Қызылшаға қарсы екпе: алматылықтар нені білуі тиіс

Қызылшаға қарсы екпе: алматылықтар нені білуі тиіс
almaty-akshamy.kz

Аурумен күресу үшін жүйелі шаралар қабылдануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн брифингі барысында Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау Департаментінің өкілдері хабарлады.

 «Алматы қаласында 2023 жылдың наурыз айынан бастап қызылшаның 5563  зертханалық расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 4011 жағдай (72,1%), 15 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында – 217 (3,9%) және ересектер арасында – 1335 (23,9%)», - деп хабарлады Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы. 

Балалар арасында аурушаңдық негізінен вакцинациядан бас тарту себебінен, сондай-ақ вакцинациядан медициналық айыру және егу жасына жетпеу себебінен вакцинацияланбағандар арасында тіркеледі. 
 
Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізеді. 

Қалада қызылшаға, паротит қызамығына қарсы халықты қосымша жаппай иммундау жалғасуда.

2023 жылғы 6 қараша мен 2024 жылғы 14 ақпан аралығында қалада қызылшаға қарсы ҚЖИ шеңберінде барлығы 156 794  адам қамтылды, оның ішінде 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі 12 201 бала, 2 жастан 4 жасқа дейінгі балалар – 77 807, медицина қызметкерлері – 8676 және басқа жастағы бұрын қызылшаға қарсы жоспарлы екпе алмаған  толықтыра иммундау бойынша 58 110  бала.

Балаларды жоспарлы вакцинациялау тұрғылықты жері бойынша қаланың емханаларының барлық егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі. Вакцинация жүргізу үшін ДДҰ сертификаттаған және Қазақстан Республикасында тіркелген қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады.

Қызылша – бұл ауа-тамшылы инфекциялар тобына жататын құрамында РНҚ вирусы бар жедел респираторлық жоғары жұқпалы вирустық ауру.

Ауру науқас адамнан сау адамға ауа арқылы, тыныс алу жолдарынан тамшылармен немесе жұқтырған адамдардың мұрнынан немесе тамағынан секрециялармен тікелей байланыста болғанда жұғады.

 «Қызылшаны жұқтырудан, сондай - ақ олардың асқынуларының алдын алатын жалғыз тиімді құрал-бұл тек вакцинация», - деп еске салды СЭБД-де.

Ауру белгілері пайда болған жағдайда эпидемиологтар келесідей кеңестер береді: 

- өзін-өзі емдеумен айналыспау, дәрігерді үйге шақырып және дәрігердің нұсқауы бойынша ем алу;
- үйде болу, жұмыс және оқу орындарына, сондай-ақ қоғамдық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар орындарына бармау.

Әсіресе, амбулаториялық емделіп жатқан науқастар үйде оқшаулауды қатаң сақтауы керек;
- ауырған балаларды ұйымдасқан ұжымдарға, мектептерге, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өтетін орындарға жібермеу.