Қыркүйектен бастап мектеп маңындағы қауіпсіздік қатты қадағаланады

Қыркүйектен бастап мектеп маңындағы қауіпсіздік қатты қадағаланады
Сурет: Nedelya40.ru

Сабақ басталған кезде полиция жасақтары білім беру мекемелерінің жанындағы қауіпсіздікті қадағалайды. 

Бұл туралы ІІМ ақпарат алаңында өткен онлайн брифингте Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев мәлімдеді , деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

«Биыл 1 қыркүйектен бастап білім беру мекемелерінің маңында полиция жасақтарының тығыздығы артады. Білім беру мекемелерінің жанындағы жол желісі тек іс-шара кезінде ғана емес, тұрақты түрде тексерілетінін айта кету керек. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдерді тасымалдауға арналған көлік құралдарына көп көңіл бөлінеді. Биыл біздің қызметкерлер оқу орындарына тиесілі 2 мыңға жуық көлікті тексерді. Анықталған кемшіліктерді жою үшін тиісті мекемелерге 100-ден астам ұйғарым жолданған», - дейді ІІМ өкілі. 

Оның айтуына қарағанда, балаларды жол-көлік жарақаттарынан қорғау мәселесінде оқу процесі де маңызды қызмет атқарады. 

«Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен білім беру ұйымдарында жүйелі түрде, оқу жоспары аясында жолда жүру қағидалары бойынша оқыту қарастырылған. Өз кезегінде полиция қызметкерлері мектеп оқушыларына жол жүрісі қағидаларын үйрету бойынша онлайн форматта мыңнан астам конкурстар мен викториналар өткізді. 1 қыркүйектен бастап бұл бағыттағы жұмыс дәстүрлі форматта жалғасын табады деп сенеміз», - деді Жандос Мұратәлиев.