Бюджет қаражатының игерілмеуіне не себеп?

Бюджет қаражатының игерілмеуіне не себеп?
almaty-akshamy.kz

2022 жылдың қорытындысы бойынша бірнеше министрлік мемлекеттік бюджет қаражатын тиісті деңгейде игермеген, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Мемлекеттік бюджеттің шығысы 98%-ды, республикалық бюджет шығыстары 98,6%-ды және жергілікті бюджеттің шығысы 96,4%-ды құрады. Республикалық бюджет бойынша 18,5 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Өткен жылы 263 млрд теңге атқарылмаған. Оның ішінде 175 млрд теңге - Үкіметтің бөлінбеген резерві, 7 млрд теңге үнемделген. Бұл шығыстар бюджет кодексіне сәйкес игерілмеген қаражат болып есептелмейді. Сол себепті, шығыстарды таза игеру 99,6% құрайды деп айтуға негіз бар», - деді Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары бюджет қаржысын дұрыс игермеген министрліктерді атап өтті.

«Бюджетті нашар игеру бойынша, яғни 99%-тен төмен көрсеткіш Сауда және интеграция, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Төтенше жағдайлар, Мәдениет және спорт министрліктеріне тиесілі. Игерілмеудің негізгі себептері - өнім берушілердің шарт талаптарын бұзуы, жобалау-сметалық құжаттамаларға мемлекеттік сараптаманы ұзақ өткізу немесе оған оң қорытындының болмауы, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау», - дейді ол.