Қорғаныс министрлігі «РФ-ға әскери техника жөнелту» жайлы ақпаратқа қатысты түсінік берді

Қорғаныс министрлігі «РФ-ға әскери техника жөнелту» жайлы ақпаратқа қатысты түсінік берді
Сурет: Ашық дереккөз

ҚР Қорғаныс министрлігі "Қазақстан Ресейге әскери техникалар жөнелте бастады" деген дақпыртты жоққа шығарды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

StopFake-тің мәлімдеуінше, әлеуметтік желі мен мессенджерлерде 2023 жылы 6 сәуірде Қарағанды облысында әскери техниканы тиеп әкетіп бара жатқан ауыр жүк көліктері түсірілген видео тараған. Видео авторы оларды Ресейге жөнелту үшін әкетіп бара жатыр деп топшылайды. 

Бұл долбарды ҚР Қорғаныс министрлігі жоққа шығарды.

"Әлеуметтік желілерде тараған қазақстандық әскери техниканы Ресейге жөнелту туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Әлеуметтік желілерде таралған видеода көрсетілген техника жауынгерлік даярлық бойынша жоспарлы оқу-жаттығулардан кері қайтарылуда. Айта кетсек, 2022 жылы 27 тамыздан бастап Қазақстанда қару-жарақ пен әскери техниканы экспорттауға тыйым салынған", – деп хабарлады ведомстводан.