Енді көз емдету үшін шетел асудың қажеті жоқ

Енді көз емдету үшін шетел асудың қажеті жоқ
Сурет: Сәтжан Тоқтарбайдың фото мұрағатынан

Жақында Алматыда көз ауруларын емдеп, диагностикалайтын бірегей жаңа клиника ашылады. Бұл істі 15 жылдан бері Түркияның Ыстамбұл қаласында тұрып, аталған саламен тұрақты айналысып келе жатқан Сәтжан Тоқтарбай есімді отандасымыз қолға алған.

Ол сондай-ақ медицина саласында жұмыс істейтін «Medisat» компаниясының негізін қалаушы. Компания Қазақстаннан, жалпы Орта Азиядан Ыстамбұл қаласына дертіне ем іздеп баратындарға, сондай-ақ денсаулығын тексергісі келетіндерге жеті жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Медициналық туризм мен көз ауруларын емдеуге қатысты Сәтжан Тоқтарбаймен болған әңгімені назарларыңызға ұсынамыз. 

— Сәтжан, алдымен өзіңіз туралы, сосын медицина саласында компания құруыңызға не түрткі болғанын айтып берсеңіз?

— Мен Павлодардан Түркияға білім қуып барған едім. Бауырлас елдегі ең көне Ыстамбұл университетінің экономика факультетін ағылшын тілінде бітіріп, ұсыныс жасаған соң сол жақта еңбек жолымды бастадым. Ыстамбұл қаласында тұрып жатқаныма жалпы 15 жыл болды. Кейін медицина саласына біржола ауыстым. Оның да өзіндік себебі бар. Түркияға Қазақстаннан денсаулығын толық тексертуге, көз, онкология және  өзге де ауруларын емдету үшін адамдар көп келеді. Сондықтан жерлестеріміздің түріктердің заманауи медициналық мекемелерінде емделуіне бір жағы өз үлесімді қосқым келді. Осы жылдары біздің компанияның көмегіне мыңдаған адам жүгініп, емдеріне шипа тапты. Қазір тұтас команда болып қалыптастық. Қазақстаннан барып жұмыс істеп жатқан медициналық дәрігер-кеңесшілеріміз бар. Яғни түркиялық мамандардың айтқандарын науқастарға қазақ, орыс тілінде түсінікті етіп жеткізіп беретін, медициналық білімі бар алты аудармашымыз бен екі медициналық дәрігер консультантымыз жұмыс істейді.  

— Компанияңыздың көмегіне қанша адам жүгінді?

— 7 жыл ішінде 19 мыңдай адамға Түркияда емделуіне, толықтай тексерілуіне өз қызметімізді көрсетіппіз. Қазақстанда 78 рет консультация ұйымдастырыппыз. Төрт жылда Қазақстанда шамамен 7 мың адамға консультация жүргіздік. Осы жаққа онкологтарды, хируртарды, окулисттерді әкелдік. Жалпы, орталығымызға айына толықтай тексерілуге, емделуге  80-90 адам келеді. Негізінен бізге чек-ап жасауға келетіндер көп. Бізге келетіндердің 80 пайызы көзді тексеруге, чек-ап жасауға және онкологиялық аурулармен жиі жүгінеді.

— Бұл қызметтеріңізді медициналық туризм деп айтсақ бола ма?

— Әрине, медициналық туризм дегеніміз не? Қазақстанда емделгісі келмеген немесе бұл елде емі табылмаған науқастар шетелге кетеді. Бұл Қазақстанның медицинасы әлсіз дегенді білдірмейді. Керісінше, адамдардың таңдау мүмкіндігі артты десек болады. Әсіресе, соңғы төрт жылда пандемиядан кейін шетелге, оның ішінде, Түркияға барушылар саны 4-5 есеге дейін көбейді. Себебі, адамдар бұрын ауырған соң барып қана ем іздесе, қазір ауырмайтын жол іздеу мәдениеті қалыптасып келеді. Бұл күнде шетелге қыдырып бара жатып-ақ, толықтай чек-аптан өтеді, болмаса, ата-анам қартайды, солардың денсаулығын бір тексертейін деп жіберетіндер көп. Екіншіден, қанша дегенмен, Түркияның медицина саласында тәжірибесі мол. Соңғы технологиямен жабдықталған клиникалары бар. Оның үстіне біз тұрып жатқан Ыстамбұлда халық көп әрі Еуропаның соңғы технологияларын дер кезінде алып, мамандары ол жақтармен де тәжірибе алмасып тұрады. Бұның бәрі түрік медицинасының дамуына өзіндік ықпалын тигізбей қоймайды.

— Сіздер арқылы Түркияда ем алғысы келетіндермен қалай жұмыс жасайсыздар?  

— Өте қарапайым, бізге науқас хабарласады. Толық құжаттарын жібереді. Дәрігер медициналық кеңесшілер науқастар жіберген құжаттармен толықтай танысып шығады, медициналық негізде түрік тіліне аударып, тиісті маманға береді. Мысалы, мына науқасқа операция жасау керек, осындай сомада, осындай күні жасау керек деген сияқты. Сосын біз арнайы формада соның бәрін, операцияның атын, қаражатын, неше күн кететінін бәрін жазып, оны науқасқа жібереміз. Егер ол клиниканың шарттарын қабылдайтын болса, билетін алған соң, бізге паспорты мен билетін жібереді. Біз осында әуежайдан күтіп аламыз. Қонақүйіне орналастырамыз. Керекті дәрігерлеріне алдын ала жазғызып қоямыз. Соған байланысты, қасына арнайы аудармашысын қосып операциясын ұйымдастырып, палатасына жатқызып, толық бақылауға аламыз. Емі біткен соң әуежайға дейін шығарып саламыз.

— Расы керек, Түркияға барып емделуге екінің бірінің шамасы жете бермейді...

— Дұрыс айтасыз, жоғарыда тоқталғанымдай сондай жандарға көмегіміз тисін деп соңғы үш жылда Алматы және Ақтау қалаларына Түркияның білікті мамандарын апарып, қолжетімді бағада кеңес беріп, консультация ұйымдастырып келеміз. Сол жерде науқасты барынша Қазақстанда ары қарай емделе алатындай етіп емін белгілейміз. Егер күрделі емдеуді, жаңа технологиялар мен мықты мамандарды қажет ететін болса ғана Түркияға барады.

— Жағдайы жоқ, емінің қаражатын төлей алмайтын адамдар бара ма сіздерге? Оларға көмек көрсетудің, болмаса жеңілдік жасаудың жолдары қарастырылған ба?

— Адам баласы болған соң түрлі жағдай болады. Жалпы Medisat медициналық туризм компаниясы. Жылдар бойы Ыстамбұлдағы ең танымал клиникалармен қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Сондықтан ондай кездері  тікелей олардың басшыларымен сөйлесіп, қолымыздан келгенше жеңілдіктер алып беріп, емге қаражаты жоқ жандарды тегін емдеу мүмкіндіктерін қарастырып келеміз. Оннан астам адамның операциясы мен трансплантациясына көмектестік. Біз қайырымдылық қоры емеспіз, бірақ отандастарымыздың мұқтаждығын өтеу үшін қолымыздан келгенін жасаймыз. 

— Әңгіме барысында Алматыда жаңа клиника ашамыз деп айтып қалдыңыз. Сол жайында толығырақ айтып берсеңіз. Ол медицинаның нақты бір саласына маманданған клиника ма?

— Алматыда қаласында 15 қаңтарда «Asiakoz» деген көз клиникасын ашуды жоспарлап отырмыз. Оны ашу себебіміз – қазір көзге ем іздеп, шетелге баратындар көп, сонымен қатар көзіне күрделі ота қажет, бірақ, қаражат жағынан жолына ақша таба алмай, бізге жете алмайтындар да бар. Енді қазақстандықтар көзін емдету үшін Анадолыға бармайды, осы жерде-ақ емдете алады. Түркиялық білікті хирургтарды осында алып келеміз. Емханамыз толықтай соңғы технологиямен халықаралық стандарттарға сай жабдықталған. Asiakoz клиникасында күрделі оталарды да жасаймыз. Ай сайын жағдайы жоқ, күрделі әрі жедел отаны қажет ететін 3-4 науқасты таңдап алып, оларға көмектесу, яғни тегін ота жасап беру де жоспарда бар. Клиникамыздың атауын «Asiakoz» деп атаудың өзіндік себебі бар. Яғни, алдағы уақытта көзіне ем іздеп көршілес елдерден келетін науқастарға да қызмет көрсете отырып, Қазақстанда едициналық туризмді дамытқымыз келеді. Яғни түпкі мақсатымыз — клиникамызды Орталық Азиядағы көз емдейтін іргелі орталыққа айналдыру.

— Еліміздің медицина саласына қандай өзгерістер керек? Шетелдік мамандармен жұмыс істеп жүрген жан ретінде не айтасыз?

— Еліміздің медицинасы заманға сай тұрақты дамып келеді. Қазір жастардың көбі шетелде білім алып, өз елімізде де білікті мамандар дайындалып жатыр. Өзіміз ашқалы отырған клиникаға келетін болсам, алдағы уақытта бұл жерде түрік тілін білетін отандық дәрігерлерді де тәжірибе алмасып, үйренері болса, қажетін алсын деген оймен жұмысқа алу ойда бар. Медициналық туризм саласында жүргеннен кейін, клиника аша отырып, бұл жолды одан ары дамыта отырып, отандық медицинаны дамытуға осылай аз да болса, өз септігімізді тигізгіміз келеді.

— Қолға алған істеріңіз оңынан болсын!Сұхбатыңызға рақмет! Істеріңізге береке берсін!