Халықтың көзі, құлағы һәм тілі

Халықтың көзі, құлағы һәм тілі
Сурет: Liter.kz

«Қазақ» газетінің алғашқы санының жарыққа шыққанына биыл - 110 жыл, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Газеттің алғашқы нөмірінде Ахмет Байтұрсынұлы басылымды жарыққа шығарудың ең негізгі 4 міндетін жазып кеткен болатын. 

«Əуелі, газет - халықтың көзі, құлағы һəм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды... Екіншіден, газет - жұртқа қызмет ететін нəрсе, олай болатын мəнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады. Үшіншіден, газет - халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші. Төртіншіден, газет - халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шұқытпасқа тырысады».

Отаршылдық құрсауындағы қазақ ұлтын өркениеттің кезекті белесіне жетелеген, азаттықтың алғашқы қоңырауы атанған әйгілі «Қазақ» газеті 1913 жылдың 2 ақпанында жарық көрді.

Қазақ журналистикасының тарихын да, демократиялық өркениетке ұмтылған күрес шежіресін де осы күннен бастап есептеуге болады.

Олай дейтініміз, «Қазақ» газеті сол кездегі биліктің халықты өз саясатына ұйытып ұстайтын насихат құралы емес, қоғамдық ақпарат құралы ретінде пайда болған еді.

«Қазақ жерінде Кеңес үкіметі орнамаса, халқы қараңғы күйінде қалар еді» деген мазмұндағы идеологияның қаншалықты қисынсыз екенін түсіну үшін «Қазақ» газетінің тарихына үңілсе жетіп жатыр.

Алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Қайрат Сақтың айтуынша, «Қазақ» газетінің әр санында сол кездегі көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың бәрінің үлесі бар.

«Газетті патша үкіметі шығаруға рұқсат бергенімен, кейін жұмысын тоқтату үшін барынша күш салып, қолдан келген қиянатын жасады. Менің қолымда бар деректер бойынша, газет 6 рет сотталған, әр түрлі айыппұлдар төлеген. Оның сомасы 50 рубльден бастап 3500 рубльге дейін жеткен. Ол кездегі рубльдің құны өте жоғары еді. Себебі Ахмет Байтұрсынұлы «Газет шығарғанда бар жиған қаражатым 750 рубль еді» деп жазады. Сонда 750 рубльмен газет шығарып отырса, 3,5 мың рубль айыппұл салу деген газетті тоқтатумен бірдей шара еді. Не газет 3,5 мың рубль айып төлесін, не газеттің бас редакторы 2 ай абақтыда отырсын» деген шешім шығарады. «Газеттің жұмысы тоқтап, 6 млн қазақ көз-құлақсыз қалғанша мен өзім ғана зиян шегейін» деген ойға бекіген Ахмет Байтұрсынұлы екінші жолды таңдайды. Міржақып Дулатұлы оның бұл шешімін газет бетінде жариялайды. Оны оқыған жұрт бір аптаның ішінде 3,5 мың рубль айыппұлды жинап беріп, Ахаңды босатып алады», - дейді алаштанушы.

Ғалым осы газетті қаржыландыру үшін құрылған «Азамат» серіктестігі нарықтық экономикаға бейімделуден туған озық ұйым болғанын айтады.

«Бұл серіктікке байлар ғана мүше болған жоқ. Ол жайында алаш азаматтары ашып жазған. «Пұлы барлар пұл жәрдеммен көмек береді деп, қаламы барлар қаламмен көмек береді деп газет ашып едік. Бірақ пұлы барлар сараң болып, көмек бермеді. Олар көмек бермеді екен деп біз газет шығармай қоймаймыз. Сол себеппен «Азамат» серіктігін құрып отырмыз. Бұл серіктікке әркім өз үлесін қосады, сол үлесіне қарап кейін пайдасын көреді» деп жазды. Кәдімгі акционерлік қоғам болған ғой. Әркім өзі жарна төлеп кіреді, сол жарнаның мөлшеріне сай дивидендін алады. Сонда «Азамат» серіктігіне қазақтың оқығандары, зиялылары, бас көтерер азаматтары мүше болады. Әр жұмсалған тиынның есебі газетте жарияланып отырған. Кімнің қанша жарнамен кіргені, ол жарнаның қайда жұмсалғаны, бәрінің есебі беріліп отырған», - дейді Қайрат Сақ.

Ғалымның айтуынша, газет өз шығындарын ақтап қана қоймай, әлеуметтік жобаларға қаражат бөле бастаған.

«Газет өзін-өзі қаржыландырып қана қоймай, табыс тауып, оның ауқымды бір бөлігін студенттердің шәкіртақысына, жолақысына бөліп отырған. Ол туралы мәліметтің бәрін газет бетінде жариялаған. 1918 жылы Орынбордағы ағайынды Құсайыновтардың баспаханасын «Азамат» серіктестігі сатып алады. Сөйтіп, қазақтардың жеке меншігіндегі алғашқы баспахана газеттің меншігіне өткен. 1918 жылы Орынборды большевиктер басып алып, газет жабылғаннан кейін баспахана тәркіленген. Сол тәркіленген баспаханадан «Ұшқын» газеті шығады. «Ұшқынның» радекциялық алқасының құрамында Ахмет Байтұрсынұлы да болады. Осы жайттарды ескеріп, «Ұшқынды» «Қазақ» газетінің ізбасары деуге болады. Сол «Ұшқын» қазір «Егемен Қазақстан» деген атаумен шығатынын білесіздер», - дейді зерттеуші.

Айналдырған 5 жылдың ішінде (1913-1918 жылдар) алдағы 100 жылдың қамын жасап кеткен «Қазақ» газетінің 265 саны жарық көрген.

Газет алғашында 3 мың таралыммен жарық көреді. Алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлының дерегі бойынша, кейбір сандары ел арасына тіпті 8 мың тиражбен тараған.

Газеттің бір жылға жазылу құны - 3 рубль, жарты жылға – 1 рубль 75 тиын, 3 айға - 1 рубль, жекелеген нөмір бағасы - 5 тиын болды.

Қазіргі теңгемен есептегенде 1913 жылы «Қазақ» газетіне жазылу шамамен (2022 жылғы есеппен):

1 жылға - 10584 теңге;

6 айға – 5 747 теңге;

3 айға – 3 283 теңге;

Газеттің жекелеген бір саны – 164,1 теңге болған.

«Қазақтың» ақырғы бес саны араға айлар салып, әупіріммен жарық көрді. 1918 жылдың аяғында большевиктер газетті жауып тынды.