Криштиану Роналду «Аль-Наср» клубымен келісімшартқа отырды

Криштиану Роналду «Аль-Наср» клубымен келісімшартқа отырды
Сурет: Championat.com

Португалиялық футболшы Криштиану Роналду Сауд Аравия клубы «Аль-Насрмен» келісімшартқа отырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Ақпаратқа сәйкес, 37 жастағы форвардпен келісім екі жылға жасалған.

БАҚ-тардың мәліметінше, Роналду жарнамалық келісімдерді қоса есептегенде жылына 200 млн еуро жалақы алатын болады.

«Аль-Наср» клубының жұмысы аса шабыттандырады және жоғары жетістіктерге жету үшін командалас достарымның қатарына қосылуға қуаныштымын», - деді әйгілі футболшы.

Аталған клубтың директорлар кеңесінің төрағасы Мусали Аль Муаммардың айтуынша, бұл келісім жай ғана тарихи бетті бастау емес, одан да айтулы оқиға.

«Аль-Наср» Сауд Арабиясының сегіз мәрте чемпионы (соңғы титулды 2019 жылы иеленді) атанған клуб.

Роналду журналист Пирс Морганға сұхбат бергеннен кейін дау туындап, «Манчестер Юнайтед» қараша айында онымен келісімшартты үзген еді. Осыдан кейін Криштиану Қатарда өткен 2022 жылғы әлем чемпионатына аттанды. Алайда ол сәтсіз ойын көрсетті: португалиялық футболшы бес ойында тек бір гол ғана соқты, оның өзінде екі ойынды қосалқы құрам орындығында өткізіп шықты. Жалпы, Португалия құрамасы турнирдің ширек финалында Марокко құрамасына 0:1 есебімен жеңіліп қалды.