Көпбалалы аналарға жекеменшік балабақшалардың сертификаты берілді

Көпбалалы аналарға жекеменшік балабақшалардың сертификаты берілді
Фото Қайрат Қонысбаев

Алматы қаласы Медеу ауданы әкімдігінің ғимаратында көпбалалы және жалғызбасты аналарға сертификат табысталды. Бұл сертификат бойынша үлкен отбасының бүлдіршіндері балабақшаға тегін бара алады.

Игі іс-шара Наурыз мерекесінің «Қайырымдылық» күніне орай өткізілді. Сертификаттарды табыстау рәсіміне Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев, Медеу аудандық прокуратурасының прокуроры Елжас Бозбаев, жекеменшік балабақшалардың өкілдері мен ата-аналар қатысты.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Наурыз мейрамы жаңа форматта тойланатын болды. Осы онкүндіктің бүгінгі «Қайырымдылық күніне» орай біз аудандық әкімдік өтініш берген 15 көпбалалы және жалғызбасты анаға сертификат табыстадық.

Бұл акцияға көмектескен кәсіпкерлерге алғыс айтамын. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді. 1 жыл болсын тегін балабақшаға бару ата-аналарға үлкен көмек болады деп үміттенемін, – деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев.