Олжас Бектенов Ердоғанмен кездесті

Олжас Бектенов Ердоғанмен кездесті
Сурет: primeminister.kz

Қазақстан Түркияға өнімнің 34 түрі бойынша жалпы құны 630 млн доллардан асатын тауар экспортын арттыруға ниетті.

Олардың ішінде металлургия, мұнай-химия, азық-түлік және машина жасау өнеркәсібінің өнімдері бар. Бұл жөнінде Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың Түркия еліне жасаған жұмыс сапары барысында белгілі болды. Анадолы жерінде Премьер-министрі бауырлас елдің басшысы Режеп Тайып Ердоғанның қабылдауында болды. Кездесуде Олжас Бектенов Түркия Президентіне Қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді. Екі мемлекет басшылары деңгейінде кеңейтілген стратегиялық әріптестік рухында өзара іс-қимылды дамыту бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, аграрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың барлық салаларында белсенді іске асырылатыны атап өтілді.

Премьер-министр Түркияның Вице-Президентімен келіссөздер жүргізіп, ірі компаниялар мен холдинг өкілдерімен кездесті. Сонымен қатар қазақ-түрік бизнес-форумына да қатысып, бірқатар маңызды келісімдер жасасты. Атап айтқанда, инвестициялық әріптестік бағытында жалпы құны 180 млн доллардан асатын коммерциялық 10 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде дайын өнімді экспорттау жөніндегі меморандум, логистикалық хаб салу туралы келісімдер бар.

Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/sayasat/item/649898-bektenov-erdo-anmen-kezdesti
Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.24.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: - Қазақстан Үкіметі түрік инвесторларының қатысуымен озық технологияларды трансферттеу, өндірістерді локализациялау және терең өңдеу кластерлерін құру бойынша инвестициялардың көлемін арттыруға ниетті. Өздеріңіз байқағандай Қазақстанның инвестициялық әлеуеті орасан зор және түрік мемлекетімен өзара тиміді бизнес жүргізу үшін мол мүмкіндіктеріміз бар. Қазақстан Үкіметі түрік бизнесі үшін сенімді, әрі ұзақ мерзімді серіктес болуға дайын. Біз инвесторларды қажетті ресусртармен, инфрақұрылымдармен қамтамасыз етуге әзірміз және өнімдерді экспортқа шығаруға қолдау көрсетеміз.