Қаңтар-ақпанда ел экономикасы 4,3 пайызға өсті

Қаңтар-ақпанда ел экономикасы 4,3 пайызға өсті
Сурет: ашық дереккөз

Қаңтар-ақпанда ел экономикасы 4,3 пайызға өсті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Қазақстан экономикасы 2023 жылғы қаңтар-ақпан айларында 4,3 пайызға өсті. Бұл Ұлттық банктің осы жылға белгілеген 3,5-4,5 пайыз деңгейіндегі болжамдарына сәйкес келеді. Нақты сектор 2,7 пайызға, ал қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік 5 пайызға өсті. Биылғы ақпан айында тұтыну тауарларын өндіру көлемі едәуір артты. Құрылыс жұмыстарының құрылымында көп пәтерлі тұрғын үйлерді пайдалануға берудің артқаны байқалады. Ішкі сұраныс – тұрақты. Бұл бөлшек тауар айналымының оң динамикасынан көрініп отыр», - деді Ғалымжан Пірматов.

Оның дерегінше, қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша, бөлшек тауар айналымы нақты мәнде 12,9 пайызға өсті.

«Өткен жылдың төмен базасына қарамастан, автомобиль, электрлік тұрмыс техникасы, азық-түлік өнімдері мен киім-кешек сату да бөлшек тауар айналымының ұлғаюына әсер етті», - деді ол.