Дарынды балалар қабілетін дамыту маңызды

Дарынды балалар қабілетін дамыту маңызды
almaty-akshamy.kz

«Almaty aqshamy» газетінің №8-9 санында әлемнің 180 елінің мемлекеттік туын жатқа білетін 6 жасар баланың ҚР Оқу-ағарту министрімен кездескені туралы материал жарияланғанын көзі қарақты оқырмандарымыз жақсы біледі. Сондай-ақ, газетіміздің осы нөмірінде есепті шемішкеше шағатын 4 жасар Исламбек Көпбай жайлы да мақала жарыққа шыққан. Айта берсек, мұндай вундеркинд балалар елімізде жоқ емес, баршылық. Бірақ оларға мемлекет тарапынан қаншалықты қолдау көрсетіліп отыр?

Дарынды балаларды 24 жастан бастап оқыту керек

Осыдан біраз бұрын Қарағандыдағы екі жасар вундеркинд бала туралы ақпарат шықты. Ол ағылшын әліпбиінің 26 әрпін жатқа біліп, компьютерде жаза алады екен. Тіпті жеті айында-ақ сөйлеп, бір жарым жасында кириллицаның күллі әрпін танып, 100-ге дейін санай алған. Міне, осындай замандастарынан озып туған балаларды бізде мектепке қабылдау мәселесі шешілмеген. Ондай арнайы мектептер жоқ. «Білім туралы» заңымызда баланы мектепке алты жастан бастап қабылдау керектігі көрсетілген. Сонда оның өз қатарластарынан озып туғаны үшін кінәлі ме? Неге мұндай балалардың мәселесі бізде тасада қалып қоя береді? Қалай десек те, вундеркиндтерді 2–4 жастан бастап оқыту мәселесін осы бастан қолға алғанымыз дұрыс секілді.

Тәуелсіз еліміздің болашағы – бүгінгі мектеп оқушылары десек, Мемлекет басшысы да балаларға сапалы білім беру керектігін үнемі айтып келеді. Енді оқушылардың білімге деген ынтасын арттыру үшін не істеу керек? Бұл ретте қытай философының мынадай бір жақсы сөзі бар: «Маған жәй айтсаң – ұмытамын, көрсетсең - есімде сақтаймын, ал өзімді іс-әрекетке қатыстырсаң - үйренемін» деген даналығы білім алушының білімге ықыласын арттыруда ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалана отырып, өзіндік ізденіс жүргізуді практикада жүзеге асырудың маңызды екендігін көрсетеді.

Ұстаздар әрдайым ізденіс үстінде болуы тиіс

Сапалы білім негізі – жан-жақты ақпараттық материалдарды, көрнекі құралдар мен ұтымды технологияларды, тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, білім алушыға ешбір кітаптан таба алмайтын білім беру. Өйткені, тек оқулықтағы білімді жеткізуші мұғалімнің құны жоғары болмайды. Оқулықтағыны оқушы өзі оқып алады. Сондықтан бүгін білім берудің сапалы болуы үшін, біріншіден, ұстаздың жан-жақты академиялық білімінің болуы, екіншіден, мұғалімнің өз мамандығына деген шынайы сүйіспеншілігінің және ешқандай дипломмен бірге берілмейтін шығармашылық қабілеті, балаға деген кіршіксіз адамгершілік қасиеттері болуы шарт. Сондай-ақ, мұғалім мен оқушы арасында ортақ тіл табысу болуы қажет. Ұрысқақ мұғалімді ешқандай оқушы ұнатпайды, сосын оның пәніне деген қызығушылығы да төмендейді. Әр баланың зейіні мен білім деңгейі әртүрлі. Сондықтан мұғалім әр балаға жеке көңіл бөлуі керек. Үй тапсырмасын ойын немесе жарыс түрінде сұрап, қызықты етіп өткізгені жөн. Бұдан басқа да әдістерді қолдану үшін ұстаздар әрдайым ізденіс үстінде болуы керек. Егер мұғалім шынайы беріліп жұмыс істесе, дұрыс тәрбие беруге, оқушылардың білімге деген ынталарын оятуға ынта-жігерімен талпынса, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.

Мақсатты түрде жұмыс жүргізген жөн

Қазақта «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген мақал бар. Сол секілді дарынды балалар еліміздің интеллектуалдық элитасын қалыптастыратын ұлттық құндылық болып саналады. Шығармашыл, ұшқыр ойлы және ең бастысы өз білімін іске асыратын тұлға да – дарынды балалар. Баланың дарынды болып дүниеге келуі, оның қабілетін анықтау, талантын жүре дамыта алуы - әлі күнге дейін ғалымдардың қызу талқылауына ие сұрақтардың бірі. Оның үстіне қазір ХХІ ғасыр – білім мен ғылым, ақпарат пен техниканың ғасыры. Соған төтеп беретін, өзге елдерге өзіңді сыйлататын, өз құдіретіңді мойындататын рух пен алапат күш-жігер қажет.

Ғұламалар «Адам баласының бойындағы дарындылық тек бір ғана пайызды құрайды, ал қалғаны оның тәрбиесі мен өзінің өсіп жетілгеніне байланысты» дейді. Бұған қарағанда, адам бойындағы дарындылық қасиет барлық адамда болса керек. Тек білікті ұстаз оқушының осы қасиетін тауып, оны әрі қарай жетілдіру үшін дұрыс бағыт бере білуі керек. Бұл ретте балабақшадан бастап, мектеп, ЖОО-лардағы ұстаздарға дейін дарынды балалардың санын арттыру, шығармашылық білімін жетілдіру төңірегінде мақсатты түрде жұмыс жүргізулері керек.

Мұғалімдер тапшы

Дарынды балалардың сапалық және сандық көрсеткішіне тікелей ұстаздар қауымы зор ықпал етеді. Бірақ өкінішке орай, бізде дарынды балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер тапшы. Өйткені, бізде дарынды балалар тұрмақ, орта білім мекемелерінде кейбір пәндерден дәріс беретін мұғалімдердің өзі жетпейді. Сондықтан орта білім мекемелері дарынды балаларды анықтап, олардың дамуына, талантын шыңдауына қатысты толыққанды жұмыс істей алмайды. Себебі, әр сыныпта 30–35 оқушыдан болса, оның әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істеп, қабілет-дарынын анықтап, соған қатысты олардың дамуына қалай жұмыс істемек? Ол өте қиын. Бұрынғы тәжірибеде жасына қарай жақсы оқитын балалар іріктеліп алынатын. Қазір бұл жүйе барлық мектептерде іске асып отыр деп айта алмаймыз. Әйтпесе, әр сыныпта жоқ дегенде бір-екі оқушының білімі жоғары екендігі, дарыны бар екені бірден білініп тұрады. Егер әр сыныптан осындай біліктілігімен ерекше көзге түскен оқушыларды іріктеп алып, жеке-жеке жұмыс істеп білім берсек, олардың интеллектуалдық деңгейін көтеруге болады. Бұл ретте дарынды шәкіртті талантты ұстаз тәрбиелеуі тиіс. Егер оқушы дарынды болса, мұғалімге екі есе қабілеттілік қажет.

Шетелдік тәжірибе

Ақылы кемел, зерек балалар – мемлекеттің ең үлкен байлығы. «Алтын басты» балалардың мемлекеттің дамуына зор үлес қосатынын білетін дамыған елдер вундеркиндтерге орасан қаражат бөліп отырады. Мәселен, Израильде вундеркинд балалар жабық мектептерде арнайы бағдарлама бойынша оқытылады. Мемлекеттік құпия жататындықтан, ондағы білім беру бағдарламасы туралы ешқандай мағлұмат алу мүмкін емес. Ұлыбританияда да вундеркинд балалар оқитын жабық мектептер бар. Жапония, Англияда да дарынды балаларға білім берудің жүйесі қалыптасып, оған қыруар қаржы бөлінеді. АҚШ-та да зерек балаларды ынталандыру жүйесі құрылып, дарынды балалардың одан әрі өсіп, дамуына барынша жағдайлар жасалынған. Тіпті, көрші Ресейдің өзінде Мәскеудегі Педагогика және психология институтында дарынды балалармен жұмыс істейтін арнайы зертхана ашылған. Аталмыш институт ЖОО болса да, мектеп жасындағы дарынды балаларды қабылдап, жан-жақты білім береді. Соның арқасында онда вундеркиндтерге арналған мектеп ашылып, ерекше қабілетке ие балалардың талантын шыңдауына барынша жағдай жасалған.

Міне, осылайша аталмыш елдер дарынды балаларына ерекше қамқорлық жасап, оларды оқытудың тиімді жүйесін құрып, вундеркинд балалардың еңбегіне лайықты сый-сияпат жасап келеді. Сондықтан да біздің жоғарыда аты аталған елдердің тәжірибесіне зер салуымыз қажет. Қалай десек те, дарынды балалар мәселесі кешенді түрде мемлекеттік деңгейде шешілуі керек.

Бала қабілетін дамыту маңызды

Баланың шығармашылық қабілетін дамытуды ерте бастан қолға алған жөн. Мәселен, тіл үйрену үшін баланың туылған сәтінен бастап сөйлесе бастаймыз немесе музыканттар жанұясында үнемі музыка естіген бала сол өнерге қабілеті ерте ашылып жатады. Осыны баланың басқа қабілеттерін дамытуға неге пайдаланбасқа? Негізі мектеп – болашақ ғалымның, өнертанушының, әртістің, спортшының іргетасын қалайтын жер. Сондықтан оқушыларды мектеп қабырғасынан бастап өнердің немесе техниканың, не болмаса, гуманитарлық мамандықтардың бір саласына, өзінің икеміне қарай бейімдеуіміз қажет. Мәселен, Қытайда қабілетті балаларды жастайынан интернаттарға алып кетіп, біраз жылдан соң әлемді аузына қаратқан спортшы немесе басқа да өнерді жетік меңгерген маман етіп шығарады. Бізге де осындай тәжірибе керек. «Баланы жастан...» деп ата-бабаларымыз тегін айтпаған.

Телеарналар дарынды балалар жұмысын насихаттауы тиіс

Дарынды балаларды анықтап, дамыту үшін республикалық ғылыми-тәжірибелік «Дарын» орталығы жұмыс істеуде. Олардың өз бағдарламалары, жоспарлары бар. Түрлі олимпиадалар мен ғылыми жарыстар өткізеді. Олар дарынды балаларды тауып, талантын шыңдау төңірегінде әлі де жұмыстарын жүйелей түссе екен деген тілек бар. Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы бойынша тек магистранттар мен докторларды ғана шетелге жібермей, дарынды мектеп оқушыларын да дамыған елдердің вундеркиндтерді оқытатын оқу орындарына апарып, халықаралық байланысты жетілдіріп, тәжірибе алмассақ қандай тамаша болар еді. Англия, АҚШ, т.б. елдерде дарынды балалардың мәселесі бұрыннан бір жүйеге келтіріліп қойылған. Неге солардан жақсы тәжірибелерін алмасқа, үйренбеске? Сонымен қатар, телеарналарда қаптаған шоуларды көрсеткеннен гөрі, педагогтардың дарынды балалармен жұмысын насихаттайтын бағдарламалар ашылса жақсы-ақ болар еді. Дарынды балалардың мәселесін мемлекеттік деңгейде кешенді түрде бірігіп шешетін болсақ, онда келешек ел тұтқасын ұстар азаматтарымыздың интелектуалдық ой-өрісі дамып, Қазақ елі 2050 жылы ең дамыған 30 мемлекеттің қатарынан ойып тұрып орын алар еді.

Оқшау ой

Шыны керек, білім және ғылым саласында қағазбастылық өте көп. Бүкіл балабақшадан бастап, мектеп, колледж, ЖОО-лардағы ұстаздар қауымы өзінің негізгі «оқыту, білім беру» міндетінен адасып қалғандай. Күн санап емес, сағат санап келіп жататын қағаздар ұстаздан бала оқытуды емес, тездетіп «1-2 сағатта, әрі кетсе 1-2 күнде» есеп жазуды талап етеді. Күні-түні бітпейтін қағазбастылық мұғалімге шығармашылық ізденуге мүмкіндік бермей отыр. Қазір ХХІ ғасыр. Қалай десек те, біз қағазбастылықтан арылып,  электрондық құжат айналымын дамытуымыз тиіс. Ал ұстаздар қағазға емес, сапалы білім беруге ұмтылулары керек.

«Аlmaty-akshamу», №11-12 (6305) 26 қаңтар, 2023 жыл