Өткен жылы еліміздің жалпы ішкі өнімі 3,1%-ға артқан

Өткен жылы еліміздің жалпы ішкі өнімі 3,1%-ға артқан
Сурет: Inform.kz

Ілгерілеу құрылыс, ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, сауда, көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі салаларында байқалды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі қаншаға өскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Теріс сыртқы факторларға қарамастан, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 3,1% деңгейде тұрақты өсімге қол жеткізді. Оның ішінде нақты сектордағы өсім 3,2%-ды, ал қызмет көрсету саласында 2,5%-ды құрады», - деді министр.

Оң өсім құрылыс, ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, сауда, көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі салаларында тіркелген. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өңдеу қарқыны 1%-ға төмендеді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 7,8% болды.

2022 жылғы қаңтар-қарашада сыртқы сауда тауар айналымы 33,4%-ға өсіп, 122,2 миллиард долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 42,4%-ға өсіп, 77,6 миллиард долларға дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауар экспорты 33,8%-ға ұлғайып, 24,1 миллиард долларды құрады. Тауар импорты 44,6 миллиард долларға тең.

«Жалпы, оң сауда балансы 33,1 миллиард долларды құрап отыр», - деді Қуантыров.

Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінде де оң өсім сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,4%-ға артқан.