығына байланысты, Мұқағалиды сол «Тиын әжесіне тартқан» дейді екен. Табиғаты шырайлы да шұрайлы Қарасаз топырағындағы  қаймағы бұзылмаған қазақы ортада өсіп-өнген Мұқағалидың балалығы әуелде мұңсыз басталады. Өзінің бір өлеңінде ақын ол кездерді: 

... Жиі енеді түсіме бұрынғы ауыл,

Ойнақ салып, құлын-тай қырында жүр.

Сүттен бұлақ ағызып, сиырлы ауыл,

Іркіт иісі келеді мұрынға бір, – деп сағына еске алады. Алайда сол мұңсыз балалыққа сызат түсірген соғыс Мұқағалиды демде есейтеді. Бір топ жерлестерімен әкесі майданға аттанғанда ол небары он жаста-тұғын. Бірақ соған қарамастан өмірдің бүкіл ауыртпалығы бала мойнына түседі. Алаңсыз күлкісін соғыс ұрлаған өзге де құрбы-құрдастары тәрізді, Мұқағали да тағдырдың ащы дәмін тым ерте татады. Бұл ретте, «Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?» атты өлеңінде ақынның өзі: 

... Сағынам ба түстерің, кештеріңді?!

Жалаң аяқ таңғы шық кешкенімді.

Өшкенімді білдірмей, өскенімді,

Жүре бердім жамылып бөстегімді... – деп сыр шертсе, енді бірде: 

... Аңыздардан тере жүріп масақты,

Рас, рас, көзімізден жас ақты.

Бірақ сол бір дауыл жылдар, от жылдар,

Бәрімізден бір-бір батыр жасапты.

...Сол жылдарға қарғыс айту жат маған,

Сондағы мен ерлігіме мақтанам.

Балғын ұрпақ, сенің болашағыңды,

Біле-білсең, мына біздер сақтаған! – деп ағынан жарылады. Енді бір мезетте:

... Сенбеймін әкең өлді дегенге мен,

Себебі ол үйімізден тірі аттанған, –  дейді әке қазасына иланғысы келмеген ақын жүрегі. Сондай-ақ, өзінің әке жұртында қалған ошақтағы оттың бір ұшқыны екенін де есінен шығармайды. Демек оның ерте сөнуге қақысы жоқ. Өз сөзіне жүгінсек, 

Бір арыстан өмірден өткенімен,

Өмір сүріп келеді тірі арыстан!.. 

Мұқағали поэзиясынан шынайы көрініс беретін өмір үшін күрес тап осы ұғымнан бастау алған болуы ықтимал. Қалай болғанда да,

Тағат таппастан тартамын алға көшімді,

Жанып бітпестен жазбаған маған өшуді! – дейді Мұқағали...

 

«Не деген жел айдаған көбелекпін?..»

...Анасының естелігіне жүгінсек, Мұқағали 14-15 жасынан өлеңге шындап ден қоя бастайды. Төбесі аласа ғана қоржын тамға қалың-қалың кітаптарды  үйіп тастап, шаршамай, шалдықпай оқумен болады. Бұл орайда, ол қазақ әдебиеті классиктерінен бөлек, орыс әдебиетін, оның ішінде Пушкин, Есенин, Блок поэзиясын сүйсіне оқиды. Шетел әдебиетінен Гейне, Гете, Дюма, Гюго, Байрон, Драйзер, Стендаль еңбектерін, әсіресе Бальзак, Лондон, Шекспир шығармаларын жоғары бағалайды. Ақынның кереметтей білімділігіне тәнті болған жазушы М.Қабанбайдың «Ұлттың коды жазылған ақын» атты мақаласында өзі куә болған бір жайтты баяндағаны бар. Айтуынша, Мұхаңмен аз-кем сұхбаттас болған профессор «Мұндай телегей-теңіз білімді қазаққа алғаш кездесуім», – деп ерекше таңырқаған көрінеді. Яғни Мұқағали – тек сол кездері ғана емес, күні бүгінге дейін қылаң беріп қалатын «Тума талантқа көп оқудың қажеті жоқ», – деген ұшқары ойды жоққа шығарған кемел тұлға. Өзі айтпақшы, ол өмір бойы «Нағыз ақын алдымен ойшыл, философ болуы керек. Поэзияда философ болу – өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу, ақырына дейін «адам жанының инженері» болып қалу» деген қағиданы ұстанған.   

Әдебиетке құштарлығының қайнар көзі Қарасаздан бастау алған Мұқағали орта мектепті Нарынқолдағы мектеп-интернатта бітіреді. Одан кейінгі жылдарда жоғары оқу орындарының бірнешеуіне еш қиындықсыз-ақ түсіп, әуелі  ҚазМҰУ-дің филология факультетіне, одан кейін шет тілдер институтына, сосын қайтадан ҚазМҰУ-дің заң факультетіне қабылданады. 1973 жылы Мәскеудің М.Горький атындағы Әдебиет институтының студенті атанады. Бірақ анасы айтқандай, «Оны да тауысқан жоқ... Олардың білетінін өзім де біледі екем. Алматымды сағындым. Балаларымның қасында болайын деп, кеттім де қалдым...», – деп бір жылдан соң елге қайта оралады. Мұқағалидың кез келгеннің қолы жете бермейтін айтулы оқу орындарының өзіне оп-оңай түсуі – әрине, ақынның оқу-білімге деген құштарлығы мен қабілет-қарымы аса зор болғанының айғағы. 

Саған таныс адыр, қырқа, беттегі,

Жыңғыл, жусан, тобылғылар көктеді.

Рахатта іші-сырты ауылдың,

Қуантсаңшы сен де, сәулем, кеп мені, – деп сағынышты жыр арнаған сүйіктісіне ақын 1949 жылы қосылып, жеке шаңырақ көтереді. Ол кезде Мұқағали 18, ал сүйген жары Лашын 21 жаста болады. Бастапқыда туған жерінде қалып, ауылдық кеңес хатшысы, Қарасаздағы бастауыш мектепте орыс тілінің мұғалімі, аудандық газеттің тілшісі болып қызмет етеді.

 

«Поэзия, менімен егіз бе едің?..»

1950 жылдардың ішінде өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде аракідік болса да жарияланып, есімі ел құлағын елеңдете бастаған Мұқағали «Өлеңім өлтірмейді» деген сеніммен 1962 жылы Алматыға қоныс аударады. Содан бастап ақынның кәсіби іс-әрекеті әдеби шығармашылықпен тығыз байланыста өрбиді. Қазақ радиосында диктор, «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарында әдеби қызметкер, Жазушылар Одағында поэзия бөлімінің кеңесшісі қызметтерін атқарады, 1970 жылы Жазушылар Одағына мүшелікке қабылданады. Үлкен қалада үйсіздік пен күйсіздіктің қиыншылығын тартуына, қызметінің жиі ауысуына қарамастан, Мұқағали «алауыртқан таңдардан, қарауытқан таулардан, бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан, шырақтардан, оттардан, жалаулардан, тіпті жоғалған замандардан да...» өзі тағат таппай іздеген поэзияға деген шексіз махаббатына деген адалдығына тұрақтылығын сақтап қалды. Алғашқы жыр жинағы жарыққа шыққанда 33 жаста болған Мұқағалидың небәрі 12 жылдық өмірі қалған-ды. Соны сезіп-білгендей ақын жүрегі алабөтен асығады.

Қай күні менің тәмамдалады дастаным?

Бітпесе екен, жаңадан ғана бастадым... – деп жанұшыра үн қатады. Қаламы жазудан құрғамаған ақынның 1964- 1976 жылдар аралығында 8 жыр жинағы жарық көреді. Жалпы, Мұқағали Мақатаев 1000-нан астам өлеңдер жазып, «Ильич», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек! Райымбек!», «Моцарт. Жан азасы» тәрізді тағы да бірқатар поэма-толғаулар, көркем аудармалар қалдырады. Ақын қай тақырыпта жазса да жан-жүрегімен тебіреніп, ақындық шабытпен, суреткерлік шеберлікпен жеріне жеткізе жазады. Бұл орайда:

Мен жырламаймын. Сырласамын.

Сыры бір замандаспен мұңдасамын.   

Көгендеп жыр қосағын,

Келмейді жыр жасағым, – деген ақын сөзі – оның шын сыры. Ол өлеңді жасамаған, періште жыр ақынға көктен үздіксіз құйылумен болған. Өзінің айтқанындай, кей кездері ол тіпті жазуға да үлгере алмаған.

Ең бір кереметі, Мұқағали поэзия жанрына ғана емес, проза, драма, сын саласына да қалам тартып, «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері мен «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестерін, «Қош, махаббат» пьесасын жазды. Бір өкініштісі, ақынның прозалық шығармалары күні бүгінге дейін әдебиетші қауымның зерттеу, зерделеу аясынан тыс қалып келеді. Қалай дегенмен де, Мұқағалидың суреткерлік таланты сан алуан қырынан жарқырай көрініп, қайталанбас өзіндік үні жекелеген өлеңдері мен алғашқы жыр жинақтарынан бастап-ақ айқын  аңғарылғаны даусыз.    

 

«Мен бәрібір өзіңменен бір болам...»

Замандастары, жалпы, Мұқағалидың көзін көрген үлкенді-кішілі қауым ақынның ерекше ақкөңіл, ақжүрек, мейірімді жан болғандығын айтады. Сонымен бірге, өтірікке жаны қас, көлгірсуді сүймейтін, шындықты бетке айтатын кесек тұлғасын, ірі мінезін елжірей еске алады. Ал оның жеке тағдыры қалай қалыптасты? Алматыға табан тірегеніне көп ұзамай жатып-ақ ақын атақ-абыройдың да, түрлі сын-сынақтардың да дәмін сезіне бастайды. Үлкен қызы Майгүл 11 жасында мотоцикл қағып жазым болады. Бұл жайтты өз естелігінде қамыға еске алған Нағиман әже: «...Міне, осыдан бастап балам сеңдей бұзылды. Қатты күйзелді. Иығы түсіп, сылынып сала берді. Мінезінде де өзгеріс пайда болғандай болды. Сөйтсем, не кітабын шығара алмай, не қамқор алақанның шуағына бөлене алмай қиналып жүрген кезі екен ғой. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, оған қызының өлімі қосылып, жүнжіп-ақ кетті.    ...Пәтер жалдап бірталай жыл әуре-сарсаңға түстік. Мұқағалидың тіршілігінде мансап пен байлықтың қызығын көрмегеніне туған анасы – мен, жан жары Лашын куә», – дейді.

Тұрмыстағы жайсыздық пен жағдайсыздық, жұмыссыздық, әдеби ортаның жорта шеттетуі ақын көңіліне кірбің, денсаулығына сызат түсірмей қоймайды. Таланты өзінен әлдеқайда төмен базбіреулердің том-том кітаптары есепсіз данамен басылып жатқанда Мұқағали жинақтарының пышақтың қырындай ғана көлемде әрі болмашы таралыммен шығуы үлкен әділетсіздік болатын. Мұның бәрі ақынды жүйкелетті де, торықтырды да. Ол содан да «Мен бұл жарық дүниеге келгелі, міне, қырық төртінші жылға аяқ басып барады екен. Бар өмірімнің қор, жиіркенішті болып көрінетіні соншалық, кейде бәрін өз ырқыммен-ақ қиып кете салғым келеді...» – дейді бір мезетте амалсыз. Мұхаңның жан сырын бүкпесіз жайып салған күнделігін парақтай отырып, оның нәзік жүректі ұлы ақын ғана емес, тағдырынан теперіш көрген, жаны  жалғызілікті қарапайым пенде екенін сезінесің. «Қаласа да, қаламаса да жұрт мені ақын ретінде түсінеді, ал адам ретінде кім түсіне қояр дейсің?» – деп күрсінеді ол. Ауруханадағы соңғы сәттерінде ағасының жанында бола алмағанын меңзеген Фариза да кезінде: «Егер мен сол жолы Мұқағали ақынның аласұрып, дүниеден бір жылылық көріп кетуді армандап жатқанын ұққан болсам, Баку сапарын ысырып тастап жанына барып, маңдайына тигізген алақаным арқылы жанымның бар жылуын тұла бойына таратпас па едім...» – деп өкініш білдірген екен.  

Күнделіктерінде, кейбір өлең-жырларында мұңға бой алдырған сыңай танытқанымен, бәрібір Мұқағалидың атар таңға, жарық күнге деген ынтызарлығы, сенімі басым. Сол себепті де, ол:

... Айтамын деп қуанышың, мұңыңды,

Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!

Мен бәрібір өзіңменен бір болам,

Өзегіне тепсең-дағы ұлыңды... – деп еліне наз айтады. Сонымен бірге: 

... He істемекпін алтын, гауһар, жақұтты,

Оларды іздеп өткізбеспін уақытты,

Мен бақытсыз бола қойман сірә да,

Туған елім болса екен бақытты.

Дәнеңе де сыйламасын келер күн.

Сый көрмей-ақ суалармын, сөнермін.

Туған елім түғырында тұрса екен,

Әрі қарай...

Әрі қарай көрермін...деп келешекке үмітпен көз тігеді.

Бір даусыз шындық, Мұқағали – есімі қазақ поэзиясының символына айналған ұлы ақын. Қазақтың қаншама кейінгі толқын қаламгерлері Мұқағали жырымен рухтанды! Мұқағали қаншама ақынға шын жылаудың, шын жырлаудың қалай болатынын көрсетті! Мұқағали поэзиясы құдды бір көктен құйылған, ешқандай кірсіз, мінсіз әппақ нұр іспетті. Одан жалғандық таппайсыз. Оның сөзі – сіздің өз сөзіңіз. Оның жаны –– сіздің өз жаныңыз. Өзгенің жүрек пернесін дәл осыншама тура басу үшін де адамға, сірә, пайғамбарлық парасат керек шығар...  

 

, ,