Есірткі жасырушылардың жазасы жеңілдей ме?

Есірткі жасырушылардың жазасы жеңілдей ме?
Сурет: интернеттен

ІІМ министрінің айтуынша, жастар құқықтық сауатсыздықтан қылмысқа ұрынады екен.

Қазақстанда есірткі жасырушылардың жазасын жеңілдету қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Мәжілістегі Үкімет сағатында ІІМ басшысы Ержан Сәденов есірткі жасырушылар үшін жазаны жеңілдету жоспары туралы айтты.

Ержан Сәденовтың айтуынша, жастар оңай ақша табамын деп, құқықтық сауатының болмауынан осы қылмысқа тап болып жатыр. Күні бүгінге дейін есірткі жасырумен айналысқан алты кәмелетке толмаған жасөспірім сотталып, тағы 26-сы қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

"Есірткі жасырумен айналысқан жасөспірімдердің жазасын жеңілдету мәселесі қарастырылып жатыр. Егер қылмыс алғаш рет жасалса және тергеу кезінде есірткімен айналысатын нағыз кінәлілерді табуға көмектессе жазасы жеңілдеуі мүмкін. Есірткі зертханаларын ұйымдастыруға жауапкершілікті күшейту бойынша түзетулер әзірленді. Қазір есірткі зертханаларын ұйымдастырғандар мен сатумен айналысқан адамдар тобы аса ірі көлемдегі есірткі үшін 10 жылдан 15 жылға дейінгі жаза қолданылады. Енді дәл осы қылмыс үшін айыпты Қылмыстық Кодекстің 297-бабы 4-бөлігімен 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылады", - деді министр Сәденов.