Ұлының ұлы

Ұлының ұлы
almaty-akshamy.kz

Мұрат Мұхтарұлы Әуезов туралы замансөз

Белгілі мәдениеттанушығалым, дипломат, қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, ҚР Журналистика академиясының академигі Мұрат Мұхтарұлы Әуезов асықпай, аптықпай, аяңдай басып, 80-нің төріне шығып келеді.

Ол кісі біздің Alataý Aqparat медиахолдингіне жиі келіп тұрады. Біздің үлкенді-кішілі қуаныштарымызға, жетістіктерімізге ылғи тілекші болып жүреді. Лебізін де аямайды. Бұл бізді, әрине, қуантады. Қашан көрсеңіз де, орнықты, жұмсақ мінезімен, байсалды болмысымен, ойлы жанарымен, жып-жылы аурасымен баурап алады. Біз, әлбетте, қазақ деген ұлтты өміршең шығармалары арқылы жер-жаһанға танытқан Мұхтар Әуезовтей текті адамның ұрпағымен, өзі де тегін емес бірегей тұлғамен бір заманда өмір сүріп жатқанымызға мақтанамыз.

Мұратай

Иә, Мұрат Әуезов – жазушы Мұхтар Әуезовтің «Мұратай» деп еркелеткен сүйікті ұлы, абзал ана Фатима Ғабитованың сүткенжесі.

Мұхтар Әуезов баласына жазған хаттарының бірінде: «Мұратай! Айналайын, жақсы балам! Тілі тәтті, өзі тәтті Мұратайым! Сен мені сағындың ба, мен сені көп ойлап, көп сағынам. Қашан тағы көрер екем деп ойлаймын. Енді көргенде Мұратайым маған тағы қандай әндер айтып берер екен деп ойлаймын. Сен әнді жақсы айтушы едің. Осы күнде тіпті көп өлең, ертегі білетін болған шығарсың. Үйрене бер. Ең болмаса харіптер үйрен. Тәтеңе айтып, маған өзің де хат жаз. Жаздыгүні мен саған велосипед әперем, алдамаймын, айналайын жаным. Ал бетіңнен, көзіңнен сүйдім. 04.ІІ.48 ж.», – дейді. Сол Мұратай алтыға толар шағында, жазушы әке өзінің басына төніп тұрған қатерге де, «халық жауының» әйелі ретінде Фатима Ғабитоваға үлкен шаһарда тұруға рұқсат етілмегеніне де қарамастан, Алматыдан шағын үй сатып алып, зайыбын балаларымен бірге Алматыға көшіріп әкеледі. Ол тұста қалада екі-ақ қазақ мектебі болған - №18 ұлдар мектебі және №12 қыздар мектебі.

Сол кезеңде жұмсақ креслода отырған талай басшы «ұлтшыл» деген атқа ие болып қалмайын деген қорқынышпен балаларын қазақ мектебіне бермеген көрінеді. Ал әйгілі Әуезов «Мұратайымның тілі қазақша шықсын» деген әкелік аппақ ниетімен Мұратты томпаңдатып өзі қолынан жетектеп алып, сол білім ошағына әкеледі.

Жазушының сүйікті ұлының атын тікелей атамай, «Мұратайым» деуінің өзінде қаншама мейірім, өлшеусіз сүйіспеншілік жатқанын аңғармау мүмкін емес. Бұл жөнінде кейіпкеріміздің өзі де ерекше ілтипатпен баяндайды. Ол әкесінің де, анасының да шын мәніндегі педагогтар болғанын ылғи баса айтып жүреді. Бала Мұрат алғаш хат танып жүрген кезде анасы шұлық тоқып отырып, «Абай жолын» оқытатын көрінеді. Кішкентай Мұратайының салмағы үлкен романды мұрны пысылдай ежіктеп оқып отырғанын көргенде, әкесінің балаша мәз болатыны да әлі есінде.

«Иә, кішкентай кезімде әкеміз біздің қалыптасуымызға, тәрбиемізге ерекше мән беретін. Бауырым Ернар екеумізді театрға апарып, түрлі спектакльдерді көрсететін, сосын бізден оның мазмұнын, не түсінгенімізді сұрайтын. Қолы тиген күндері табиғатқа алып шығып, серуендетіп қайтатын. Ернардың бір дорба асығы бар-тын. Әкем арқардың құлжасын: «Мынау – сенің асығың», – деп маған беріп, асық үйреткен. Содан кейін спортпен шұғылдануыма көп көңіл бөлді. Бірде әкем Ернар екеумізді екі айға Қырғызстанға алып барды. Қырғыз ағайындар бізді Қордайдан күтіп алды. Әкем кезінде қырғыздың «Манас» эпосын қорғап қалған адамдардың бірі ғой. Сондықтан да қырғыздардың арасында ол кісінің абырой-беделі зор болды. Сол жолы біз Түгелбай Сыдықбеков, Әбдімомынов және атақты манасшы Саяқбай Қаралаевтың үйлерінде мейман болдық. Мен «Манасты» ұйып тыңдап отырып, әкемнің қасына келіп, құлағына «мен ана кісінің айтқандарын түсінемін» деп сыбырлағанымда, әкемнің балаша қуанған сәті көз алдымнан ешқашан кетер емес. Әйтеуір, әкем бізді білімді де мәдениетті азамат етуге тырысып бақты», – дейді Мұрат Мұхтарұлы естеліктерінде.

Иә, асқар таудай әкенің әрбір хаты балаға бағдаршам іспетті болғаны анық. Кейінірек Мәскеуден жіберіп тұрған түрлі кітаптары да балаң Мұраттың білім көкжиегінің кеңеюіне, сана биігінен көріне бастауына ықпал еткені сөзсіз. «Мұратай! Мен сені енді ержетті, есі кірді деп, менің кітабымды оқитын, білетін кезі жетті деп «Абайды» жіберіп отырмын. 1958 ж. 28. ХІ». Ал бозбала Мұрат әкенің бұл жолдауын бар жан-тәнімен қабылдады. Бұл орайда кейіпкеріміздің: «Абай жолын» оқығанда, ол біреудің жазғаны емес, өзіңе өте жақын адамның жазғаны екенін жастайымнан ұғып өстім. Кітаптың өзі әкемізден басталған сияқты», – деп келетін естелігі де бар.

Бағдаршам

Мұрат Мұхтарұлы әкесінің өзіне мамандық таңдауда үлкен мән бергенін де жиі айтады. Мұрат алғашында астроном боламын деп жүреді де, емтихан тапсырар сәт таяғанда, жанының гуманитарлық салаға жақын екенін, әдебиет, тарихты қалайтынынын түсінеді. Сөйтіп, он алты жасында М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтының Қытай филологиясы факультетіне оқуға түседі. Қытай тіліне келуіне де әкесі себепкер болған екен. «Қытайдың тілінде қзақтың тарихына байланысты көптеген деректер бар, соны үңіліп зерделеу керек», – деген болатын Әуезов.

«Көрегендігі ғой, ол кездегі осал Қытайдың болашақта іргелі елге айналатынын болжады. Жоспарлары мықты еді, бірақ мен оқуымды аяқтамай, дүниеден кете барды. Әкемнің сенімінен шығуға барынша тырыстым», – деп жазады Мұрат Әуезов «Ділім» атты кітабында.

Ұлттық рух

Мұрат Мұхтарұлының жоғары оқуға түскен уақыты Кеңес Одағында жеке басқа табынушылық әлсіреп, жергілікті ұлттардың өз тарихы мен мәдениетін ұлықтауға бет бұра бастаған кезең болатын. Міне, дәл осы сәтте, яғни 1963 жылы Мәскеуде Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан, Алтай Қадыржанов, Әнуар Сартбаев бастап, «Жас тұлпар» ұйымын құрады. «Ұстанған мақсатымыз – отаршылдық саясатқа қарсы шығып, ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға үлес қосу. Ол кезде бұлайша атой салу – өзіңе-өзің қару кезенгенмен бірдей болатын. Қиналған кезде әкем түсіме енетін. Әкемнің бір жылы жымиысы болатын. Түсіме сол қалпында енуші еді. Сол жымиған қалпы. Оның жүзінен: «Қамықпа, балам! Бәрі жақсы болады» деген рай байқайтынмын. Ылғи да солай. Әкем түсіме енсе, барлық шаруаларым дөңгеленіп жүре береді», – дегені бар Мұрат Мұхтарұлының естеліктерінде.

Жастұлпарлықтар үгіт-насихат бригадаларын құрып, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстарын, Тың өлкесін аралап, концерттер қойып, тақырыптық лекциялар ұйымдастырып, мәдени-ағартушылық жұмыстар атқарды. Сондайақ, Мәскеу, Ленинград қалаларының көптеген өңірінде де дәрістер оқып, өнер кештерін ұйымдастырды.

1969 жылы Мұрат Әуезов Мәскеуде Ғылым академиясының аспирантурасын бітіріп, «Қазақтың ұлттық ерекшеліктері» деген тақырыптағы диссертациясын қорғап, елге, Алматыға асыға оралады. Бірақ от болып жанып тұрған жас ғалымның ұлтшыл рухынан қауіптенген сол тұстағы Оқуағарту министрлігі оған: «Сізге студенттермен жұмыс істеуге рұқсат жоқ!» деп, оны жоғары оқу орындарынан аластайды. Міне, осы кезде оның тауының шағылмауы – әлгі рухтың арқасы. Мойыған жоқ, Қазақстан Ғылым академиясының Философия және құқық институтына жұмысқа тұрады. Тағы да сол жастұлпарлықтар жиналып, Алматыда зиялы орта құрады. Мұрат Әуезовтің басшылығымен олар көшпенділердің эстетикалық мұрасын жан-жақты зерттеп, мақалалар жинағын дайындайды. 1973 жылы Алматыда Азия және Африка елдері жазушыларының V конференциясы өтеді. Олжас Сүлейменов, Әнуар Әлімжанов, Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан бастаған "жастұлпарлықтар" аталған құрлық жазушыларының 50-ден аса шығармасын қазақ тіліне аударып шығады. Бүгінгі таңда қазақ қоғамында тек екі тұлға ғана ұлттық руханияттың жолбасшысы бола алады. Олар – Мұрат Әуезов пен Олжас Сүлейменов дер едік. Бұл екі ой титанын өмірдің өзі қосып, тағдырлары ажырамас достықтың өнегесіне айналды, ал үлкен істерде, әсіресе, «Невада–Семей» антиядролық қозғалысы сияқты маңызды бағдарларда олар қашанда бірге, бір-біріне серік болып жүр.

Олай дейтініміз, 1989 жылдың ақпанында О.Сүлейменовтің басшылығымен «Невада–Семей» қозғалысы құрылды. Мұнда да М.Әуезов алдыңғы сапта тұрды. Курчатов қаласындағы полигон офицерлерінің алдында сөз сөйледі, Невада штатындағы әріптестермен байланыс орнатты.

«Қайда жүрсек те, өзімізбен пікірлес адамдарды таба білдік. Мысалы, осы Алматымызға оралғанда да өзімізге рухтас аға-іні буын өкілдерімен бірге жүрдік. Олардың әрқайсысы – ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызда өшпес із қалдырған Асқар Сүлейменов, Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Ақселеу Сейдімбеков, қаны, жаны қазақ Алан Медоев сияқты алып тұлғалар. Олармен бірге елден жырақта, орыстілді ортада жүріп, шорқақтанып, ақсай бастаған ана тілімізге оралып, оның небір маржандарымен барынша жақын таныса бастадық. Асқар Сүлейменовтің домбырасына әбден үйреніп алғанымыз соншалық, ешбір кездесуіміз домбырасыз өтпейтін болды. Қазақ музыкасының симметрологиясының негізін салған Болат Қарақұлов та, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын, тіпті Моңғолияға дейін барып жинақтаған Болат Сарыбаев та біздің қатарымызда болды», – дейді кейіпкеріміз.

Жас тұлпар

Мұрат Әуезов Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор болып жұмыс істеп жүрген жылдары қазақтың кино өнеріне де тың серпіліс әкелді. 80-жылдардың аяғында Қазақстан Жазушылар одағында құрылған Көркем аударма және әдеби өзара байланыстар алқасын басқарған жылдары да тың идеяларымен көзге түсті. Сол жылдары әдеби шығармаларды орыс тілі арқылы емес, тікелей қазақ тіліне аудару жағына ден қойылып, оған арнайы аудармашылар дайындалды.

Мұрат Әуезовтің 1992 жылы Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы тұңғыш елшісі болып тағайындалуы да оның өмір жолындағы үлкен бетбұрыс болды. Сол кезеңде талай жылдардан бері шешілмей келе жатқан Қытай мен Қазақстан шекарасы ресми түрде айқындалды. Сонымен қатар, Абай туындылары қытай тілінде «сөйлей» бастады.

Қытайдан оралған соң «Сорос–Қазақстан» қоғамдық қорының атқарушы директоры, ал 2002 жылдан Қор президенті қызметін атқарды. Қордың басшысы болған жылдары ол елімізде ғана емес, шетелдердегі қазақтардың әлеуметтік-мәдени даму үдерісіне зор үлес қосты. Түрлі мәдени экспедициялардың ұйытқысы болды. «Алатаудан – Атырауға» атты кітап керуенін өткізу барысында да "жастұлпарлықтар" тағы жарқ етті. Нәтижесінде Алтай, Моңғолия қазақтарына бес мыңнан аса көркем әдебиет, оқулықтар, ұлттық музыка аспаптары, үнтаспалар жеткізілді.

"Жастұлпарлықтардың" тағы бір жарқын қолтаңбасы – «Мәдени мұра» бағдарламасы. Олар бұл бағытта ең бірінші кезекте еліміздің тарихи-мәдени процесін тұтас қозғалыстар тарихы ретінде қарастырды. Осы бағдарлама нәтижесінде бабаларымыздың даңқы жаңғырды.

Аманат

1961 жылы әкесі Мәскеу ауруханасында жатқанда жиі барып тұрды. Әке Мұхтар да соны қалайтын. Себебі, Алматыдағы қаламгерлерге, әдебиетші қауымға хат жазатын да, оларды көрсетілген мекенжай бойынша Алматыға жөнелтетін. «Сен емтихандарыңды бітірген соң, елге барасың. Мен туған жерді аралап, Қарауыл, Жидебай, Шыңғыстауды көріп келесің», – деді бірде. Сосын ұлына Семей жаққа барғанда көрген-білгенінің бәрін күнделік етіп жазып жүруін тапсырды. Ол кезде Мұхтар Әуезовке ядролық сынақтарға қатысты, елдің жағдайы ауыр екені туралы көптеген хат келетін көрінеді. «Соның бәрін көзбен көріп, қаламыңмен қағазға түсір, Ыстықкөлдің жағасында кездескенде оқып бересің» дейтін. «Әрине, оның басқа жолдармен де ақпарат алуға мүмкіндігі болды. Дегенмен, ол мені ел-жерді көрсін, білсін, санасына сіңсін деген екен. Біз мұны кейін түсіндік қой. Мені аманаттап, 25 маусым күні Кәмен Оразалинге хат жазды. Бұл оның туған жеріне жазған хаты, қолына соңғы рет қалам ұстағаны екен. 26 маусым күні ешкімді кіргізбей, оны отаға дайындады. 27 маусым күні ота үстелінде 63 жасында қайтыс болды. Мен әкемнің операциясынан кейін Семейге барып келетін болдым да, ол сырқатынан жазылған соң Алматыға қайтып, одан кейін Шолпан-Атаға баратын болып келіскен болатынбыз. Бірақ ол сапар жүзеге аспай қалды. Мен әке аманатын 1963 жылы ғана орындадым», – дейді Мұрат Әуезов.

Содан бері арада қанша жыл өтсе де, Мұрат Әуезов әке ізін үзіп алмай, жалғап, аманатына әлі күнге адал болып келеді.

Әзірлеген Нұржамал ӘЛІШЕВА.

«Almaty aqshamy» газеті, №155-156 (6291) 29 желтоқсан, 2022 жыл