Қараша - қыстың есігі

Қараша - қыстың есігі
almaty-akshamy.kz

Осы аптаның соңында Қараша айы табиғат сахнасына шығады. Бұл айды қазекең – жамау-жасқау айы деп те атаған. Күз бен қыс аралығындағы өтпелі кезең. Амалы мен атауы көп ай: «Қара күз», «Қаражат», «Қараж» деген атауы, «Қарашаның қайтуы», «Боз қырау», «Қараша», «Кіші қараша», т.б. амалы бар... Мал семіретін мезгіл. Малдың айтарлықтай қоң жинауы олардың қыстан қысылмай шығуына мүмкіндік береді.

Ертеде салық малын осы айда жинаған. Оны халық қараж», «қаражшы» деп (қаражат жинаушы деген мағынада) атапты. Содан осы ай атауы қалыптасса керек. Бұрынғылардың айтуы бойынша: Қарашада қысқа шыдай алмайтын күйі нашар немесе ақсақ-тоқсақ мал сойылып алынады. Күн бұрынғыдан суытады. Қар түсе бастайды. Осы айда құстар көшін оңтүстікке бағыттайды.

Өткен пайымдарымыздың бірінде үш ай күз: алтын күз, жылауық күз, мырза күз, қоңыр күз, қара күз сияқты мезгілдік бөліктерден тұратынын айтқанбыз. Аталған бөліктердің көбісі өтіп, қаракүз қалды. Бұл – күздің соңғы айы.

Аз ғана уақыт бұрын құмырсқалардың жайбарақат тіршілік етіп жатқанын көрдік. Алда жылы да шуақты күндер әлі де бар екеніне осы көрініс куә болғандай. Бұған өткенде айдың алшысынан туғанын қоссақ, қарашаның бел ортасына дейін ауа райының шаруаға жайлы боларына көңілде күмән қалмасы анық. Бұл шуақты күндер жалғаса береді деген сөз емес. Қазір қазанның қара желі амалы да қабаттаса көрініс беруде. Таңертеңгілік және кешкілік мезгілдерде суық жел соғуы, күннің жылуы күрт азаюы осы кезге тән құбылыс.

Қолданыстағы күнтізбе бойынша, бүгін қазанның 28-і. Ай күнтізбесі 13-ті көрсетіп тұр. Қазақша 3 күннен кейін қарашаның – 1-і. Апта айдың басын да, ортасын да, соңын да қамтыпты. Аталмыш мезгілдерде ауа райының аумалы- төкпелі болатынын ескерсек, жауын-шашын болуы өте мүмкін. Бірақ күннің көзі тұмшаланбайды. Есесіне, шуақты сәттер күрт азаяды. Аяқастынан айтарлықтай салқындықтың орын алуы (күздің соңғы айында) заңды да. Қанша дегенмен, қараша қыстың есігі іспетті ай ғой... Ары қарай қара күз... Қысқа дайындық жасаудың дер шағы.